Accessibility links

"Сіздерді кемсіткен жоқ па?" Ресей институты Қазақстандағы "отандастарына" сұрақ қойып жатыр


Георгий лентасын таққан адамға көк түсті лента ұсынып тұрған жігіт. Алматы, 9 мамыр 2022 жыл.
Георгий лентасын таққан адамға көк түсті лента ұсынып тұрған жігіт. Алматы, 9 мамыр 2022 жыл.

Қазақстанның орыс тілінде сөйлейтін тұрғындары кемсітіліп жатқан жоқ па? "ТМД елдері институты" "Ресейдің отандастарына" осындай сұрақтар қоя бастаған. Мәскеуде орналасқан ұйым ТМД-дағы орыс тілді азаматтарға сауалнама дайындаған. Сарапшылар Ресейдің постсоветтік елдерде мұндай сауалнама жүргізгені "қауіпті белгі" деп бағалайды.

Постсоветтік кеңістікті зерттеумен айналысатын ТМД елдерінің институты Ресейдің "таяу шетелде" тұратын "отандастарына" сауалнама дайындаған.

Әлеуметтік желіде Молдова, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және мойындалмаған Днестр жағалауындағы (Молдованың Ресейге арқа сүйеп отырған сепаратистік өңірі) орыстар мен орыс тілінде сөйлейтін азаматтарға сауалнама тарап жатыр. Бұл сауалнаманы неге дәл қазір жүргізіп отыр? Астарында не бар?

ҚАЗАҚТАРМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЖӘНЕ КЕМСІТУ ТУРАЛЫ СҰРАҚТАР

Facebook-тың Қазақстан сегментінде бұл сауалнамаға алғаш назар аударғандардың бірі – Қазақстан азаматы Татьяна Фоминова болды. Оған сауалнамадағы кей сұрақтар ұнамаған. Сонда да ол бұл жобаға наразылық білдіріп, зерттеу нәтижесі бұрмаланған күннің өзінде тарих пен мұрағатта "қазақстандықтарға көрші мемлекеттің "көмегі" қажет емес, тәуелсіз Қазақстан ісіне Ресейдің араласқанына қарсымыз" деген пікір қалдыру мақсатында қатысқан.

– Өзімді Ресеймен емес, Қазақстанмен байланыстырамын. Отанымды жақсы көремін. Иә, әлі реттеуді қажет ететін дүниелер көп, үкіметке де біраз сұрағым бар, бірақ бұл біздің ішкі мәселеміз, оны өзіміз шешіп аламыз. Кей жерде құқықтарымыз бұзылса, бұған орыстар мен орыс тілінде сөйлейтіндердің емес, қазақстандықтардың құқықтарының бұзылғаны деп қарау керек. Мемлекет тарапынан бұрын-соңды ұлттыма байланысты қысым көрген емеспін, – дейді Татьяна Фоминова.

Ресейдің қазіргі риторикасына үйренбеген қазақстандықтарға сауалнамадағы кей сұрақтар арандату боп көрінген. Респонденттерден жиі сұралатын жасы, ұлты, жұмысы, отбасылық жағдайы сияқты жалпылама ақпараттан бөлек, сауалнамада "Әулетіңіз Қазақстанда қанша жылдан бері тұрады?", "Қазақтармен қарым-қатынасыңыз қалай?”, “Қазақстандағы өміріңізге көңіліңіз тола ма?”, “Ұлттық және тілдік сипатыңызға байланысты кемсітілген кездеріңіз болды ма?”деген сұрақтар қамтылған.

Әсіресе, мына сұрақтар оқыған адамды біраз ойға қалдырады: "Ресейдің Қазақстанда тұратын отандастарына өзін толыққанды азамат сезіну үшін не істеу керек?", "Қазақстанда тұратын орыс тілді азаматтардың құқығын қорғауда қай әдіс тиімді деп ойлайсыз?", "Қазақстан билігі орыстілді азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру үшін қосымша заң немесе шешім қабылдауы керек пе?".

Соңғы сұраққа берілген жауап нұсқалар арасында "Мемлекет орыс тілді халық үшін Ресеймен қос азаматтық туралы келісім жасауы керек" деген жауап бар. Ал Қазақстанда қос азаматтыққа тыйым салынған.

Екіұшты ойға жетелейтін тағы бір сұрақ – "Ресей отандастарының қатарында екеніңіз сізге қандай сезім сыйлайды?". Оған "Мақтаныш сезімі", "Сенімділік", "Ешқандай сезім сыйламайды", "Реніш, уайым", "Басқа жауап" деген нұсқалар берілген.

Орталық Азияның басқа елдері мен Молдовадағы сауалнамалар да дәл осы мазмұнда жасалған: тек "қазақ", "Қазақстан" деген сөздер ғана ауысқан.

Ресей заңнамасындағы "отандас" ұғымына постсоветтік кеңістік тұрғындарының бәрі кіреді. Ресей Федерациясының жерінде ежелден өмір сүріп келе жатқан халық өкілі саналатын, қазір басқа мемлекеттерде тұратын, Ресеймен ерікті түрде рухани, мәдени және құқықтық байланыста болуды таңдаған, туыстары Ресей Федерациясында туып-өскен тұлғалар мен олардың ұрпақтары "Ресей отандастары" деп саналады.

Бұрын СССР азаматы болған, қазір постсоветтік мемлекеттің азаматтығын алған немесе азаматтығы жоқ тұлға деп танылған; "Ресей мемлекеті, РСФСР, СССР және Ресей Федерациясында" тұрып, осы елдің азаматы болған, қазір басқа мемлекеттің азаматтығын алған немесе азаматтығы жоқ тұлға деп танылған адамдар да осы санатқа жатады ("Ресей Федерациясының шетелдегі отандастарына қатысты саясаты туралы" федералды заңы).

ТМД елдері институты директорының орынбасары Александра Докучаева Азаттық тілшісіне телефон арқылы берген жауабында ТМД азаматтарының арасында мұндай сауалнамалар бұрын да (2014, 2017 жылдары) жүргізілгенін айтты. "Бұл біреуге қарсы жасалған әрекет емес, сауалнаманың ешқандай астары жоқ", – деді Докучаева.

– Бұл анонимді сауалнама. Сұрақта көрсетілген жасы, жынысы деген жалпылама деректерден басқа жеке ақпарат алмаймыз. Яғни, белгілі бір тұлғаға байланбаған деректер ғана. Қазіргідей қиын шақта отандастарымыздың қандай күйде екенін білгіміз келді. Сауалнама жүргізілген елдерде бәрі жақсы болса, көршілеріміз бен отандастарымыз үшін тек қуанамыз. Ал сауалнама нәтижесінде Ресейге қатысты талаптар айтылса, бұл мәселелерді қалай шешуге болатынын ойланып көреміз. Отандастарымыз тұрып жатқан мемлекетіне қарсы шағым айтса, бұл мәселені де дипломатиялық жолмен шешуге тырысамыз. Өйткені Ресей өзінің ішкі тұрақтылығына ғана мүдделі емес, постсоветтік елдерде де бәрі жақсы болғанын қалайды. Шешуді қажет ететін мәселе көп, Ресей Федерациясына жаңа қиындықтар қажет емес. Сондықтан мұны ескерту, керегі жоқ шиеленістің алдын-алу шарасы деп бағалауға болады, – дейді Докучаева.

Сауалнаманың анонимділігі де күмән туғызады: оны толтыру үшін google-аккаунтқа кіру керек. Мұндай жағдайда сауалнама толтыру үшін жалған деректер жазып, жаңа пошта ашпаса, аноним боп қалу қиын.

ПУТИНДІ "БЕЙБІТ ӨМІР СҮЙГІШ НӨМІРІ БІРІНШІ АДАМ" ДЕП БАҒАЛАЙТЫН ИНСТИТУТ

Сауалнаманы дайындаған ТМД елдерінің институты 1996 жылы құрылған. Мекеменің ресми сайтында институттың негізгі міндеті постсоветтік кеңістікті зерттеу, Ресей Федерациясының таяу шетелдегі сыртқы саяси қызметіне ғылыми-сараптамалық, қоғамдық-саяси қолдау көрсету, бұрынғы СССР аумағындағы этноәлеуметтік және әскери-саяси кикілжіңдерге мониторинг жүргізу және оларды шешу, алдын-алу бойынша ұсыныстар дайындау деп көрсетілген.

Институт сайтындағы материалдарға қарағанда, "ғылыми мекеме" Ресейдің Украинадағы "арнаулы әскери операциясын" қолдайтын сияқты. Ресей билігі өзінің көрші мемлекетке басып кіргенін "соғыс" деп атауға тыйым салған.

Сайтқа жақында шыққан материалдар арасында "Киев орыстардың қолына өтпесе, бейбітшіліктің қажеті қанша?" деген мақала бар. Онда ТМД елдері институтында өткен "дөңгелек үстел" туралы айтылады. Қатысушылар "Киевке мемлекеттіліктің керегі жоқ, Украина аумағы – Ресейдің жері" деген пікір айтқан. Бұл мақаланы ғылыми немесе соған жақын материал деп атау қиын. Материалды институттың Орыс шіркеуімен байланыс бөлімін басқаратын Кирилл Фролов жазған. Бірақ мақалада автордың ойы үшінші жақтан берілген:

Кирилл Фролов "Русьті шоқындыру мейрамына (День Крещения Руси) орай, "Әуе қорғаныс күштерін қазіргі түйісу сызығында тоқтату Ресейге жеңіліс әкеледі, Харьковтен Одессаға дейін Слабожанщина мен Новороссияны азат ету керек, ал Орыс шіркеуінің, мемлекеттілік пен мәдениеттің талбесігі – Киевті босату – православ христианының, ең әуелі, елдегі бейбіт өмір сүйгіш нөмірі бірінші адам Владимир Путиннің ізгі ниетінің көрінісі, өйткені Шіркеу Киевті азат етуді талап етеді" деген.

ТМД елдері институтының негізін қалап, мекемені ашылған күннен бері басқарып келе жатқан Константин Затулин – Мемлекеттік думасының депутаты. Жақында Мемлекеттік думада "Ресей Федерациясының шетелдегі отандастарына байланысты мемлекеттік саясаты туралы" заң жобасының жаңа нұсқасы ұсынылды. Онда "Ресей отандастары" ұғымының аясы кеңейген. Заң қабылданса, туыстары Ресейде туып-өскен азаматтармен қатар, “Ресейдің мәдени болмысын” сақтап, орыс тілін білетін адамдар да “отандастар” қатарына қосылады.

Мемлекеттік дума депутаты Константин Затулин, ТМД елдері институтының директоры.
Мемлекеттік дума депутаты Константин Затулин, ТМД елдері институтының директоры.

Затулин Қасым-Жомарт Тоқаевтың маусымда Петербургте өткен халықаралық экономикалық форумда “Қазақстан Оңтүстік Осетия, Абхазия, "ДХР", "ЛХР" сияқты квази мемлекеттік құрылымдардың тәуелсіздігін мойындамайды” деген мәлімдемесіне реакция білдіргенімен есте қалған.

Ол мәлімдеме жасалған күннің ертеңіне "Говорит Москва" радиостанциясының эфирінде "Тоқаевтың әрекеті дұрыс емес" деген пікір айтып, "Ресей мен Қазақстанның арасы бұзылса, бір кездері Украинамен болған сценарий қайталанып, көршімізге аумақтық талаптар пайда болуы мүмкін" деген.

"Олар орыс тілді халық саны басым бірнеше облыс пен елдімекеннің Қазақстанға қатысы жоғын жақсы біледі. Барлық жерде "Арамызда достық, әріптестік және серіктестік байланыстар болса, аумақтық мәселе көтерілмейді. Олай болмаса, бәрі де мүмкін" дегенді қайталап келеміз. Сондықтан Қазақстандағы осы және өзге де жағдайларға назар аудару керек деп есептеймін", – деді Затулин.

"Новая газета. Европа" басылымы бас редакторының орынбасары, Қазақстан-Ресей қарым-қатынасын зерттеп жүрген журналист, қазақстандық Вячеслав Половинко ТМД елдерінің институтына байланысты көп дау болғанын, әсіресе, ұйымның Украинада "Ресей мүддесін қорғаумен" айналысқанын айтады.

– Украинадағы жағдайды ескерсек, мұндай сауалнамалар күмән туғызады. Институт неге аяқ астынан қоғамдық пікірді зерттей қалды? Бұл сауалнама бірінші кезекте Қазақстандағы және басқа да мемлекеттердегі орыстар мен орыс тілді азаматтардың пікірін жинау үшін ұйымдастырылып отыр. Дәл қазір мұндай пікір жинауға не себеп? Институттың әрекетін түсіндіретін объективті мотив жоқ. Бір ғана ойым бар: осының бәрі постсоветтік мемлекеттерде орыстарға қысым көрсетіп, орыс тілін қорлап жатыр деген мәлімет (көрсетілген ақпарат релевантты болмауы да мүмкін) беру үшін ұйымдастырылған сияқты. Оларға әлеуметтік желі арқылы жиналған пікір де жетеді. Институтқа объективті картинаның қажеті жоқ. Олар сауалнама қорытындысын "орыстарға қысым көрсетіп жатыр" деген жауапқа сай етіп дайындауы мүмкін. Сондықтан мұндай сауалнаманың жүргізілуі – қауіпті белгі, – дейді Половинко.

"САУАЛНАМА 24 АҚПАНҒА ДЕЙІН ЖҮРГІЗІЛСЕ ЕШКІМ БАЙҚАМАС ЕДІ"

Азаттықтың өтінішімен PaperLab зерттеу тобының сарапшысы, қазақстандық әлеуметтанушы Серік Бейсембаев ТМД елдерінің институты дайындаған сауалнамамен танысып, "бәрі контекстке байланысты, әлеуметтік зерттеу 24 ақпанға (Ресей әскері Украинаға басып кірген күн. — Ред.) дейін жүргізілсе, оны ешкім байқамас та еді" деген қорытындыға келген. "Бірақ Ресей Украинаға қарсы соғысып, Мәскеудегі жоғары шенді тұлғалар империялық мәлімдемелер жасап жатқан тұста бұл сауалнама еш зияны жоқ қағаз болып көрінбейді", – дейді сарапшы.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.

– Респонденттерге СССР азаматтары мен олардың ұрпақтары түгел "Ресей отандастары" қатарына жатады деп түсіндіріліп жатыр. Сауалнама қатысушыларында "осындай анықтамамен келісесіз бе?" деген таңдау болуы керек. Мұндай таңдау жоқтығы зерттеу этикасына қайшы келеді және сауалнаманың қоғамдық пікірді зерттеу үшін емес, азаматтарға белгілі бір ой қалыптастыру үшін ұйымдастырылғанын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, 24-сұрақ мүлде қисынсыз. "Ресей отандастарының қатарында болу сізге қандай сезім сыйлайды?" деген сұрақта "Өзімді Ресей отандастарының қатарына жатқызбаймын" деген жауап нұсқасы жоқ.

Оның жанында "Ұлттық немесе тілдік сипатыңызға қарай кемсітілдіңіз бе?" деген сұрақ салыстырмалы түрде дұрыстау көрінеді. Біздің әлеуметтанушылар да ұлтаралық қатынастарды зерттегенде осындай сұрақ қояды. Бастысы, нұсқалардың ішінде "кемсітілген жоқпын" деген жауап бар.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов ТМД елдері институты жүргізген интернет-сауалнаманың әлеуметтік құндылығы жоқ, бірақ оны саяси мақсатта пайдалануға мүмкіндік береді деп есептейді.

– Ресей билігінің ақпараттық шабуылдары мен Ресей ақпарат құралдарының Қазақстанда орыстар қысым көріп жатыр деген тақырыпты көтеруге тырысқанын ескерсек, Путин режимінің көрші мемлекеттердегі халық арасына жік салуға тырысып жатқанын байқауға болады. Ресей Украинада да дәл осындай сценарий бойынша әрекет етті. Тіпті, Ресейді жақтайтын саяси партиялар құрған. Қазір Ресей не саяси, не экономикалық тұрғыдан табысты мемлекет саналмайды. Экономикалық болашағы бұлыңғыр болғандықтан, интеграциялық жобаларға да қызығушылық азайған. Мұндай жағдайда Кремльге бұрынғы СССР елдеріне ықпал етудің бөліп алу, жік салу, "қысым көріп жатқан отандастар" тақырыбын көтеруден басқа жол жоқ, – дейді саясаттанушы.

Димаш Әлжанов Қазақстанның тағы бір осал тұсын атап өтті. Сарапшы Қазақстан "елдік тұтастық әлсіз" деп қынжылады.

– Қазақстанда да билікті заңсыз басып алған, саяси кепіл ретінде Ресейге арқа сүйеп отырған режим бар. Бұл режим билігін сақтап қалу үшін Ресеймен интеграциялық және саяси одақ құрып, елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндірді. Қазақстан қазір Ресейдің ақпараттық кеңістігінде отыр, сондықтан Кремльдің біздің қоғамды бөлу саясаты оң нәтиже беруі мүмкін. Қазақстанды демократиялы мемлекетке айналдырып, мемлекет қоғамға қызмет ететін деңгейге жетпейінше, Ресейдің ықпалына қарсы тұру қиын болады,- дейді ол.

Кейінгі жылдары Ресей саяси тұлғалары мен қоғам қайраткерлері Қазақстанға қарсы мәлімдемелер жасап, көпшіліктің наразылығын туғызып жүр. Мысалы, 2020 жылы желтоқсанда "Единая Россия" партиясының депутаты Вячеслав Никонов "Бірінші арна" эфирінде Қазақстан аумағын "Ресей мен Совет одағының үлкен сыйлығы" деп атап, Солтүстік Қазақстан "бос жатқан өңір болғанын, онда ешкім тұрмағанын" айтқан.

2021 жылы қарашада Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Российская газета" басылымында Қазақстанда орыс тілді азаматтарға ксенофобия бар деп мәлімдеген.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Қазақстанға шүйлігушілер көбейді. Сәуірде Ресей пропагандисі Тигран Кеосаян youTube-арнасында Қазақстан билігінің 9 мамырда әскери шеру өткізуден бас тартқанын (Қорғаныс министрлігі қаржыны үнемдеу үшін осындай шешімге келгенін айтқан) сынаған. Ресей Екінші дүниежүзілік соғыста нацистерді жеңген күнді салтанатты түрде атап өтіп, соғыста құрбан болған миллиондаған адамды еске алып, жаңа әскери техникасын көрсетеді.

"Қазақ бауырлар, бұларың не? Алғыс қайда? Ресей жойылып кетеді деп ойладыңдар ма? Марсқа көшіп жатыр ма? Әлде, сендер көшіп кетесіңдер ме? Ресей федерациясының азаматы Тигран Эдмондович Кеосаян ретінде өз пікірімді айтып отырмын. Украинаға қарап, жақсылап ойланыңдар. Әрі қарай да қазіргідей қулыққа басып жүре береміз, бізге ештеңе болмайды деп ойласаңдар, қателесесіңдер", — деген Кеосаян.

Кеосаянның сөзі қазақстандықтардың ашу-ызасын туғызды. Қазақстан билігі пропагандиске "елге кіріп-шығуға тыйым салды".

Қазақстанға қарсы ең атышулы мәлімдеме Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведевтің ВКонтакте желісіндегі парақшасына жарияланды. Онда Қазақстан – "жасанды мемлекет" және "Ресейдің бұрынғы жері" деген мазмұндағы пікір жазылған. Автор СССР-ді қайта құруға ниет білдіріп, "тартып алынған жерлерді қайтаруға" уәде берген. Даулы жазба көп ұзамай өшірілген, ал Медведевтің көмекшісі саясаткердің парақшасына хакерлік шабуыл жасалғанын хабарлаған.

Қазақстан билігі Медведевтің парақшасындағы жазбадан кейін өз азаматтарына "Ресей аумағы" туралы пікірлерге сақ болуды ескертіп, екі ай бұрын Петропавлда тұратын ерлі-зайыпты жауапқа тартылғанын мысалға келтірген. Олар Украина блогерімен видеобайланыспен сөйлесіп отырып, Солтүстік Қазақстанды Ресейге қосуды ұсынған. Сот оларды "сепаратизмге шақырғаны үшін" бес жылға бас бостандығынан айырған. Ресей Қырымды тартып алғаннан кейін 2015 жылы Қазақстанда "сепаратистік әрекет" бабы қылмыстық кодекске қосылған. Бұл бап бойынша ең ауыр жаза алған адам азаматтығынан айырылып, 15 жылға түрмеге қамалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG