Тәтті-дәмді, тамақ түрлері, қат заттар саудасы. Егер сіз Совет одағы тұсындағы сайлауларды көрген болсаңыз, сайлаушыларды дауыс беруге тартудың осындай амалдары есіңізде шығар. Жаппай "дефицит" заманымен қоса Совет одағы да тарих қойнауына кеткенімен, одан қалған әлгіндей әдіс-айланы қолдануды жөн санайтындар әлі де бар сияқты. Сайлау күні дауыс беретін жерге ет, жұмыртқа, т.б. тұтыну заттарын әкеліп, сауда ұйымдастыру азаматтардың дауыс беруге ықыласын оята ала ма? Оның жауабын осындай шараны ұйымдастырушылар білмесе, басқа ешкім дөп басып айта алмайды.
Азаттық тілшілері сайлау күні түсірген суреттер:
Теміртаудағы 316-сайлау учаскесінде бір адам сайлау жәшігіне кемінде екі бюллетень тастап, сайлау учаскесінен шығып кетті. Оған куә болған Азаттық бұл жайтқа комиссия мүшелері мен байқаушылардың назарын аудармақ болды. Бірнеше байқаушы "ештеңе көрмегенін" айтты. Тек тілші бірден артық бюллетень тастау заңға қайшы екенін ескерткен соң байқаушылардың бірі әлгіндей оқиға болғанын растады. Сайлау комиссиясындағылар бір адамға екі бюллетень "қателесіп берілген болуы мүмкін" деді.
Көп ұзамай сайлау учаскесіне сайлау барысын бақылайтын және мониторинг жүргізетін республикалық комиссия өкілдері барды.
"Еркіндік қанаты" бірлестігі 20 қарашада байқаушылары кейбір сайлау учаскелеріне кіре алмағанын, оларға ақпарат беруден бас тартқанын, астанада бір байқаушыны сайлау учаскесінен шығарып жібергенін хабарлады.
Тәулесіз байқаушылар бірлестігі өздеріне сайлауға дейін де қысым жасалғанын мәлімдеген. Олар ақпараттық шабуылға тап болғанын, байқаушыларды жаттықтыратын орынды жалға алмақ болғанда қиындыққа және басқа да кедергілерге кезіккенін айтып, мұны өздерінің жұмысына тосқауыл қою және қысым көрсету деп атаған.
Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы 316-сайлау учаскесіндегі комиссия мүшесі Азаттық тілшісін сайлау учаскесіне кіргізбеуге тырысты. Әуелі журналистің фото мен видеоға түсіруіне тыйым салмақ болды. Кейін қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Шевченко телефон арқылы "журналиске сайлау учаскесіне кіруге болмайды, учаскенің сырт жағынан ғана" бақылай алады деді.
ПІКІРЛЕР