Accessibility links

Түркияға көш түзегендер көбейді. Қазақстандықтарды бұл ел несімен баурайды?


2017 жылы Қазақстан азаматтары Түркиядан 334 пәтер сатып алса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 1339-ға жеткен. Сарапшылар бұл адамдар түрік үкіметінің осы елден үй сатып алғандарға беретін ықтиярхатын алуға ынталы дейді. Бұл тенденцияға тұрғын үйдің арзандығы да әсер еткен.
2017 жылы Қазақстан азаматтары Түркиядан 334 пәтер сатып алса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 1339-ға жеткен. Сарапшылар бұл адамдар түрік үкіметінің осы елден үй сатып алғандарға беретін ықтиярхатын алуға ынталы дейді. Бұл тенденцияға тұрғын үйдің арзандығы да әсер еткен.

2021 жылдың тоғыз айында 25 мың қазақстандық басқа мемлекетке қоныс аударып, Қазақстанға жеті мың адам көшіп келген. Қазақстан азаматтарының көбі қоныс аударған елдер арасында Ресей, Германия мен Польша тізім басында тұр. Кейінгі кезде Түркияға көшетіндер де көбейген. Ресми дерек бойынша, жыл басынан бері 74 азамат "бауырлас елге" көшуді ұйғарған. Бірақ бұл статистика шынайы жағдайды көрсетпейді және мұның өз себебі бар.

"ЖАЙЛЫ ЕЛ, АЛЛЕРГИЯНЫ ҰМЫТТЫҚ"

Алматылық Мирлан Телебарисов әйелі және балаларымен бірге бір жыл бұрын Түркияға қоныс аударған. Қазір ол әлеуметтік желіде курорт қала Алания туралы блог жүргізіп, елден келген басқа қазақстандықтарға жаңа мекенге орнығып, бейімделуге көмектеседі.

– Адамдар бұл жаққа жайлы өмір үшін келеді. Қонақ үйдегідей инфрақұрылымы бар тұрғын үйде тұрасыз. Эконом-класс кешені болса да, бассейн, жаттығу залы мен моншасы бар. Алматыда мұндайды армандаудың өзі қиын. Отандастарымыздың көбі жайлы өмір үшін келеді, – дейді Мирлан.

Мирланның дерегінше, Аланияда ресми түрде Қазақстаннан келген үш мыңнан астам азамат тіркелген. Олардың бәрі ықтиярхат алған. Ондай құжатты Түркия үкіметі жылжымайтын мүлік сатып алған [шетелдік] азаматтарға береді.

Мирлан Телебарисов отбасымен Түркияның Алания қаласында тұрып жатыр.
Мирлан Телебарисов отбасымен Түркияның Алания қаласында тұрып жатыр.

– Азаматтығымызды ауыстырмаймыз, тұрғылықты мекенжай анықтамасы бар. Қазір жағдайымыз жақсы, бірақ ертең не болатынын білмейміз ғой. Бұл жақта бір жылда 300 күн бойы ауа-райы жылы болып тұрады. Таза ауа, экологиялық таза өнімдер. Алматыда цитрус жемістер сатып алсақ балаларымда бірден аллергия басталатын. Ал мұнда балалар цитрус жемісті қанша жесе де ештеңе болмайды. Көкөніс пен жеміс бағасы Қазақстанға қарағанда әлдеқайда арзан, – дейді Мирлан Телебарисов.

Мирланның үш баласы бар: үлкен қызы Түркиядағы жекеменшік мектептің екінші сыныбын бітірген, мектепке дайындық сыныбына барып жүрген екінші қызы түрік тілінде сөйлей бастаған, ал ұлы балабақшаға баруға дайындалып жүр.

– Бұл жақта жергілікті қауымдастық, қазақстандық диаспора бар. Биыл наурызды тойладық, 500-ден астам адам жиналды. Қазақтардың осындай мереке ұйымдастырғанына түріктердің өзі таңғалды. Бір күнге Қазақстанға оралғандай болдық. Жасы 50-ден асқан адамдар қауымдастықта кездесіп, сөйлесіп, әуестігіне қарай топтарға бірігіп, тауға барады, шахмат ойнайды, – дейді Мирлан.

"МЕНТАЛИТЕТІ ҰҚСАС МҰСЫЛМАН МЕМЛЕКЕТ"

Елден кеткендердің көбі Түркияны "менталитеті ұқсас мұсылман мемлекеті" болғаны үшін таңдайды. Олар жергілікті халықтың қазақтарға жақсы қарайтынын айтады.

Кейде басқа мемлекетке қоныс аударуға экономикалық фактор да әсер етеді. Бұл туралы Қазақстаннан 2014 жылы көшкен Эльмира Мұрзатаева айтып берді.

– Жұмыс болмады, қызметтен қысқартқаннан кейін жаңа жұмысқа тұра алмадық. Барлық жекеменшік зейнетақы қорларын бір қорға біріктірген кез есіңізде ме? Сол кезде зейнетақы қорының 22 мың қызметкері жұмыссыз қалды. Түркияға кетемін деп шештім. Түрік тілін, бөтен елде немен айналысатынымды білген жоқпын.

Мирланның дерегінше, Аланияда ресми түрде Қазақстаннан келген үш мыңнан астам азамат тіркелген. Олардың бәрі ықтиярхат алған. Ондай құжатты Түркия үкіметі жылжымайтын мүлік сатып алған азаматтарға береді.
Мирланның дерегінше, Аланияда ресми түрде Қазақстаннан келген үш мыңнан астам азамат тіркелген. Олардың бәрі ықтиярхат алған. Ондай құжатты Түркия үкіметі жылжымайтын мүлік сатып алған азаматтарға береді.

Қазір Эльмираның жағдайы жақсы. Оқуы мен жұмысын қатар алып жүр.

– Косметолог мамандығын оқып жүрмін, жақында түрік дипломын аламын. Медициналық білімім мен жұмыс тәжірибем бар. Жеке жұмыс істеймін. Тұрақты клиенттерім бар, түрік косметикасын шығаратын фабрикамен жұмыс істеймін, олардың өнімін көтерме бағамен Ресей, Қазақстан, Украина мен Өзбекстанға сатамын. Қазіргі өміріме көңілім толады, бұл жақта азық-түлік, киім, пәтерақы Қазақстанға қарағанда арзан. Тағдыр солай болған шығар. Елден кеткеніме өкінбеймін, – дейді Эльмира.

Ресми статистикаға сәйкес, Түркия қазақстандықтар жиі көшетін мемлекеттер қатарына кірмейді: 2021 жылдың 9 айында Қазақстаннан бұл елге 74 адам ғана қоныс аударған. Түркия статистика комитетінің дерегінше, кейінгі кезде қазақстандықтардың шет мемлекеттен жылжымайтын мүлік сатып алуға қызығушылығы артып келеді.

2017 жылы Қазақстан азаматтары Түркиядан 334 пәтер сатып алса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 1339-ға жеткен. Қазіргі тенденцияға сүйенсек, жыл аяғына дейін Түркиядан пәтер сатып алған азаматтар саны тағы да артуы мүмкін.

Сарапшылар қазақстандықтар түрік үкіметінің осы елден үй сатып алғандарға беретін ықтиярхатын алуға ынталы дейді. Бұл тенденцияға тұрғын үйдің арзандығы да әсер еткен. Түркияда пәтердің шаршы метрі орташа есеппен 264 доллардан, ал Қазақстанда стратегиялық жоспарлау агенттігінің дерегінше, 744 доллардан сатылады.

Кей қазақстандықтар Түркияға жайлы климат пен мұсылман мемлекеті болғаны үшін көшкен.

"ЭТНОСТЫҚ СЕБЕБІ БАР КӨШІ-ҚОН"

Көп жылдан бері қазақстандықтар жиі қоныс аударатын мемлекеттер арасында Ресей көш бастап тұр. 2021 жылы көрші мемлекетке 21 мың адам көшкен. Ресми статистика бойынша, екінші орында тұрған Германия биыл 2400 қазақстандықты қабылдаған. Одан кейінгі орындарда Польша, АҚШ, Беларусь пен Израиль тұр. Ресми статистика адамдардың қалауы жөнінде толық ақпарат бере алмайды, өйткені көбі шетелге азаматтық алған соң бір-ақ көшеді.

Сарапшылар Қазақстандағы көші-қонға әртүрлі баға береді. Олардың бірі жағдай тұрақты десе, басқалары бұл пікірмен келіспейді.

Әлеуметтанушы Гүлмира Ілеуова Ресейге көшетін қазақстандықтардың көп болуы заңды құбылыс деп санайды.

Әлеуметтанушы Гүлмира Ілеуова.
Әлеуметтанушы Гүлмира Ілеуова.

– Әлеуметтану тұрғысынан алғанда, жағдай тұрақты. Біздегі ең ірі көші-қон [өткен ғасырдың] 90-жылдары бірнеше миллион адам елден кеткен кезде болды. Қазір халықтың құрамы өзгеріп, еуропалықтар, оның ішінде орыстар мен өзге де этнос өкілдерінің орнын қандастар, Орталық Азия мемлекеттерінен келген адамдар басып жатыр. Бұл экономикалық ғана емес, мәдени және тіл ерекшелігіне байланысты өзгеріс туғызады. Қазақстан ұлттарға бағытталған саясат ұстанады, бұл жұрттың бәріне бірдей ұнай бермейді. Елден кеткендердің көбі әлеуметтік-экономикалық жағдайды сылтау етеді. Екінші себебі – бұл елден өзі мен отбасы үшін мүмкіндік көрмейді. Бұл тіл саясатымен байланысты деп ойлаймын. Өздеріне әлдеқайда жайлы тілдік орта іздейді. Экономикалық фактор да әсер етеді, әрине. Ресейде зейнетақы мен жалақы жоғары. Ақылды азаматтар шетелге кетіп жатыр деу дұрыс емес, өйткені 19 миллион халқымыз бар және олардың бәрі ақымақ емес. Бұл – қате тұжырым. Қазір жүріп жатқан көші-қоның этностық себебі бар.

"ПАТРИОТИЗМ ЕМЕС, ҚАРЖЫЛАЙ ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА МӘН БЕРЕДІ"

Жастар саясаты бойынша сарапшы Ирина Медникова керісінше, жағдай қиын деп есептейді.

– Елден кеткендердің көбі – 30-40 жас аралығындағы еңбекке жарамды, білімді, мобильді кәсіби біліктілігі, мақсаты мен ақшасы бар адамдар. Шетелден жұмыс тапқан студенттер, экономиканың негізгі тірегі саналатын 30-40 жас аралығындағы азаматтар да осы топқа кіреді. Олардың көбі, әсіресе АҚШ, Канада, Австралия мен Еуропаға кетіп жатқандар – дамыған нарықта сұранысқа ие, кәсіби біліктілігі жоғары мамандар. Елде бұл азаматтарға сұраныс болып, өзін дамытуға мүмкіндік берілсе, олар Қазақстанда жұмыс орнын ашып, бизнес жобаларды, өндірістік кәсіпорындар мен мемлекеттік сектордағы бағдарламаларды басқарар еді.

Ирина Медникова Фридрих Эберт қоры жүргізген зерттеу нәтижесін мысалға келтіреді. Зерттеу қорытындысы қазақстандық студенттердің Ресейге (23,3%), Еуропа елдеріне (23,4%), АҚШ-қа (29%) және Қытайға (3,6%) кетіп жатқанын көрсетеді.

Қазақстанда сауалнамаға қатысқан 14-19 жас аралығындағы жастардың 49,2 пайызы шетелде оқығы келетінін айтқан.

Ирина Медникова.
Ирина Медникова.

– Жастармен жұмыс істеп жүргендіктен, олардың көбі шетелге оқуға сол жақта қалу үшін кететінін жақсы білеміз. Қыздар қызметке тұрып, тұрмысқа шығу, жігіттер жалдамалы жұмыс, стартап пен бизнес ашу мүмкіндігін іздейді. Қазір патриотизм емес, қаржылай тұрақтылық, табысты карьера мен Instagram-дағы бақытты өмір – осыларға мән береді. Шетелде қалғандар вебинарлар, курстар өткізіп, өз тәжірибесімен бөліседі.

Үкімет "кәсіби біліктілігі жоғары мамандар шетелге кетіп жатыр" деп алаңдамайды. 2019 жылы сол кездегі қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев еңбекке қабілетті азаматтар эмиграциясын "бүкіләлемдік тенденция" деп атап, бұдан үлкен бір мәселе жасаудың қажеті жоғын, елден көбіне басқа ұлт азаматтары көшіп жатқанын айтқан. 2021 жылы ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева "азаматтар жаппай көшіп жатыр" деуге болмайтынын, өйткені халықтың 0,2% пайызы ғана жұмысқа шақырту алып, грантқа оқуға түсіп не тағылымдамадан өту үшін шетелге кететінін мәлімдеген.

Кей депутат мүлде басқа ақпарат келтіреді. Мәжіліс депутаты Александр Милютин елден кетіп жатқан жастар саны тым көп деп есептейді. Саясаттанушы Досым Сәтпаев та Қазақстаннан кетіп жатқан білікті азаматтардың көбі сол жақта қалып қояды деп санайды. Кейде мамандар қазақстандықтардың шетелге қоныс аударуын этностық емес, экономикалық факторлармен де байланыстырады.

Көші-қон сальдосы (шетелге кеткендер мен Қазақстанға қоныс аударғандар арасындағы айырмашылық) соңғы рет 2012 жылы оң болған. Қазақстанда ең жоғарғы эмиграция көрсеткіші 2019 жылы тіркелген, ол кезде елден 34 мың адам шет мемлекетке кеткен. 2020 жылғы карантин кезінде 20 мың азамат шетелге қоныс аударған.

Статистика мәліметіне сәйкес, Қазақстаннан көбіне орыстар (2021 жылдың 9 айында 17251 адам), немістер (2335 адам), украиндар (1835 адам) кетеді. Көші-қон процесіне елеулі үлес қосып отырған азаматтар қатарында қазақтар да бар. Ресми дерек бойынша, 1243 қазақ басқа елге қоныс аударған, бірақ Түркиядан ықтиярхат алған қазақтар бұл статистикаға кірмейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG