20 қарашада Алматы, Астана мен Шымкенттегі сайлау учаскелеріне дауыс беруді бірінші болып бастады. ОСК дерегіне сай, осы үш қалада 86 сайлау учаскесі таңертеңгі сағат алтыда ашылды. Бір сағаттан соң өзге сайлау учаскелері де ашылып, дауыс беру жергілікті уақытпен кешкі сағат сегізде аяқталады.
Басқа аймақтардан уақыт айырмасы бар батыс өңірінде дауыс беру Астана уақытымен сағат 21-ге дейін жалғасады.
20 миллион адам тұратын Қазақстанда 12 миллионға жуық азамат дауыс беру құқығына ие.
Орталық сайлау комиссиясы президенттікке алты кандидатты тіркеген: парламенттегі билікті қолдайтын үш партия мен жұртшылыққа онша танымал емес ондаған қоғамдық ұйымды біріктіретін "Халық коалициясының" кандидаты, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев, кәсіби әлеуметтік жұмысшылардың ұлттық альянсы кандидаты Қарақат Әбден, өзін "оппозициямыз" деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Нұрлан Әуесбаев, "Ауыл" партиясы кандидаты Жигули Дайрабаев, "Аманат" кәсіподақтар қауымдастығы ұсынған Мейрам Қажыкен және "Қазақ аналары — дәстүрге жол" ұйымының кандидаты Салтанат Тұрсынбекова.
Бақылаушылар бес кандидатты қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың формалды оппоненттері деп айтады.
Биылғы сайлауда дауыс беру бюллетеніне "Бәріне қарсымын" деген графа жаңадан енгізілді, бірақ бақылаушылар оның сайлауға еш әсері жоқ деп есептейді. Өйткені тіпті дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың жартысынан көбі "Бәріне қарсымын" деп белгі соққан күннің өзінде сайлау жеңімпазын анықтау барысында ол есепке алынбайды. Тоқаев 2021 жылы қаңтарда парламент сайлауы өткеннен кейін сайлау бюлеттеніне "Бәріне қарсымын" графасын енгізуді ұсынған.
Биылғы сайлау кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан кейін он айдан соң өтіп жатыр. Жыл басында елдің батысында сұйылтылған газдың күрт қымбаттауына байланысты наразылық тұтанып, ізінше өзге аймақтарға жайылған, бірқатар аймақта тәртіпсіздік болды. Билік "террористер" шабуылы жөнінде мәлімдеді, "билікті төңкеруге талпыныс жасалғанын" айтты. Дүрбелең болып жатқан кезде Тоқаев "ескертусіз оқ атуға" бұйрық бергенін мәлімдеді, күш құрылымдары қару қолданып, салдарынан наразылыққа қатысы жоқ ондаған бейбіт тұрғын қаза тапты. Билік мыңдаған адам ұстап, жүздеген адам қамауда болған кезде азапталғанын мәлімдеді. Кемінде алты адам азаптаудан мерт болған. Азаптау туралы берген арыз-шағымдар бойынша ашылған істердің көбі кейін жабылған.
ПІКІРЛЕР