Accessibility links

Қазақстанның "қара тізімі" және Мәскеудің "қас-қабағы"


Қазақстанның Ресеймен шекарасындағы бекет. Батыс Қазақстан облысы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.
Қазақстанның Ресеймен шекарасындағы бекет. Батыс Қазақстан облысы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.

Сыртқы істер министрлігі жақында ел жайлы агрессив риторика мен жағымсыз мәлімдеме айтқаны үшін Қазақстанға кіруге тыйым салынған тұлғалардың тізімі барын растады. Үкімет тізімде кімдер барын айтпайды. Неліктен?

ҚАРА ТІЗІМГЕ КІМДЕР КІРУІ МҮМКІН?

"Қазақстандағы бүкіл ғалымды Ресей империясы тәрбиеледі. Империя 40 қала мен мыңдаған мектеп салып берді". Ресейлік эндокринолог дәрігер, блогер Илья Магеряның әлеуметтік желідегі осы мәлімдемесі дауға ұласты. Оқырманның "империалиссіз", "Қазақстанға қажетіңіз жоқ" деген уәжіне блогер "ахуалды ушықтыратын сіз сияқтылардың кесірінен біз соғысқа барамыз" деп жауап қатты.

Ресей саясаткерлері, журналистері мен блогерлерінің Қазақстанды соғыспен қорқытып, доқ көрсетуі таңсық болудан қалған. Кейінгі жылдары ресейлік танымал тұлғалардың елдің аумақтық тұтастығы мен мемлекеттігіне қол сұққан мәлімдемелері жиіледі. Сыртқы істер министрілігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, мұндай мәлімдемелер назардан тыс қалмайды, ел туралы жағымсыз пікір айтқан шетел азаматтарының тізімі жасалып жатыр. Дегенмен Қазақстан жұртын соғыспен қорқытқан Магеряның бұл тізімге енгізілетіні-енгізілмейтіні белгісіз. Себебі министрліктің ішкі тізіміне кімдер кіргені және олардың саны жарияланбайды.

Бұған дейін Қазақстанға қарата қоқан-лоқы сипатында мәлімдеме жасаған Ресейдің бірді-екілі танымал тұлғасы елдегі үлкен резонанстан соң, Қазақстанға кіруге тыйым салынғандардың тізіміне қосылғаны хабарланған. Олардың бірі − "Украинаның күні Қазақстанға да тууы мүмкін" деп зілденіп сөйлеген Ресей пропагандисі Тегран Кеосаян.

Ресейлік пропагандистер Тигран Кеосаян (оң жақта) және оның әйелі, Ресейдің RT мемлекеттік телерадиокомпаниясы бас редакторы Маргарита Симонян.
Ресейлік пропагандистер Тигран Кеосаян (оң жақта) және оның әйелі, Ресейдің RT мемлекеттік телерадиокомпаниясы бас редакторы Маргарита Симонян.

Былтыр Қазақстан Жеңіс күніне парад өткізуден бас тартқанда, Кеосаян Youtube желісіндегі бағдарламалардың бірінде жауапты тұлғаларды "Қазақстанмен қарым-қатынасты қайта қарауға" шақырған. Кейін сыртқы істер министрлігі Кеосаянды Қазақстанға келуге тыйым салынғандар тізіміне қосқанын хабарлады.

Қазақстан Ресей мемлекеттік думасының депутаты Константин Затулинді шекарадан өткізбей, кері қайтарса, бұл Ресей саясаткерін елге кіргізбеудің алғашқы оқиғасы болар еді. Қазақстанның аумақтық тұтастығына қол сұғатын мәлімдеме жасаған Константин Затулин биыл мамырда елге келгенде төлқұжат бақылауынан өте алмай қалып, тек Ресей сыртқы істер министрлігі араласқан соң ғана шекарадан өткен.

Ресей мемлекеттік думасының депутаты, Мәскеудегі ТМД елдері институтының директоры Константин Затулин.
Ресей мемлекеттік думасының депутаты, Мәскеудегі ТМД елдері институтының директоры Константин Затулин.

Затулин былтыр маусымда "Олар (Қазақстан) орыстар көп тұратын бірқатар аймақ пен елдімекендердің Қазақстан деп аталатын елге қатысы аз екенін жақсы біледі" деген. Оның бұл сөзіне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербург экономикалық форумында Украинаның шығысындағы өзін өзі жариялап алған "ДХР" мен "ЛХР" құрылымдарын мойындамайтыны жайлы мәлімдемесі ілік болды. Ал былтыр қыркүйекте Затулин Қазақстан "тайғанақ жолға түсті, мұнысы Ресей тарапынан реакциясыз қалмайды" деп мәлімдеген.

Затулин басқаратын ТМД елдері институты өз сайтында Қазақстан жайлы даулы мәлімдемелер жасап, "талдау жасайтын" сарапшылар пікірін жиі беріп тұрады. Институт былтыр жазда Ресейдің "таяу шетелде" тұратын "отандастары", оның ішінде Қазақстанда тұратын орыстар мен орыс тілінде сөйлейтін азаматтар арасында сауалнама дайындап, "Қазақстанның орыс тілінде сөйлейтін тұрғындары кемсіту көріп жатқан жоқ па?" деген сипатта сұрақтар қойған.

Затулиннің елге Ресей сыртқы істер министрлігінің көмегімен кіргеніне Қазақстан сыртқы істер министрлігі түсініктеме бермеді. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров "бұл мәселе министрлік құзырына жатпайды" деп мәлімдеген.

ТІЗІМДЕГІ ЕРІКТІ ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ЫҚПАЛЫ

Сыртқы істер министрлігі қара тізімдегі тұлғалардың тізімін жария етпейді. Бірақ елге кіруге тыйым салынған кемі бір шетелдіктің оқиғасы белгілі. Бұл адам елдің аумақтық тұтастығы жайлы даулы мәлімдеме жасамаған, егемендікке қол сұғатындай сөз айтпаған. Ұлты орыс америкалық зерттеуші Евгений Бунин 2021 жылы қыркүйекте Қазақстанға кіре алмады. Бішкекте бір ай болған ерікті Алматыға қайтып келгенде кеден қызметі оны шекарадан өткізбей, Қырғызстанға депортациялады, Қазақстанға кіруге бес жылға тыйым салды.

Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынаған Евгений Бунинді Қазақстанға кіргізбеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:06 0:00

Бунин − Шыңжаңда қуғын-сүргін көрген аз ұлттар өкілдерінің деректерін мәліметтер базасына жинақтап жүрген зерттеуші. Өз айтуынша, 2018 жылы Қытайдың Қашқар қаласынан кетуге мәжбүр болған. Содан кейін ол Қазақстанға келіп, Шыңжаңдағы қуғын-сүргін мәселесін көтерген "Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымына көмектесіп, Шыңжаңда жәбір көрген қандастардың сөзін ағылшын тіліне аударумен айналысты.

2019 жылы сәуірде Бунин Қытай лагерлерінде отырып шығып, денсаулығынан айырылғандарға ем алуға қажет қаржыны краудфандинг жолымен жинау туралы бастама көтерді. Бунин мен құқық қорғаушылар Қытай лагерінен зардап шеккендердің еміне және медициналық жабдыққа ақша жинап берген.

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті 2021 жылы Бунинді елге кіргізбеу туралы мәлімет жария етуге жатпайтын ақпарат екеніне сілтеп, себебін түсіндірмеді. Зерттеуші Азаттыққа берген сұхбатында мұны өзінің ерікті ретіндегі қызметімен байланыстырды.

"Менің іс-әрекетім Қытайға ұнамайды. Қазақстан өз аумағында бұл тақырыпты (Шыңжаңдағы аз ұлттарды қудалауды – ред.) белсенді көтеретін адамдардың жүргенін қаламайды. Бәлкім, [елге кіргізбеуді] Қытай сұрады немесе ҰҚК бұл проблемадан өзі құтылғысы келді" дейді Бунин.

Қытай үкіметінің Шыңжаңдағы вз ұлттарға қысымы туралы деректер базасын түзумен айналысып жүрген америкалық зерттеуші Евгений Бунин.
Қытай үкіметінің Шыңжаңдағы вз ұлттарға қысымы туралы деректер базасын түзумен айналысып жүрген америкалық зерттеуші Евгений Бунин.

Қазақстанға кіргенде шекарадан емін-еркін өтіп, көп ұзамай елден депортацияланған немесе миграция ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылған шетел журналистері мен құқық қорғаушылар баршылық.

2018 жылы қыркүйекте Оралға "Уральская неделя" газеті ұйымдастырған "Журналистика мектебі" шарасына қатысуға келген украиналық журналист Александр Гороховскийді Орал қаласының әкімшілік соты миграция заңын бұзғаны үшін айыпты деп танып, 42 мың теңге айыппұл салды.

Көші-қон полициясының қызметкерлері Украинадан келген журналист Александр Гороховскийге (сол жақта) хаттама толтырып жатыр. Орал, 15 қыркүйек, 2018 жыл.
Көші-қон полициясының қызметкерлері Украинадан келген журналист Александр Гороховскийге (сол жақта) хаттама толтырып жатыр. Орал, 15 қыркүйек, 2018 жыл.

Фактчекпен айналысатын Гороховский сотқа "Уральская неделя" басылымының шақыртуымен тәжірибе алмасуға келгенін, шара кездесу форматында өтіп, қаржылай марапат көзделмегенін айтты. Дегенмен әкімшілік сот оны шетелдіктердің еңбек әрекеті туралы заңды бұзды деп таныды. "Уральская неделя" басылымының сол кездегі редакторы Лұқпан Ахмедияров мұны басылымға жасалған қысым деп бағалаған.

2019 жылы ақпанда Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясы атынан Қазақстанға мониторинг жасауға келген құқық қорғаушылар, Украина азаматтары Людмила Волошина мен Валерий Явтушенконы Қазақстан Киевке депортациялаған. Ресми себеп − Қазақстанға жеке сапармен келген Волошина мен Явтушенконың "сапарға қатысы жоқ іспен айналысқаны анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, іс сотқа жіберілді.

"ПЕРСОНА НОН-ГРАТА ТІЗІМІ САЯСИ ҚЫСЫМ ЖАСАУ ҚҰРАЛЫ БОЛА АЛМАДЫ"

Экс-дипломат Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, елге кіруге тыйым салынған қара тізімге ел туралы жағымсыз пікір айтқандар мен террористер кіргізіледі.

"Мұндай қара тізім әр мемлекетте бар. Бұл тізімдегілерге виза берілмейді. [Виза керек болмаған жағдайда] әуежайдан кіргізілмейді. Себебін түсіндірмейді.Тізімнің жарияланбауы – қалыпты нәрсе" дейді Қазбек Бейсебаев.

Кей елдер қара тізімге енген тұлғалар тізімін жария етсе, енді бірі бұл ақпараттың шектеулі сипатына сілтеп, мүлде жарияламайды.

АҚШ-тың қаржы министрлігі шетел активтерін бақылау басқармасының "ерекше категориядағы және бұғатталған адамдар тізіміне" (Specially Designated Nationals and Blocked Persons) террористер, қылмыскерлер, авторитар елдердің лауазымды тұлғалары, АҚШ-тың ұлттық және эконоикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін компаниялар, ұйымдар мен жеке тұлғалар кіреді. АҚШ азаматтары мен компанияларына тізімге енген тұлғалармен жұмыс істеуге болмайды, бұл заңды бұзса, өзіне де санкция салынуы мүмкін.

Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігі қаржы, сауда, көлік және иммиграция санкцияларына ілінген және елге кіруге тыйым салынған жеке және заңды тұлғалар тізімін ашық жариялайды.

Литва парламенттегі пікірталастан кейін 2015 жылы персона нон-грата тізімін жариялау туралы шешім қабылдады. Қазір жүздеген адамнан тұратын тізім Латвияның миграция департаменті сайтында жарияланған.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің ойынша, Қазақстанда елге кіруге тыйым салынған тұлғалар тізімінің жабық болуы авторитар режимнің Кремльге тәуелділігін көрсетеді. Бір жағынан Ресей мемлекеттік думасының депутаты Затулиннің бастапқыда шекарадан өте алмай, ақыры елге кіре алуы тізімнің жабық болуына әсер етті.

"Бұл оқиғадан көретініміз, персона нон грата тізімін жариялау, өкінішке қарай, билік үшін басқа елдердің азаматтарына саяси қысым жасау құралы бола алмай отыр" дейді Нұрсейітов.

Сарапшы мұндай тізімді ашық жарияламаудың себебі Затулин тәрізді оқиғаларды жабу үшін ғана емес, "Мәскеудің қас-қабағына қарау" деп бағалауға болады деген пікірде.

"Кейінгі айдың ішінде [президент] Тоқаев Батысқа бірнеше рет ресми сапармен барып қайтты. Жақында Путиннің туған күніне Мәскеуге барды, Ресей газын Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасының ашылуына қатысты. Осындай жобалар мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Еуразия экономика одағына мүше екенімізді ескерсек, Қазақстан Ресей азаматтарына Қазақстанға келуге тыйым сала алмайды деп айтуға болады" дейді Нұрсейітов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG