"ЕСКІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОРАЛУЫ"
25 шілдеде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев жаңа қызметке тағайындалды. Қор биржасындағы құжатта Әлиев елдегі ең ірі байланыс операторларының бірі – "Транстелеком" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланғаны жазылған. Қазақстандықтар Назарбаев әулетіндегі адамның жаңа лауазымын қызу талқылады. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бұл жаңалықты "ескі Қазақстанның оралуы" деп бағалады.
Алайда Әлиевтің биографиясын жақсы білетіндерге бұл жаңалық емес. Ол осыдан он жыл бұрын да, 28 жасында "Транстелеком" компаниясының президенті болған. Ал қазір осы компанияның 75 пайызына иелік етіп отыр. Әлиев бұл акцияларды өзі сатып алған жоқ. Ендеше қалай қол жеткізді? Түсіндіріп көрейік.
"Транстелеком" 1999 жылы "Қазақстан темір жол" ұлттық компаниясына еншілес мекеме болып құрылған. Бес жылдан соң акционерлік қоғам болып өзгерді. Компания Қазақстан бойынша темір жол бойына байланыс желісін орнатты. Бірақ 10 жылдан соң, 2014 жылы Қазақстан үкіметі "Транстелекомды" бәсекелес ортаға шығаруды, яғни бір бөлігін жекеменшікке беруді ұйғарды.
Бұл кезде компанияны 28 жастағы Нұрәлі Әлиев басқарып тұрған еді. Көп өтпей, 2014 жылдың желтоқсанында Әлиев "Транстелекомнан" кетіп, Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
ӘЛИЕВТІҢ "СЕНІМДІ АДАМЫ"
Нұрәлі Әлиев 2016 жылы тамызда "Транстелекомға" директорлар кеңесінің мүшесі болып оралды. Бұл кезде компанияны жекешелендіру процесі қарқынды жүріп жатқан. 2016 жылы "Транстелеком" компаниясының бірден 49 пайыз акциясын Марлен Мұқанов есімді әлдебір азамат 8,9 миллиард теңгеге сатып алды да, "Транстелекомның" директорлар кеңесінің мүшесі атанды. Сол кезде "Транстелекомның" қалған – 51 пайыз акциясы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының иелігінде еді.
Мұқанов 2016 жылы компания акционері атанғаннан бастап "Транстелекомның" табысынан пайда көрді. 2016 жылы маусымда келіп, бес айдан соң 618,8 млн теңге дивиденд алды, екінші акционер – ҚТЖ 644,1 млн теңге алды. 2017 жылы "Транстелеком" табысынан Марлен Мұқанов 1,1 млрд теңге, ҚТЖ-ға 1,2 млрд теңге дивиденд төленді.
Нұрәлінің "сенімді адамы" деп сипатталатын 41 жастағы Марлен Мұқановтың "Транстелекомдағы" ықпалы арта берді. 2020 жылы "Транстелекомның" тағы 26 пайыз акциясын 9,4 млрд теңгеден аса ақшаға сатып алды. Жыл аяғында Мұқановтың иелігіндегі акция үлесі 75 пайызға жетті. 2021 жылы тамызда Мұқановтың "Транстелекомдағы" 75 пайыз акциясы Unit Telecom компаниясына өтті. Unit Telecom-ға Нұрәлі Әлиев иелік етеді.
Осылайша 5 жылдың ішінде елдегі ең ірі байланыс операторларының бірі – "Транстелекомның" 75 пайызын Әлиевтің серігі 18,3 миллиард теңгеге сатып алды. Кейін Мұқанов Әлиевке "Транстелекомдағы" акциясын сатты ма, тегін берді ме – белгісіз. Азаттық жолдаған сауалға Нұрәлі Әлиев те, "Транстелеком" да жауап бермеді.
Марлен Мұқанов туралы дерек аз. Бірақ, ашық дереккөздеріндегі ақпаратқа қарағанда, ол Әлиев басқаратын бірнеше компанияда жұмыс істеген. Мұқанов 2009 жылы "Нұрбанк" акционерлер жиналысына және "НТК" телеарнасының отырысына Әлиевтің атынан қатысқан. Оның сенімді өкілі ретінде құжаттарға қол қойған.
Акционерлік қоғамның жылдық есебінде Марлен Мұқанов 2008 жылдан бері Capital Holding ЖШС бас директоры екені жазылған. Ал Capital Holding компаниясының түпкі иесі – Нұрәлі Әлиев. Мұқанов бұған дейін Capital Holding-ке қарайтын бірнеше компанияны басқарған. Алайда "Транстелеком" жылдық есептерінде Capital Holding-ке Нұрәлі Әлиевтің байланысы барын көрсетпейді, тек Мұқановтың жұмыс тәжірибесінде жазылды.
"СУ ТЕГІН БЕРІЛГЕНІ ҚАЛАЙ?"
"Транстелекомның" көп бөлігі жеке қолға өткелі қызмет аясы да кеңейіп, мемлекеттен тендерді көп алатын болды. Компания "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасымен ауылдарға интернет тартты, "АстанаХаб" технопаркімен бірігіп, зертхана ашты. "Транстелекомның" бүкіл теміржол желісін 4G байланысымен қамтығаны, Алматы метросына Wі-Fі орнатқаны туралы хабарланған.
Назарбаевтың жиені байланыс саласындағы монополист компанияға иелік етіп отырғаны мемлекеттік мінберлерден бұрын айтылмайтын.
Бірақ Қанды Қаңтар оқиғасынан соң Назарбаев әулетінің ықпалы әлсірегенде Нұрәлі Әлиевтің де бизнесі сөз бола бастады. Биыл 31 мамырда парламент мәжілісінің отырысында Әлиевтің "Транстелекомды" өз бағасынан бірнеше есе арзан ақшаға жекешелендіріп алғаны айтылды.
– "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы құрамынан стратегиялық маңызы бар "Транстелеком" компаниясы экс-президент Назарбаевтың немересі Нұрали Әлиевке су тегін берілгенін сіз қалай бағалайсыз? Баланстық құны 210 млрд теңге тұратын, жылдық түсімі 80-90 млрд теңгені құрайтын ұлттық меншік небәрі 18,45 млрд теңгеге сатылды. Әзірге менің сізге жолдайтын сауалым: осы "Транстелеком" Нұрали Әлиевке 2015 жылы – 587 миллион теңге; 2016 жылы – 940 миллион теңге; 2017 жылы – 500 миллион теңге дивиденд төледі. 2022 жылы төленген дивиденд 2,4 млрд теңге болды. Енді осыншама зор көлемдегі заңсыз төленген ақшаны өндіріп алудың қандай жолы бар? – деді депутат Ермұрат Бапи.
Депутат Бапи Нұрәлі Әлиевке төленген дивиденд көлемін мемлекетке қайтаруды сұрап, бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдаған. Маусым айының басында жолданған сауалға бас прокурордан жауап әлі келмеген.
"Транстелекомды" нарықтағы құнынан төмен бағаға сатып алғаныңыз рас па?" деген Азаттықтың сұрағына Нұрәлі Әлиев те, ол басқаратын "Транстелеком" компаниясы да жауап бермеді.
Қазір "Транстелекомның" екі қожайыны бар. Бірі – Әлиевтің Unit Telecom компаниясы. Оған компанияның 75 пайызы тиесілі. Екіншісі – "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы. KASE қор биржасының биыл шілдедегі ақпаратына қарағанда, "Трантелекомның" таза табысы – 7,2 миллиард теңге.
"Транстелеком" – Қазақстандағы маңызы зор стратегиялық компания. Оның меншігінде көптеген кабельдік, инженерлік желілер мен нысандар бар. Былтыр цифрлық даму министрі Бағдат Мусин ауылдарға интернет тарту жұмысын "не өзі істемейді, не басқалардың істеуіне мүмкіндік бермейді" деп, "Транстелекомды" монополистер қатарына жатқызған. Министр үкімет отырысында оқыған баяндамасында компанияның жеке меншікке сатылған акцияларына тексеріс жүргізуді де ұсынған. 2020 жылы "Транстелеком" әкімшілігі монополияға қарсы заң талаптарын "сақтап отырмыз" мәлімдеген.
ЕҢ ЖАС МУЛЬТИМИЛЛИОНЕР
38 жастағы Нұрәлі Әлиев – Қазақстандағы ең бай 30 бизнесменнің қатарына кіреді. "Forbes Қазақстан" журналы биыл оның байлығын 249 миллион долларға бағалаған. Ол 27 жасында, Қазақстанды нағашы атасы басқарып отырған кезде, елдегі ең жас мультимиллионер атанды. Қаржы, ауыл шаруашылығы, бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация және тағы басқа түрлі салада бизнесі бар.
Бұған дейін халықаралық журналистік зерттеулер нәтижесінде Әлиевтерге тиесілі шетелдегі оффшор компаниялар мен жылжымайтын мүліктер белгілі болған. Лондондағы жемқорлыққа қарсы агенттік Әлиевтердің зәулім үйін "шығу төркіні белгісіз, күмәнді ақшаға алынған" деп бұғаттап тастаған.
Алайда Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиев Лондон сотында өздерінің Қазақстанда лауазымды қызметтер атқарып, табысты бизнес жасағанын айтып, жеңіп шықты. Кейін олар үйді сатуға қойды. Бұдан өзге зерттеулерде Әлиевтің Еуропаның бірнеше елінде тіркелген оффшор компаниялары арқылы түрлі активтерге иелік ететіні белгілі болған.
ПІКІРЛЕР