Астана уақытымен сағат 10-ға қарай Қазақстанда дауыс беру құқына ие азаматтардың 23,37 пайызы кезектен тыс президент сайлауға бюллетень алды, деп мәлімдеді Орталық сайлау комиссиясы. ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов облыстық сайлау комиссияларынан алынған келесі мәліметтерді жариялады:
- Абай облысы – 25,64 пайыз
- Ақмола облысы – 21,21 пайыз
- Ақтөбе облысы – 26,66 пайыз
- Алматы облысы – 20,12 пайыз
- Атырау облысы – 25,03 пайыз
- Батыс Қазақстан облысы – 20,86 пайыз
- Жамбыл облысы – 23,27 пайыз
- Жетысу облысы – 25,58 пайыз
- Қарағанды облысы – 32,27 пайыз
- Қостанай облысы – 26,97 пайыз
- Қызылорда облысы – 26,41 пайыз
- Маңғыстау облысы – 25,2 пайыз
- Павлодар облысы – 27,9 пайыз
- Солтүстік Қазақстан облысы – 27,33 пайыз
- Түркістан облысы – 27,03 пайыз
- Ұлытау облысы - 27,81 пайыз
- Шығыс Қазақстан облысы – 23,17 пайыз
- Астана қаласы – 13,73 пайыз
- Алматы қаласы – 8,42 пайыз
- Шымкент – 30,92 пайыз.
Сағат ондағы мәлімет бойынша, жалпы 2 млн 792 мың 962 адам бюллетень алған. 12 млн-ға жуық сайлаушы тіркелген Қазақстанда бүгін 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр.
Қазақстан президенті әрі президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев жексенбі күні Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан 59-сайлау учаскесінде дауыс берді. Азаттық редакциясы Тоқаевтың дауыс берген сәтінен хабар әзірлеу үшін тілшілерін осы шараны түсіретін БАҚ өкілдері тізіміне қосуды сұрап, президенттің баспасөз қызметіне алдын ала жазбаша өтініш жолдаған. Бірақ Ақорданың баспасөз қызметі Тоқаев дауыс берген сайлау учаскесінен ақпарат тарататын журналистер тізіміне Азаттық тілшілерін бұл жолы да енгізбеді.
Дауыс бергеннен кейін Тоқаев журналистердің алты сұрағына жауап берген. Ол сайлаудан кейін "үкімет жұмысында қалады, бірақ үкімет пен өзге ведомстволар құрамында, әрине, өзгерістер болады" деп мәлімдеген. Тоқаев жыл аяғына қарай парламент сайлау мерзімі жайлы мәлімдеме жасайтынын, ол сайлауға дейін бірнеше жаңа саяси партия тіркелуі мүмкін екенін айтқан.
"Парламент сайлауға дейін бірнеше партия тиісті талаптарды орындап, тіркеуден өте алады деп санаймын. Бұған біз мүдделіміз. Одан бөлек, парламент жаңа аралас жүйе бойынша сайланатын болады. Сайлау нәтижесінде заң шығарушы органға оппозициялық көзқарастағы адамдар да келеді деп күтемін" деген Тоқаев.
Журналист Динара Егеубаева 20 қарашаға қараған түні үйіне полиция келгенін хабарлады. Оның сөзінше, полиция қызметкерлері оған көлігіне мина қойылғаны жайлы хабар түскенін айтқан. Интернетте жарияланған видеода журналистің үйінің маңында тұрған жеңіл көлікті саперлар тексеріп жатқаны байқалады.
Динара Егеубаева түсініктеме жазғанын хабарлады. Ол бүгін үйіне келгендер бұған дейін қыркүйекте анонимді телефон қоңырауынан кейін бұрын тұрған мекенжайдағы пәтерін тексерген қызметкерлер екенін айтады.
18 қарашада журналист белгісіз біреулер көлігінің әйнек тазалағышын желімдеп, құлпын бұзып, дөңгелегінің желін шығарып кеткенін хабарлаған еді.
ПІКІРЛЕР