Accessibility links

Мектеп оқушылары Азиада алтынын алып берді


Даяна Әбдірбекова (оң жақта), Алина Әділханова (ортада) және Адиля Тілекенова (сол жақта) Азия ойындарының марапаттау рәсімінде Джакарта, 27 тамыз 2018 жыл. Сурет авторы - Сали Сабиев, Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті.
Даяна Әбдірбекова (оң жақта), Алина Әділханова (ортада) және Адиля Тілекенова (сол жақта) Азия ойындарының марапаттау рәсімінде Джакарта, 27 тамыз 2018 жыл. Сурет авторы - Сали Сабиев, Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті.

Қазақстан көркем гимнастика құрамасы Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында командалық жарыста чемпион атанды. Әлі мектепте оқитын спортшылар халықаралық жарыста алғаш рет алтын жүлдеге ие болды.

“ЧЕМПИОНДЫҚ АТАҚТЫ ҚАЙТАРЫП АЛДЫҚ”

Құрамында Алина Әділханова, Даяна Әбдірбекова және Адиля Тілекенова бар Қазақстан көркем гимнастика командасы 159,850 ұпай жинады. Екінші орынды Өзбекстан (155,300), үшінші орынды Оңтүстік Корея (151,100) құрамасы иеленді.

- Азия ойындарына Қазақстан көркем гимнастика тарихындағы ең жас команданы алып келдік. Даяна, Адиля - 16 жаста, Алина - 17 жаста. Мектеп оқушылары. Сондықтан Азия ойындарында командалық жарыста күміс не қола медаль аламыз деп жоспарладық. 2014 жылғы Азия ойындарында чемпиондық атақтан айырылып қалған едік. Осы жолы ең жас командамен “Азия ойындарының чемпионы” деген атақты қайтарып алдық, - деді Қазақстан құрамасының бас бапкері, 2006 жылғы Азия ойындарының чемпионы Әлия Юсупова.

Алина Әділханова Азия ойындарында доппен өнер көрсетіп жатыр. Джакарта, 27 тамыз 2018 жыл. (Сурет авторы - Сали Сабиев, Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті).
Алина Әділханова Азия ойындарында доппен өнер көрсетіп жатыр. Джакарта, 27 тамыз 2018 жыл. (Сурет авторы - Сали Сабиев, Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті).

Команда мүшесі Алина Әділханова Қазақстан ұлттық құрамасына былтыр, ал Даяна Әбдірбекова және Адиля Тілекенова биыл енген. Үшеуі де спортты бес-алты жастарында бастаған. 2016 жылы Астанада өткен көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Алина Әділханова мен Адиля Тілекенова командалық жарыста алтын алған. Джакартадағы Азия ойындарының алтыны – спортшылардың дәл қазіргі уақыттағы ең ірі жетістігі.

- Барлық күшімізді салдық. Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай негізгі қарсыласымыз болды. Азия ойындарың алдында Шымкентте және Мәскеуде дайындалдық. Бапкерлер берген тапсырманы шама келгенше орындап шықтық, - деді Алина Әділханова жарыстан кейін.

Өзбекстан құрамасының спортшылары көңілсіз болды. Жарыс өткен аренаның бір бұрышында күтіп тұрған журналистерге сұхбат беруден бас тартты.

Көркем гимнастика ережесі

Көркем гимнастиканың командалық жарысында әр елден үш-төрт спортшы шығып, шеңбер (обруч), доп, таяқ (булава) және таспамен (лента) жеке өнер көрсетеді. Берілген бір минут ішінде спортшы әр элементпен түрлі әрекет жасап, билейді. Өнер көрсетіп жатқанда қолындағы элементін жерге түсіріп алмауы тиіс. Әр спортшының биінің, әрекетінің қиындығына байланысты төрешілер ұпай береді. Элемент жерге түсіп қалса ұпай шегеріледі. Негізінен, үш спортшының нәтижесі ескеріледі. Жарыс кезінде бір спортшы екінші командаласын алмастыра алады. Гимнастикада спортшы 15 жастап бастап ересектер арасындағы жарысқа қатыса алады.

ДОПИНГ ШУЫ

Азия ойындарының алдында Қазақстан құрамасының мүшесі, Рио олимпиадасына қатысқан Сабина Әшірбекова "допинг қолданды" деп айыпталған. Елдің допингке қарсы орталығы және Халықаралық гимнастика федерациясы спортшыны 2020 жылдың маусымына дейін спорттан шеттеткен. Спортшы қазақстандық Prosport.kz басылымына берген сұхбатында “бүйрегім ауырып, дәрі іштім. Оның ішінде рұқсат етілмеген фуросемид бар екенін кейін білдім. Ол туралы бапкерлерге хабарладым” деген.

Ал Қазақстан көркем гимнастика құрамасының бас бапкері Әлия Юсупованың пайымдауынша, Әшірбекова препаратты ешкімге айтпай, жаттықтырушылармен ақылдаспай ішкен.

- Біздің құрамадағы қиыншылықтар мен шудан (допинг дауын айтады-ред.) кейін біз мықтылығымызды дәлелдедік, - деді бапкер.

Даяна Әбдірбекова Азия ойындарында таспамен (лента) өнер көрсетіп жатыр. Джакарта, 27 тамыз 2018 жыл.
Даяна Әбдірбекова Азия ойындарында таспамен (лента) өнер көрсетіп жатыр. Джакарта, 27 тамыз 2018 жыл.

Тамыздың 28-і күні Азия ойындарында Алина Әділханова мен Адиля Тілекенова жекелей жарыста медальға таласады. Әділханова іріктеу жарысында бірінші, Тілекенова бесінші орын алып, финалға шыққан.

Қазақстан көркем гимнастика құрамасы 2006 жылғы Дохада (Катар), 2010 жылы Гуанджоуда (Қытай) өткен Азия ойындарында командалық жарыста чемпион атанған. Бірақ 2014 жылғы Азия ойындарында Өзбекстан мен Оңтүстік Кореядан қалып, қола медальмен шектелген. Ал биыл сәуірде Куала-Лумпурда (Малайзия) өткен Азия чемпионатында Өзбекстаннан кейін екінші орынды алған.

Қазақстан көркем гимнастикадан барлық Азия ойындарында бесінші алтын медаліне ие болып, Қытайдан (4 алтын) озды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG