2019 жылы мамырда 59 жастағы Ғалы Бақтыбаевтың қазасы Қарағанды облысын дүр сілкіндірді. Белсендіні Атасу ауылындағы үйінің табалдырығында атып кеткен. Қайғылы оқиғадан бері үш жыл өтсе де, қастандық жасаған азаматтар әлі табылмады: осы аптада алқабилер соты ақтау үкімін шығарды. Қылмыстық іс осымен екінші рет қаралып отыр, алқабилер соты былтыр да дәл осындай ұйғарымға келіп, айыпталушыларды ақтап алған.
«Марқұм мен оның жақындарын мазақ қылғандары ма?» — дейді белсендінің әпкесі Зәуре Бақтыбаева. Зәуренің ағасының өліміне кінәлілер әлі табылмаған. Бұл жағдай осымен екінші рет қайталанып отыр: былтыр маусымда алқабилер соты айыпталушыларды ақтап алған. Бақтыбаевтар отбасы сот үкіміне қарсы шағым беріп, қылмыстық іс қайта қарауға жіберілген. Бірақ одан нәтиже өзгерген жоқ: алқабилер сотының жаңа құрамы тағы да айыпталушыларды кінәсіз деп тапты.
22 шілдеде қарағандылық судья Бекзат Шалғымбаев сот үкімін оқыды. Алқабилер соты дауыс беру нәтижесі бойынша, белсендіні тапсырыспен өлтірді деп айыпталған Иман Мияшовты ақтау туралы шешімге келген. Бірақ сот оны қастандық жасалардан бірнеше ай бұрын белсендіні ұрып-соққаны және Бақтыбаевқа қатысы жоқ басқа да құқықбұзушылықтары үшін кінәлі деп тауып, 10 жылға түрмеге жапқан.
Алқабилер соты тергеушілер мен прокурор кісі өлтіруге тапсырыс беріп, қастандық ұйымдастырды деп көрсеткен бұрынғы полицей Ғалым Ахметжанов пен кәсіпкер Азамат Бөкенаевты толық ақтап шыққан.
Тағы бір айыпталушы Эльдар Жәкен Бақтыбаевты ұрып-соғуға қатысқаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылған.
Ақталған азаматтар мен олардың туыстары сот үкіміне ризашылық білдірді. Ал марқұмның әпкесі айтарға сөз таппай отыр.
— Сот үкімімен келіспеймін. Қаншама дәлел табылды, айыпталушылардың кінәсі толық анықталды, соған қарамастан, ақтап отыр. Алқабилер соты не істі дұрыс түсінбеген, не басқа себебі бар, оны ойлаудың өзі қорқынышты. Мұны жайдан-жай қалдырмаймын, президентке дейін барамын. Барлық жерге шағым жазамын, алқабилер сотына сенбеймін. Олардың үкімінің заңдылығын тексеруді талап етемін, — деді Зәуре Бақтыбаева.
КІСІ ӨЛІМІ ЖӘНЕ «МИНИСТРДІҢ БАҚЫЛАУЫНДАҒЫ» ТЕРГЕУ
Бақтыбаевтың қазасына қатысты тергеу жүргізген полиция белсенді тапсырыспен өлтірілген деген қорытындыға келген. 2019 жылы 28 мамырға қараған түні белсендіні танысы үйіне жеткізіп тастаған. Бақтыбаев жолдасымен бірге сол танысының үйінен қайтып келе жатқан. Ғалы достарымен қоштасып, аулаға кіргенде алдынан әйелі шыққан. Белсенді қақпаны жауып, үйіне қарай беттеген. Бақтыбаевты үйіне жеткізіп салған азаматтар сотта оқ атылғанын және айқай-шу естігенін айтқан. Ғалы үйінің табалдырығынан аттай бергенде әлдекімдер екі рет оқ атқан. Қылмыскер қансырап жатқан белсендіні үйіне сүйреп кіргізген әйеліне тимеген. Үйді ешкім тонамаған.
Қайғылы оқиғадан бұрын белсендіге бірнеше рет қоқан-лоқы көрсетілген. Ауласындағы жарығын, үйінің терезелерін шағып кеткен. Бірде белсендіні аяусыз ұрып-соғып, көзіне газ баллон шашқан. Қағазға үй мен оттың суретін салып, «Арыз жазғыш неме, тыныш жүр» деген хабарлама қалдырған. Марқұмның жақындарының айтуынша, полиция аталған жағдайлардан кейін кінәлілерді табуға тырыспаған.
Бақтыбаевтың қазасы қоғамдық резонанс туғызып, қоғамда белсенді болу қауіпті деген пікірлер көбейген. Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс министрдің жеке бақылауында деп мәлімдеген. Көп ұзамай ұсталғандардың бірі бұрынғы полиция қызметкері екені белгілі болған.
Тергеу нұсқасы бойынша, азаматтық позициясын ашық білдіріп, Жаңаарқа ауданының мәселелерін көтеріп жүрген белсенді Бақтыбаевтың бірнеше жерлесімен, оның ішінде Бөкенаевпен және Ахметжановпен арасы жақсы болмаған. Тергеушілердің топшылауынша, олар әуелі Мияшов пен Жәкенді жалдап, Бақтыбаевты ұрып-cоғуға тапсырма берген. Белсенді шағым жазуын тоқтатпаған соң, Бөкенаев пен Ахметжанов Мияшовқа ақша төлеп, кісі өлтіруге жұмсаған. Мияшов тапсырысты орындаған, Бақтыбаев оқиға орнында көз жұмған.
Іс материалдарына сәйкес, Мияшов ауданның тағы бір тұрғынына бұзақылық жасап, 2019 жылы маусымда Бақтыбаевтың қазасынан кейін жарты айдан соң Ақмола облысына жұмысқа кеткен. Ол жақта заңсыз ұстап жүрген травматикалық тапаншасымен тағы біреуді атқан.
СОТ ПРОЦЕСІ: МАРҚҰМНЫҢ ЖЕСІРІН КҮШТЕП ӘКЕЛУ, КУӘГЕРЛЕР АРЫЗЫ ЖӘНЕ АДВОКАТТАР ПІКІРІ
Бақтыбаевтың әйелі істі өзінің қатысуынсыз қарауды сұраған. Ол күйеуінің қазасына куә болғаннан кейін денсаулығы нашарлап, әділдіктен күдерін үзген. Оның үстіне, марқұмның жесіріне шалғайдағы ауылдан Қарағандыда өтетін сот отырысына қатынау қиын болған. Бақтыбаевтың әпкесі Зәуре жеңгесі өзінің және баласының қауіпсіздігіне алаңдай бастағанын айтқан.
«Сотта бұрынғы түсініктемемді оқи салсын» деген өтінішіне қарамастан, қорғаушы тарап марқұмның жесірін сот залына әкелуді талап еткен. Осылай белсендінің әйелін мәжбүрлі түрде сотқа жеткізіп, бірнеше күн бойы сағаттап тергеген. Оған күйеуінің қазасын еске алу ауыр тиген. Айыпталушылардың адвокаттары Бақтыбаевтың әйелінен манекенді пайдаланып, Ғалының қалай құлағанын, оны үйге қалай сүйреп кіргізгенін көрсетуді сұраған. Прокурор бұл өтінішке қарсылық білдірген.
— Есіме түссе, жылай беремін. Қатты оқ дауысын естідім. Не болғанын түсінбей қалдым. Қатты дауыс, Ғалы үйдің дәлізіне бетімен құлады, қан ақты. Ұлым ұйықтап жатыр еді, оқ дауысынан оянып кетіп, жүгіріп келді. Осы кезде Ғалыны әкелген таныстары әлі кетіп үлгермеген екен. Олардың қақпаны ұрып жатқанын естіп, «Ғалыны атып кетті, өліп қалған сияқты» деп айқайладым. Танысы полицияға хабарласа бастады. Ұлым да хабарласты, — деді әйел сотта.
Сотта белсендіні үйіне жеткізіп салған азаматтар да сөйледі.
— Бұрын Ғалыға қастандық жасалғандықтан, үйіне дейін апарып тастайық деп шештік. Түнгі 12-лер шамасы еді. Үйіне апардық, қайтайын деп көлікке отыра бергенімде, екі рет атылған оқ дауысын естідім, — деді куәгер.
Ол Ғалының айыпталушылар қатарында отырған бұрынғы полицей Ахметжановтың үстінен шағымданғанын айтты.
Сотта тергелген тағы бір куәгер айыпталушы Ахметжановтың өзінен «шағым жазғыш кісінің үнін өшіруді» сұрағанын еске алды.
— «Сазайын беру керек, әйтпесе, барлық жерге мұрнын сұға береді» деді. «Одан не пайда? Бәрібір жаза береді ғой, одан да көзін құрту керек» дедім. Ол «Өлтірсек, шу болады, сондықтан жай ғана тоқпақтап, жазасын берейік» деп, 100 мың теңге ұсынды. Бірақ ақшасына келісе алмай, тарап кеттік. Кейін көктемде Бақтыбаевтың өлтірілгенін естідім. Әртүрлі қауесет тарады. Полицияға барып, Ахметжановтың маған өтінішпен келгенін айттым. Осыдан кейін хабарласып, оны кездесуге шақырдым. «Жақ ашпаймын, бірақ үнсіздігім үшін 300 мың теңге төлейсің» дедім. Ол ақша әкеліп берді. Тергеушілермен жұмыс істеп, әңгімемізді жазып алдым, — деді куәгер.
Ахметжановтың адвокаты айыпталушы мен куәгер арасындағы әңгімені растады. Бірақ ол кезде полиция қызметкері болып істеп жүрген Ахметжанов Бақтыбаевпен жай ғана «сөйлесуді» сұрағанын, бұл үшін ақша ұсынбағанын айтты. Ахметжанов жұмыстан босағаннан кейін ақша сұраған танысымен қайта кездескен.
— Бұл белсендінің қазасы, іс Астананың бақылауында, тергеуге ең үздік қызметкерлер жұмылдырылған, жұмыс қауырт, интернет шулап жатыр, полицияға «не істесеңдер де, қылмыскерді табыңдар» деген қысым күшейген. Ахметжанов әлгі адам өзіне қарсы арыз берсе, оңай құтылмайтынын біледі. Бұл жай ғана полицияның жұмыс істеп жатқанын көрсету үшін жасалған тергеу болған. Куәгер «300 мың теңге бермесең, барып, үстіңнен арыз жазамын» дейді. Ахметжанов ол кезде полицияда істемейді, сондықтан басы бәлеге қалатынын түсініп, ақша беріп, құтыла салайын деп шешеді. 300 мың теңге апарып береді, бірақ әңгіме жазылып жатқанын білмейді. Аудиожазбаны тыңдасаңыз, куәгердің Ахметжановқа Бақтыбаевты ұрып-соғу мен өлтіруге жанама түрде болсын қатысы барын мойындату үшін барын салып жатқаны байқалады, — деді бұрынғы полицейдің адвокаты Геннадий Матвиенков.
Тергеу барысында айыпталушылар бір-біріне қарсы түсініктеме берген. Бірақ сотта бәрі бірауыздан тергеу белгіленген сценарий бойынша жүрді деген. Олар тергеу кезінде азапталғанын айтқан. Сотқа шақырылған полиция қызметкерлері азаптау шарасы қолданылғанын жоққа шығарған.
— Айыпталушыларды түсініктеме беруге мәжбүрлеген деген сөздер дәлелденген жоқ. Қорғаушы тарап алқабилер сотын шатастырғысы келеді, — деді прокурор Медеу Жақанов.
Прокурор сөзжарыс кезінде белсендінің қылмысқа тапсырыс беріп, қастандық ұйымдастырды деп айыпталған Бөкенаев пен Ахметжановқа қарсы бірнеше рет шағым жазғанын, олар осы шағымдар негізінде жауапқа тартылуымыз мүмкін қорыққанын, өйткені Бақтыбаев өз мақсатына жетпей қоймайтын азамат болғанын айтқан. Айыптау тарабының дерегінше, бұрын полицейге қарсы тексеру жүргізілген, белсенді оған «Сенің көзіңді құртамын» деген.
ҚЫЛМЫСКЕР ЖАЗАСЫЗ ҚАЛА МА?
Сот отырысында қорғаушы тарап пен прокурордың арасында қызу тартыс болған. Прокурор үш айыпталушының белсендінің қазасына қатысы барын дәлелдегісі келген. Айыпталушылар мен олардың қорғаушылары мұны жоққа шығарып, тергеудің алдын-ала белгіленген бағытта жүріп, басқа ықтимал нұсқаларды ескермегеніне назар аударған. Адвокаттар белсендінің қазасына Бақтыбаевпен соттасқан энергокомпанияның қатысы болуы мүмкін деп көрсеткен. Бақтыбаев қайтыс боларынан аз уақыт бұрын энергокомпаниядан ауылды жарықтандыруға бөлінген 300 миллион теңгені өндіріп алған. Бірақ белсенді жоспарын жүзеге асырып үлгермеген.
— Қылмысқа қатысым жоқ, кінәм дәлелденбеді. Бізге жала жауып, Ахметжанов екеуімізді бір-бірімізге қарсы қойды, ашу үстінде түсініктеме беріп жібердім, — деді Азамат Бөкенаев.
Сот процесі жаңа басталған кезде прокурор журналистерге іс барысы туралы материал жазуға тыйым салуды сұраған. Сот прокурордың өтінішін қанағаттандырып, ақпарат құралдарына сот залынан хабар таратуға тыйым салған. Белсенділер мен құқық қорғаушылар бұл шешімді сынап, сот ашық режимде өтсін, қоғамдық резонанс туғызған іс туралы ақпарат таратылуы керек, билік ашықтықты қамтамасыз етуге уәде берген деген талап қойған.
Құқық қорғаушы, Адам құқықтары жөніндегі қазасқтандық бюроның директоры Евгений Жовтис Қарағандыда өткен сот процесін бақылап, ақтау үкімі қазіргі биліктің беделіне нұқсан келтіреді деген қорытындыға келген. 2019 жылы президент сайлауының алдында атышулы қылмыс жасалды, халықаралық ұйымдар істі жан-жақты тергеуге шақырды, ІІМ тергеуді жеке бақылауына алды, бірақ нәтижесінде ешкім жауапқа тартылған жоқ. Айыпталушылар екінші рет ақталып шықса, «Онда белсендіні кім өлтірген?» деген заңды сұрақ туындайды.
— Бұл адамдар болмаса, кім өлтірген? Басқа нұсқалар бар ма? Жарияласын. Бұл кәсіби біліктілік мәселесі ғана емес. Кейінгі кездері алдын-ала тергеу органдары мен прокуратурада, сот жүйесінде кәсібилік азайып барады. Саяси оппозиция, азаматтық белсенділер, құқық қорғаушылар, журналистерге қатысты істердің бәрі ұзаққа созылып, қиындап кетеді. Бұған қарсы күресудің жалғыз жолы — қоғам назарын аудару. Осындай ел аузында жүрген істер арқылы жүйенің кемшіліктерін түзетіп, билікті ақылға шақыруға болады, — дейді Евгений Жовтис.