Accessibility links

Дауыс беруге келген сайлаушы. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.
Дауыс беруге келген сайлаушы. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Кезектен тыс президент сайлаудың толық хроникасы

Кезектен тыс сайлауға алты кандидат - қазір билікте отырған 69 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев пен көпшілік онша танымайтын бес адам түсіп отыр. Кей сарапшылар мен халықаралық талдаушылар Ақорданың берген уәдесіне қарамастан, сайлау шынайы саяси бәсекесіз өтіп жатыр деп есептейді.

07:28 20.11.2022
981-сайлау учаскесінде дауыс беру барысын қадағалап отырған байқаушылар. Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылы. 20 қараша 2022 жыл.
981-сайлау учаскесінде дауыс беру барысын қадағалап отырған байқаушылар. Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылы. 20 қараша 2022 жыл.

Жексенбі күні таңертең Алматы қаласында "Мұқалмас" тәуелсіз байқаушылар бірлестігінен сайлауды бақыламақ болған Қонай Әбдиевті сайлау учаскесіне жеткізбей полицияға алып кеткен. Бұл туралы Әбдиевтің өзі хабарлады.

"Өзім бақылайтын 336-учаскеге баруға жолға шыққанмын. Алматы-2 вокзалына. Міне, полиция қызметкерлері мені бөлімшеге апара жатыр" деді Қонай Әбдиев.

Оның әйелі Рая Көккөзованың айтуынша, Әбдиевті 20 қараша таңғы сағат 4-тен кете үйінен шыққан кезде полиция қызметкерлері тосып алған.

"Полицейлер оны Алматы-2 аумағындағы сайлау учаскесіне апарып тастаймыз деп алдады. Мен қорқып, бірге шыққанмын. Аялдаманың жанына барған кезде басқа машина ауыстырды. Сөйтіп жолда кетіп бара жатыр едік, "сізді ГРЭС-ке аудандық бөлімшеге апара жатырмыз" деді. Қазір сол жақтамыз. Күтіп отырғаныма көп болды. Әлі шыққан жоқ. Не үшін ұстағанын түсіндірмеді" деді Рая Көккозова таңертеңгі сағат 7-ден кете Азаттық тілшісіне.

Сол бөлімшедегі кезекші қызметкер Азаттықтың "Қонай Әбдиев не үшін бөлімшеге жеткізілді?" деген сұрағына жауап бермеді. "Ондай сұраққа жауап бере алмаймын" деп телефон тұтқасын тастай салды.

Бұған дейін тәуелсіз байқаушылар қысым көріп жатқанын хабарлаған. Олардың бірлестіктері ақпараттық шабуылға ұшырап, байқаушыларды дайындайтын тренинг өткізер кезде ғимарат таппай қиындыққа тап болған. Байқаушылар мұны өз жұмысына кедергі келтіру деп біледі.

Жуырда Қазақстанда байқаушыларды Орталық сайлау комиссиясынан аккредитация алуға міндеттейтін заң күшіне енген. Ол келесі сайлаулардан бастап қолданылмақ.

06:28 20.11.2022

Сайлау қарсаңында аты-жөнін атамауды өтінген жоғары оқу орындары студенттері, мемлекеттік мекемелерде және жеке кәсіпорын, компанияда жұмыс істейтін адамдар басшылық сайлауға дауыс беруді және ол жөнінде дәлел-айғағы бар есеп беруді талап еткенін айтқан. Мекемелер мен кәсіпорындар "ондай бұйрық болған жоқ" деп жоққа шығарған. Дауыс беріп тұрған сәтін суретке түсіргендер өткен сайлаулар мен референдум кезінде де байқалған. Бұл жолы да сайлау учаскелері ашылған соң дауыс беруге келгендердің кейбірі сайлау жәшігіне бюллетень тастаған сәтін суретке түсіріп алды.

06:07 20.11.2022

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлау қарсаңында тәуелсіз байқаушылар да қысым көріп жатқаны жөнінде хабарлаған. Олардың бірлестіктері ақпараттық шабуылға ұшыраған, байқаушыларды дайындайтын тренинг өткізер кезде ғимарат таппай қиналған. Байқаушылар мұны өз жұмысына кедергі келтіру деп бағалады.

06:06 20.11.2022

Сайлау қарсаңында елде ондаған азаматтық белсенді ұсталды, басым бөлігі бұрынғы "заңсыз митингілер" үшін әкімшілік қамауға алынды. 17 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті "сайлау күні жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болған" деген күдікпен жеті адам ұсталғанын мәлімдеді. ҰҚК оларды шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовқа "көңілі ауған" деп сипаттады. Әблязов ҰҚК тұжырымын жоққа шығарып, билік сайлау күні бейбіт қарсылық акциясын өткізуді көздеген оппозиция мен белсенділерді қаралауға талпынып жатыр деп мәлімдеді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG