Азаттықтың Өзбек қызметіне аты-жөнін айтпай сұхбат берген құрылыс компаниясы инженерінің айтуынша, құрылысшылар Ташкенттегі Ислам Каримовтің музейін жөндеп шыққан. Бірақ тапсырыс беруші он айдан бері жұмысшыларға жалақыларын бермеген.
- Мәселені шешу үшін он ай бойы президенттің виртуалды қабылдауына шағымдар жаздық. Президент әкімшілігінің қызметкері “Ислам Каримовтің 80 жылдығына дейін барлық жұмыстарды тындырып тастаңыздар, сосын бірден ақшаларыңызды аласыздар” деген. Ал бүгін ол телефонын сөндіріп тастаған, бізбен сөйлескісі келмейді, - дейді ол.
Азаттықтың Өзбек қызметі Ислам Каримов музейіндегі жағдайды жақсы білетін шенеунікпен де сөйлесе алды. Аты-жөнін айтпаған шенеуніктің айтуынша, компания музейдің құрылыс жұмыстарына барлығы төрт миллиард сом (шамамен 486 мың АҚШ доллары) жұмсаған.
- Бұл соманың негізгі бөлігі төленді. Ал қалғаны қарашаның соңында немесе желтоқсан айының басында беріледі. Көп жағдайда құрылыс компаниялары сметаны рәсімдемей-ақ жұмыстарын бастай береді. Соның кесірінен осындай түсінбестіктер болады. Бұл мәселе жуық арада шешіледі деп үміттенеміз, - деді шенеунік.
Uzmetronom интернет басылымының хабарлауынша, кәсіпкер Кахрамон Ибрагимовке тиесілі құрылыс компаниясының қарызы - 156 600 000 сом (шамамен 19 мың АҚШ доллары).
Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, құрылысшылармен қатар Ислам Каримов ескерткішін тұрғызған мүсінші Ильхом Джаббаров та әлі күнге дейін ақшасын ала алмаған.
Музейдегі жағдайды жақсы білетін шенеуніктің бірі музей шоғырланған "Оксарой" резиденциясы алдындағы территория Ташкент қалалық әкімдігіне қарайды. Сондықтан "аталған әкімдік ескерткішке қатысты барлық шығынды көтеруі тиіс" деп есептейді.
Алайда "Оксарой" орналасқан Яккасарай ауданының әкімдігі Ислам Каримовтің ескерткішіне қазіргі президент әкімшілігінің тапсырыс бергенін айтты.
- Бұл ескерткіш расымен де бізге қарайды. Коммуналдық шаруашылық аудандық басқармасы ескерткіш маңындағы тазалық пен тәртіпке жауапты, бірақ оған президент әкімшілігі тапсырыс берген, - деді аудан әкімдігінің өкілі.
Ислам Каримов тірі кезінде жұмыс істеген "Оксарой" резиденциясы президент өлген соң екі жылдан кейін Каримов атындағы музейге айналған. Қазіргі президент Шавкат Мирзияевтің арнайы қаулысымен ашылған музейде Каримовтің қола мүсіні, портреттері және өзге де экспонаттар бар. Онда сонымен бірге Каримов атындағы қоғамдық қор мен ғылыми-ағарту мемориалды кешені де жұмыс істейді.
Ресми дерек бойынша, Ислам Каримовтің кіші қызы Лола Каримова-Тилляева музей экспонаттары үшін өз қаржысын жұмсаған. Ол әкесінің атындағы республикалық қоғамдық қорды да басқарады.
Музейден бөлек, Мирзияев қаулысымен Самарқанд пен Карши қалаларында Каримовке арналған ескерткіштер орнатылды. Алайда оларға мемлекет қаржысынан қанша ақша жұмсалғаны туралы ашық дерек жоқ.
Өзбекстанның қазіргі үкіметі бірінші президенттің жұбайы Татьяна Каримованың тұрмыстық шығындарын төлеуді де өз мойнына алған. Татьяна Каримоваға бұған дейін Ташкент облысындағы Қайнарсай резиденциясы жеке меншікке берілген еді.
Танымал публицист, сарапшы және дипломат Алишер Таксановтың айтуынша, қазіргі үкімет Каримованың Ташкенттегі пәтері мен Қайнарсай резиденциясынан бөлек, медициналық қызмет пен көліктерінің де шығынын бюджеттен төлейді.
"Олардың шығынын өзбек салық төлеушілері төлеп отыр" дейді сарапшы. Ол бұған байланысты Шавкат Мирзияевтің виртуалды қабылдауына шағым жазып, жұмсалып жатқан қаражат көлемін ашық жариялауды талап еткен. Әзірше жауап алмаған.
ПІКІРЛЕР