Accessibility links

"Өзіңізге пышақ салған шығарсыз?" Қарағандыда зардап шеккен жігіт істі жауып тастаған полицияға наразы


Константин Роголевский пышақталғанын жарты жылдан бері полицияға дәлелдей алмай жүр. Қарағанды, 31 қаңтар, 2023 жыл.
Константин Роголевский пышақталғанын жарты жылдан бері полицияға дәлелдей алмай жүр. Қарағанды, 31 қаңтар, 2023 жыл.

Қарағанды тұрғыны пышақталғанын жарты жылдан бері полицияға дәлелдей алмай жүр. Полицейлер “дәлел жеткіліксіз” деп, істі жауып тастаған. Жәбірленуші құзырлы органдар қол қусырып қарап отырғанына шағынады.

БЕТПЕ-БЕТ ЖҮЗДЕСУ

"Полицияға тағы қандай дәлел керегін түсінбеймін?! Жарты жылдан бері мазақ қылып келе жатыр". Қарағанды тұрғыны, кісі қолынан зәбір көрген Константин Роголевский бас прокуратура, ішкі істер министрлігі мен адам құқықтары жөніндегі бюроға жазған арызында осылай дейді. Ол хатының көшірмесін Азаттыққа да жіберді. Константин Роголевский 26 жаста. Бұрын құрылыста жүк матаушы болып жұмыс істеген.

2022 жылы 17 шілдеде Константинге көшеде белгісіз біреулер тап беріп, үйінің маңында пышақ салған. Өзінің айтуынша, қылмыскер кеудесіне пышақ сұқпақ болған, бірақ Константин денесін қолымен жауып, қорғап қалған.

Константин Роголевский пышақ тілген қолы. Ауруханада операция жасалғаннан кейін, 2022 жылдың шілде айында түсірілген видеодан скриншот.
Константин Роголевский пышақ тілген қолы. Ауруханада операция жасалғаннан кейін, 2022 жылдың шілде айында түсірілген видеодан скриншот.

Ол күні Роголевский досымен бірге жер үйінде көлік жөндеген. Сол маңнан өтіп бара жатқан екі жігіт Константиннің итін тілдеп, айқайлай бастаған. Иті аулада байлаулы тұрған. Жігіттер сөзге келіп, үйден Константиннің ата-анасы шыққан соң, тарап кеткен.

Біраз уақыттан кейін Константин досымен көлікті тексеруге көшеге шыққан. Әлгі екі жігіт күтіп тұр екен. Роголевскийдің айтуынша, олар өзін пышақтап, көлігін айдап кеткен. Кейінірек көлігі жақын маңнан табылған.

– Соңдарынан қуа алмадым, қолым салбырап, қан тоқтамады. Олар жедел жәрдем келгеннен кейін 10-15 минуттан соң ұсталды. Куәгер болса да, іс ілгері жылжымай отыр. Бетпе-бет жүздесу кезінде өзіме кім, қалай шабуыл жасағанын түгел айтып бердім, – дейді Константин.

Ауруханада Константиннің сол жақ иығының төменгі бөлігі, шынтақ артериясы, тамырлары мен буындары жараланғаны анықталған. Дәрігерлер жәбірленушінің денсаулығына орташа зақым келді деп тапқан. Қазір Константиннің қолы нашар қозғалады, саусақтары бүгілмейді. Жақында ол тағы бір ота жасатуы керек.

ЖАЛҒЫЗ ҚОЛДЫ ҚҰРЫЛЫСШЫ

Роголевский қолының жарамсыздығына байланысты жеп отырған нанынан айырылған. "Құрылыста жалғыз қолмен не істейсің?" – дейді ол.

Константин әртүрлі инстанцияға жүгініп, ақиқат іздеп жүргенде, полиция жәбірленуші өзін пышақтауы мүмкін бе деген сұрақпен сараптама жүргізген. Сараптама "жарақат өзіне пышақ салғаннан немесе құлағаннан болмаған" деген қорытындыға келген.

– Сараптама қан маған тиесілі екенін анықтады. Бірақ пышақ кімнің қолында болғанын таба алмай отыр. Бірінші тергеушіден (бірнеше шағымнан кейін тергеуші ауысқан. – ред.) көлікте қалған саусақ іздері туралы сұрадым. Ол саусақ іздері бар деді, базадан күдікті адам бұрын сотталғаны белгілі болды. Кейін бұл деректер жоғалып кетті. Олар қосымша молекулалық сараптама жасатып, саусақ іздерінің иесін таба алмады. Саусақ ізі табылды, бірақ оның кімге тиесілі екенін анықтай алмады. Шағымдана бастағанымда полицияға шақырып, бәрі жақсы болады деп көндірді. Шағым жазбаңыз деді. Денсаулығыңызға қандай шығын келгені анықталғанда қылмыскерлер бірден қамауға алынады деп сендірді. Денсаулыққа келген шығын анықталды. Бірақ күдіктілер қамауға алынған жоқ, – дейді Роголевский.

Күдіктілердің бірі бұрын "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін" сотталған. Ол кезде де жәбірленуші пышақталған. Сотталушы кінәсін мойындап, прокурормен процестік келісім жасап, 2019 жылы үш жылға бостандығы шектелген.

Полиция мен прокуратура Роголевскийдің ісі бойынша қаулыда "белгісіз тұлғалар жол үстінде қоғамдық тәртіпті бұзып, бұзақылық ниетпен Роголевскийге пышақ салған" деп жазған.

Константин өзіне пышақ салған адамды танитынын, дәлелдер мен куәгер барын айтып отыр. Бірақ полиция істі созбаққа салып жатыр. Роголевский полиция күдіктіні жауапкершіліктен босату үшін қасақана осылай жасап отыр деп есептейді.

"ПОЛИЦИЯ ВИДЕО ЖОҚ ДЕЙДІ, БІРАҚ АЙНАЛА – ТОЛҒАН КАМЕРА"

Жәбірленуші көрсеткен екі адам қылмысқа қатысы барын жоққа шығарып отыр. Бірақ ұсталған кезде күдіктілердің бірі Роголевский пышақталғанын мойындаған. Полиция қаулысында қос күдікті "қорғану құқығы бар куәгер" деп көрсетілген.

Ресми дерек бойынша, пышақтың сабынан қылмыскердің түр-тұлғасын анықтауға жеткіліксіз мөлшерде ДНК табылған. Полиция қаулысына сәйкес, осыған байланысты пышақтағы іздің күдіктілерге тиесілі екенін дәлелдеу мүмкін емес. Тергеушілер сотқа дейінгі тергеу кезінде Роголевскийдің пышақталғанын көрген куәгерлер анықталмағанын, оқиға орнында бейнебақылау камералары болмағанын жазады.

– Пышақ табылды, онда менің қаным бар. Полиция видео жоқ дейді, пышақ табылған жерге барып көрдім. Айнала толған камера. Камераларды видеоға түсіріп, иелерінен сұрадым. Олар камера туралы маған дейін ешкім сұрамағанын айтты, бірақ күдіктілер ұсталғанын көрдік деді. Камерадан пышақ кімнің қолында болғаны анық көрінер еді. Неге бұлай жасап отыр?! – дейді жәбірленуші.

30 қаңтарда Қарағанды облысының полиция департаменті Роголевскийдің ішкі істер министрлігі мен адам құқықтары жөніндегі бюроға жіберген шағымына жауап берген. Онда тергеу қорытындысы бойынша, жәбірленуші көрсеткен екі азаматтың кінәсі дәлелденбеді, сондықтан оларға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды делінген. Прокуратура процессуал шешімге келіскен, мұны растайтын құжат та бар.

Қарағанды қаласы Михайлов полиция бөлімінің тергеушісі Руслан Бабаев "Айыптау үкімі болжамдарға негізделе алмайды, ол жеткілікті дәлелдермен расталуы керек. Күдіктілер, айыпталушылар мен сотталушылардың кінәсіне қатысты күмән болса, бұл олардың пайдасына шешіледі" деп түсіндірген. Жәбірленуші тергеушінің сөзіне келіспейді: "Іс сотқа жетпесе, қайдағы айыптау үкімі туралы сөз болуы мүмкін?" дейді ол.

"КӨЗГЕ АЙҚЫН КӨРІНІП ТҰРҒАН ФАКТІЛЕРДІ ДӘЛЕЛДЕУДЕН ШАРШАДЫМ"

Роголевский сотқа дейінгі тергеу негізсіз тоқтағаны туралы шағым жазуды жалғастырған. Ақпанда аудандық прокуратура "Кикілжің болғаны анықталды. Соның салдарынан Роголевскийге пышақ жарақаты салынған" деген жауап келген.

Прокуратура бұл жолы жәбірленушінің шағымын жартылай қанағаттандырып, "пышақ қолданып жасалған бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық істі жалғастыруға, қосымша тергеу жүргізуге рұқсат берген.

3 ақпанда Азаттық Қарағанды облыстық полиция департаментіне ресми сауал жолдады. 10 күннен кейін Қарағанды облысындағы Михайлов полиция бөлімі "осыған дейін ұсталған екі азаматтың кінәсі дәлелденбеуіне байланысты оларға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылып, қылмыстық құқықбұзушылық жасаған тұлғаның анықталмау себебінен сотқа дейінгі тергеу тоқтады" деген жауап жіберді.

"Полиция пышақ табылған жердегі видеокамераларды неге қарамады?" деген сұраққа "Қылмыстық құқықбұзушылық жасалған және пышақ табылған аумақта видеокамералар жоқ" деп түсіндірді.

Ал прокуратураның тергеуді қайта жандандыру тапсырмасы жөнінде полиция департаменті ештеңе айтпады.

Жәбірленуші Константин Роголевский болса әділдік іздеп жүр. 9 ақпанда Роголевский Қарағанды халқымен кездесуге келген адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілінің жеке қабылдауында болып, басындағы жағдайды баяндаған. Бірақ еш нәтиже болмады. Жақында Роголевский молекулалық сараптаманы қайта жүргізу туралы өтініш берді. Жәбірленушінің өтініші қабылданбады.

13 ақпанда Константин Азаттық тілшісіне полиция прокуратура ақпанда жандандыруды тапсырған тергеу тағы тоқтап қалғанын хабарлады.

"Бізде адамға пышақ салып, жазасыз жүре беруге бола ма? Инстанцияларды аралап, көзге анық көрініп тұрған фактілерді дәлелдеуден шаршадым. Жәбірленушіні моральдық тұрғыдан осынша шаршататындай күрделі іс емес қой" дейді Константин.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, Қазақстанда полиция қызметкерлері жасаған құқықбұзушылықтарға қатысты шағымдарға жауап алу, биліктің реакциясына қол жеткізу қиын. Өзіндік қауіпсіздік басқармасы, прокуратура, мемлекеттік қызмет және жемқорлықпен күрес агенттігі сияқты қызметтер тиімсіз жұмыс істейді.

Бұрын адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның құқық қорғаушылары Қазақстанда полиция қызметін бақылаумен айналысатын тәуелсіз орган құру керегін айтқан. 14 ақпанда Роголевский президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды. Онда Қарағанды тұрғыны полиция мен қылмыстық қудалау органдары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отырғанын жазып, көмек сұраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG