Батыс басылымдары бұл аптада Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақындары Ұлыбританияда 40 миллион фунт стерлингтен асатын жылжымайтын мүлікке иелік ететінін жазды. Ұлыбританияда жаңа ережеге сәйкес, жылжымайтын мүлікке иелік ететін офшор компаниялары түпкі бенефициарды жариялауға тиіс. Басылымдар сондай-ақ Нигердегі төңкеріске байланысты Қазақстан Еуроодаққа уран экспортын өсіре ме деген сұраққа жауап іздеді.
НАЗАРБАЕВА МЕН ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ ҰЛЫБРИТАНИЯДАҒЫ ЗӘУЛІМ ҮЙЛЕРІ
Британдық Times басылымының жазуынша, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақындары офшор компаниялар арқылы Ұлыбританияда 40 миллион фунт стерллингтен асатын жылжымайтын мүлікке иелік етеді.
Ашықтық туралы жаңа ережеге сәйкес, Ұлыбританияда жылжымайтын мүлікке иелік ететін шетел компаниялары түпкі иесін жариялауы керек. Бұрын бұл мәлімет құпия саналып, жария етілмейтін. Бірақ былтыр Ресей Украинаға басып кірген соң, Ұлыбритания шетел заңды тұлғаларының реестрін құрды. Ондағы мақсат – Біріккен корольдікте офшор компаниялары арқылы зәулім үйлерге кімдер иелік ететінін ашу. Times бұл базадағы ақпаратты жер кадастрындағы мәліметпен салыстырып шыққан. Басылым автократ басшылардың балалары мен олардың серіктері офшор компаниялар арқылы Ұлыбританияда құны жүздеген миллион фунт стерлингке жететін жылжымайтын мүлікке иелік ететінін анықтады.
Ұлыбритания үкіметінің реестріне қарағанда, Қазақстан экс-президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева Лондонда құны 40 миллион фунт стерлингтен асатын жылжымайтын мүліктің түпкі иесі. Оған Лондонның солтүстігіндегі Хайгейт ауданында бағасы 9,3 миллион фунт стерлингтен асатын үй мен Челси ауданында құны 31 миллион фунт стерлинг екі пәтер тиесілі. Жылжымайтын мүлік Панамада Tropicana Assets Foundation және Villa Magna Foundation офшор компанияларына жазылған. Бұл жылжымайтын мүлік нысандары бұған дейін де британдық басылымдардың назарына іліккен.
Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев 2007 жылы Эндрю ханзададан Саннингхилл-парк зәулім сарайын офшор компания арқылы 15 миллион фунт стерлингке сатып алған. Бұл оқиға Ұлыбританияда дау тудырды. Себебі Құлыбаев бес жыл өтпей тұрған үйді ханзада сұраған бағадан 3 миллион фунт стерлингке қымбат бағаға сатып алған. Times сондай-ақ Құлыбаевтың Гайд парк саябағына жақын жерде құны 1,5 миллион фунт стерлинг жылжымайтын мүлкі бар екенін жазды. Ол бұл мүлікке Британ Виргин аралдарындағы компания арқылы иелік етеді.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Дариға Назарбаева Times сұрақтарына жауап бермеген. Ал Құлыбаевтың өкілі Schillings компаниясы оның «тәуелсіз және табысты бизнесмен екенін, өз дәулетін 35 жыл бойы заңды және ашық жолмен жиғанын» айтқан.
Басылым мақалада өзге автократтардың отбасы мүлкіне де тоқталған. Әзірбайжан президенті Ильхам Алиевтің балаларына Лондонда құны 21 миллион фунт стерлинг тұратын жылжымайтын мүлік тиесілі, сондай-ақ Анголаның бұрынғы президенті Жозе Эдуарду душ Сантуштың қызы − 10 миллион фунт стерлинг тұратын үйлердің иесі.
Ұлыбританияда жылжымайтын мүлікке офшор компаниялары арқылы иелік етуге заңмен рұқсат етілген. Бірақ жаңа ережеге сәйкес, шетелдік компаниялар қаңтар айының аяғына дейін түпкі иесі туралы ақпаратты жария етуі керек болған. Үкімет бұл ереже ашықтықты қамтамасыз етеді деген.
Ұлыбританиядағы Transparency International халықаралық ұйымы зерттеу бөлімінің жетекшісі Бен Каудоктың айтуынша, жылжымайтын мүліктің артында тұрған офшор компаниялардың түпкі иесін ашу саяси тұлғаларға қатысы бар адамдардың дүние-мүлкін әшкере етуге мүмкіндік берді. Ол бұл адамдар елдің жылжымайтын мүлік нарығын активтерді жасыру үшін пайдаланғанын мәлімдеді.
Ұлыбритания парламентінің мүшесі Маргарет Ходж үкімет автократия режимдерімен байланысты үзілді-кесілді үзбегені ұятты жағдай екенін жеткізді. Оның айтуынша, адам құқықтарын өрескел бұзатын режимге жақын адамдардың ақшасын алу этикаға қайшы.
«Бұл Ұлыбритания автортар елдердің элитасын құшақ жайып қарсы алғанын көрсетеді. Олардан ақша алуды доғару керек», − дейді ол.
ҚАЗАҚСТАН ЕУРОПАҒА УРАН ЭКСПОРТЫН АРТТЫРА АЛА МА?
Қазақстан әлемде уран өндірісі бойынша жетінші орында тұрған Нигердегі төңкеріске байланысты Еуропаға уран экспортының көлемін арттыруға дайын, деп жазады Politico басылымы.
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ержан Мұқанов басылымға берген сұхбатында «әзірге мұндай сұранысты көріп тұрғанымыз жоқ», бірақ «“Қазатомөнеркәсіп” ядролық отын экспортын арттыруға дайын екенін» мәлімдеді.
Нигер былтыр Қазақстаннан кейін Еуроодаққа ең көп уран экспорттаған ел болды, Еуропаға экспортталатын уранның төрттен бірі осы елден жеткізілген. Шілде айында Нигерде төңкеріс болды, билікке келген хунта Еуроодаққа уран жеткізуге тыйым салмағанына қарамастан, елдегі ахуал уран экспортына қауіп төндірді. Дегенмен тамыз басында шетел басылымдары Нигер Францияға уран экспортын тоқтатқанын жазған.
Нигер бұрын Францияның отары болған, 1960 жылы тәуелсіздік алған. Нигердің тарихи одақтасы саналған Францияның бұл елдің уранына мүдделі.
Politico басылымы Нигердегі жаппай тәртіпсіздікке қарамастан Еуроодақ жөнелтілетін уран экспортына қауіп төніп тұрған жоқ дейді. Себебі атом электр станциялары әдетте екі жылға жететін қорды алдын ала сатып алады.
Жак Дело институтындағы энергетика орталығының сарапшысы Фук-Винь Нгуен балама экспорттаушылар табылса, ұзақ мерзімде мәселе туындамайтынын жеткізді.
Нигердегі төңкерістің кесірінен Еуроодақ Ресейдің уран өндірісі секторына санкция салудан бас тартуы мүмкін. Мәскеу Украинаға басып кірген соң Еуроодақ Ресейдің мұнайы мен мұнай өнімдеріне санкция салған, бірақ ядролық секторы санкцияға ілінбеді. Украина мен Батыстағы кей елдер Ресейдің ядролық секторына санкция салу мәселесін бұрыннан көтеріп жүр.
Венгрия, Словакия, Болгария, Финляндия мен Чехия Ресейдің ядролық отынына тәуелді. Сол себепті, сарапшының айтуынша, осы елдердің кейбірі Нигердегі ахуал уран экспортына қауіп төндіретінін алға тартып, Ресейдің ядролық секторына санкция салу мәселесін кейінге шегеруі ықтимал.
Қазақстан – әлемде ең көп уран өндіретін ел, әлемде экспортталатын уранның 40 пайызы Қазақстанға тиесілі.
Нгуеннің айтуынша, Нигер уран экспортын қысқартса, Еуроодақ Қазақстаннан уранды көбірек импорттап, тапшылықты жаба алар еді. Дегенмен Еуроодақ уран жеткізуді әртараптандырғысы келеді, сол себепті Канада, Австралия тәрізді демократиялық елдерге қайырылуы мүмкін.
ПІКІРЛЕР