Accessibility links

Қасым-Жомарт Тоқаевты президент сайлауына кандидат етіп ұсынды


Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясы съезінде. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясы съезінде. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

"Нұр Отан" партиясы лидері Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан президенті сайлауына билік партиясынан кандидат ретінде ұсынды. Елді отыз жылға жуық басқарған Назарбаев өткен айда президенттік өкілетін тоқтатқан соң орнына Тоқаевты қалдырған.

Сәуірдің 23-і күні Нұр-Сұлтан қаласында биліктегі "Нұр Отан" партиясының 19-съезі ашылған соң алғашқы болып сөз алған Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдағы кезектен тыс президент сайлауына билік партиясынан кандидат ретінде ұзақ жылдан бергі серігі Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды.

Қазақстанды совет заманынан бері отыз жылға жуық басқарған Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні Қазақстан президенті қызметінен кеткен еді. Бүгін съездегі сөзінде Назарбаев "Қазақстанның жарқын болашағы үшін" биліктен кету туралы шешім қабылдау "оңай болмағанын" айтты.

- Мен саналы түрде шешім қабылдадым. Ондай шешім бір күнде немесе бір айда қабылданбайды. Мен бұған бірнеше жыл бойы дайындалдым. Сырымды айтар болсам, үш жылдан астам уақыт кетті. Жан-жақты зерделеп, келешекті бағамдап, өткенді сараладым. Осы уақытқа дейін тәрбиелеген және әрқайсысына сенім артқан кадрларды қарай келе осындай шешімге келдім. Бұл шешім дұрыс деп білемін, - деді Назарбаев өзі басқаратын партия съезінде.

Ол өзі билікте болған кезде Қазақстанның "өткерген қиындықтары мен жетістіктерін" де сөз етті. "Елбасы мен ел бірге болғанда ғана мемлекет табысқа жетеді" деді Назарбаев.

- Менің саясатымды қазақстандықтардың басым бөлігі қолдайтынын білемін. Бұл маған сенім ұялатады. Адамдарға тұрақтылық керек. Қазақстан президентімен бірлесіп елді нығайту үшін жұмыс істеймін, - деді экс-президент.

Бұдан соң Назарбаев маусымның 9-сына белгіленген кезектен тыс президент сайлауына билік партиясынан кандидат ретінде осы съезде өзімен қатар отырған Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Ол Тоқаевты "тәжірибелі саясаткер" және "сенімді серігім" деп атады.

- Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан президенті қызметіне ұсыну туралы мәселені съездің қарауына қоямын. Көп жыл бірге жұмыс істеп білетіндіктен, ол еліміздегі осы қызметке лайық [адам] деп санаймын, - деді Назарбаев.

Бұдан кейін съезде сөз алған "Нұр Отан" партиясының мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдап, президент сайлауына партия атынан түсетін үміткер ретінде бекітті.

Қазақстандық басылымдар жиын соңында Нұрсұлтан Назарбаевтың көзіне жас алғанын жазды.

Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" съезінде. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" съезінде. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

Өткен айда Назарбаев президенттік өкілетін тоқтатқаннан кейін оның орнына уақытша президент болып Қазақстан парламенті сенаты төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев отырды. Сәуірдің 9-ы күні Тоқаев республикалық арналар эфирінен мәлімдеме жасап, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы биылғы маусымның 9-ында өтетінін жариялаған. Тоқаевтың өзі бұған дейін сайлауға түсетіні туралы мәлімдеген емес.

"Нұр Отан" партиясының президент сайлауына үміткер ұсынуы

Кезектен тыс президент сайлауына кандидаттарды ұсыну сәуірдің 10-ы күні басталған. Үміткерлерді ұсыну сәуірдің 28-і күні, кандидаттарды тіркеу мамырдың 11-інде аяқталады.

Орталық сайлау комиссиясы сәуірдің 22-і күні "Ұлы дала қырандары" республикалық қоғамдық бірлестігінен Сәдібек Түгел президент сайлауына кандидат ретінде құжаттарын өткізгенін хабарлаған.

Сол күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының саяси кеңесі "Дат" газеттер жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапиді саяси ұйымның атынан сайлауға кандидат ретінде ұсыну туралы мәселе осы аптаның соңында партия съезінде қаралатынын хабарлаған. Оған дейін Жақсыбай Бәзілбаев та сайлауға түскісі келетінін айтқан.

Назарбаевтың көз жасы
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:51 0:00

​Бақылаушылар бұл кезектен тыс президент сайлауы билік партиясы кандидатының бәсекелестеріне толыққанды сайлауалды кампания өткізуге мүмкіндік бермейтінін айтады. Сыншылар мен құқық қорғаушылар табиғи ресурстарға бай Қазақстанды Назарбаев басқарған кезде билік қарсыластарын саяси алаңнан ығыстырып, оппозицияның сайлауға қатысу мүмкіндігін шектеп тастады дейді.

Билік сынға жауап ретінде елде адам құқығы сақталып тұрғанын, демократиялық институттар дамып жатқанын айтады және Қазақстанда билік транзиті Конституция мен заңға толық сай өтті деп санайды.

78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев ел президенттігінен кеткенімен, өзі билікте болған кезде заңға енгізілген өзгерістерге сай, Қазақстанның қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін өмір бойы атқарады. "Тұңғыш президент - Елбасы" туралы заңға сәйкес, Назарбаевты қылмыстық және басқадай жауапқа тартуға болмайды.

Наурыздың 20-сы күні Тоқаев уақытша президент міндетін атқаруға кіріскеннен кейін Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева парламент сенаты төрағасы болып сайланды. Конституцияға сәйкес, Қазақстан президенті өз өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда оның міндетін атқару парламент сенаты төрағасына өтеді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG