"БЕЙНЕКАМЕРАСЫ ЖОҚ ЖЕРДЕ ЗОРЛАДЫ"
"Жеке басымның қауіпсіздігіне байланысты түрме қызметкерінің аты-жөні мен лауазымын жаза алмаймын. Ол бірнеше ай бойы мені қорқытып, озбырлық көрсетіп келді. Қатаң тәртіптегі камерада төрт адам отырғанымызда ол маған тиісуге батпады. Кейін бейнекамерасы жоқ тәртіп изоляторына жалғыз өзімді жапқан соң ол мені зорлады. Денсаулығыма, өміріме қатты алаңдаймын. Олар мені жалғыз кісілік камераға жабамыз деп қорқытады, өзге сотталушыларды маған қарсы қойды. Адам төзгізсіз азаптау мен қоқан-лоқы көріп жатырмын".
Бұл Алматы облысындағы ЛА 155/4 колониясында жазасын өтеп жатқан 24 жастағы Ә.Ж. жазған арыздан үзінді. Азаттыққа арыздың көшірмесін оның мүддесін қорғап жүрген адвокат, Ұлттық превентивті механизмі (ҰПМ) азаптау істері жөніндегі сарапшысы Виктор Тен берді. Арызда тұтқын келіншек қамау мекемесіндегі қысым мен қорлыққа шыдамай, қасық, шеге жұтып, екі мәрте өлім аузынан қалғанын айтады. Екі оқиға да биыл болған.
– Алғашында наурызда темір қасықтың сабын жұтып, Іле аудандық ауруханасына түскен. Бірақ ол жақта үнемі қасында күзетші болып, ешкіммен сөйлесе алмаған. Операция жасағаннан кейін оны колонияға қайтарған. Екінші жолы шеге жұтып, оны тағы да сол ауруханаға апарған, бұл жолы да қасында күзетшілер болған. Бірақ амалын тауып, ауруханада кезекте тұрған бір қызға жағдайын айтып, құқық қорғаушыларға хабарлауын өтінген. Ол қыз 26 маусымда кешке маған телефон соқты. 27 маусымда арнайы кездесуге өтініш бердік, сол күні рұқсат алып, ертеңіне колонияға бардық. Факт расталды, – дейді Виктор Тен.
28 маусымда Виктор Тен мен тағы бір адвокат Александр Ким Жауғаштыдағы түрмеге Ұлттық превентивті механизм аясында жазасын өтеушімен арнайы кездесуге барған. Колонияда олар жолыққан жәбірленуші басынан өткен жайтты баяндап, арыз жазып берген. Ол өзін түрме қызметкері зорлағанын, кейін қылмыстың ізін жасыру мақсатында жуынуға жібергенін айтқан. Бірақ жуынбас бұрын келіншек денесінде қалған шауһатты ішкөйлегіне сүртіп үлгерген. Дәл осы ішкөйлек – істегі басты айғақ саналады дейді адвокаттар.
Тұтқынның шағымы негізінде "зорлау" және "азаптау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік аймақ бойынша ауданаралық басқармасы жүргізіп жатыр.
Азаттық тілшісі хабарласқан Жауғаштыдағы ЛА155/4 түзеу мекемесінің басшысы Мадияр Қонқанов қылмыстық іске қатысты бар деген күдікке ілінген төрт қызметкердің уақытша жұмыстан шеттетілгенін айтты. Басқа сұрақтарға жауап беруден бас тартты.
"11 АЙ ҚАТАҢ ЖАҒДАЙДА ҰСТАДЫ"
Жамбыл облысының тумасы Ә.Ж. 2019 жылы желтоқсанның басында сот үкімімен жеті жыл үш айға бостандығынан айрылған. Отбасында күйеуі, кәмелет жасына жетпеген үш баласы бар. Сот үкімі шыққанда құрсағында үш айлық баласы болған келіншек 2020 жылдың ақпанында Тараздан Алматы облысындағы Жауғашты елдімекеніндегі ЛА 155/4 түзеу мекемесіне жеткізілген.
Сол жылы 4 маусымда босанып, дүниеге ұл бала келеді. Бірақ небары алты-ақ күн өмір сүрген сәби шетінеп кетеді. Келіншек қайғыдан қатты күйзелгенін, түрме қызметкерлерімен сөзге кеп, тәжікелескенін, сол үшін тәртіп изоляторына түскенін айтады. Өз жазуынша, кейін алты ай қатаң жағдайда қамауда отырған. Ол Жауғаштыға келген соң 11 ай қатаң жағдайда қамауда болғанын айтады. Құқық қорғаушылардың сөзінше, оған қысым да, зорлық та сол жерде отырғанда жасалған.
"11 ай бойы олар түрлі сылтаумен мені қатаң жағдайда ұстап, бірнеше рет заңсыз ұзартты... Төзімімді тауысқан азапқа шыдай алмай қасық жұттым... Мекеме қызметкерлері қызмет өкілетін асыра пайдаланады. Сотталып, түрмеде отырғандықтан ешкімге ешнәрсе айта алмайсың деп қорқытып-үркітеді" деп жазады арыз иесі.
Адвокат Александр Кимнің сөзінше, күйеуі қамауда отырған әйеліне сәлемдеме жеткізіп, адвокаттан істің қалай жүріп жатқанын сұрап, біліп тұрған. Келіншегі тергеу изоляторында отырған кезде де барған, бірақ кездесуге рұқсат ала алмаған. Алайда ол Азаттық тілшісімен әңгімелесуден бас тартты.
"Әйелінің зорланғаны жайлы айту моральдық тұрғыда ауыр екенін түсініңіздер. Оның үстіне менталитет пен діни көзқарастың да әсері бар" дейді адвокат.
"МӘЖБҮРЛЕП ЕМДЕУГЕ ЖІБЕРІЛСІН"
Заңға сәйкес, азаптау фактісі бойынша істі тергеу аясында жәбірленушінің, яғни азаптауды басынан өткерген адамның психикалық жарақатының деңгейін анықтайтын сараптама жасалуы керек дейді заңгерлер.
Медицина мамандарынан құралған арнайы комиссия жәбірленушінің психикалық жарақатының деңгейін, оның қашан пайда болып, қанша уақытқа созылуы мүмкін екенін анықтауы тиіс.
Бірақ 7 желтоқсанда Іле аудандық сотында жария етілген сарапшылар қорытындысында бұл сұрақтарға жауап берілген жоқ дейді адвокаттар. Жабық өткен отырысқа тек судья, прокурор, адвокат пен сарапшы ғана қатысқан.
– Жәбірленушінің азаптау я зорлық көрген кезде алған психикалық жарақатының деңгейін анықтаудың орнына сарапшылар оның "тұлғалық дамуы бұзылған" деген диагноз қойған. Психикалық жарақаты бар, бірақ оны азаптау, зорлаумен байланыстырмайды. Және сарапшылар оның шеге жұтқанын есепке алып, [тұтқынға] оны зорлаған адамдардың берген мінездемесіне сүйенген, қысқасы "ақыл-есі дұрыс емес" дегенге келтірген. Сондықтан оны жіті бақыланатын жабық медицина мекемесінде мәжбүрлі түрде емдеуге жіберіп отыр, бұл сондай мекемелердің ішіндегі ең қатаңы саналады, – дейді адвокат Александр Ким.
Судья Ертарғын Сәдуақасов сарапшылардың өтінішін қанағаттандырып, түрмеде азаптау мен зорлауға тап болғанын айтқан шағым иесін Алматы облысы Ақтас ауылындағы республикалық арнайы психиатриялық ауруханаға жіберуді ұйғарды. Адвокаттар енді бір ай жәбірленушімен кездесу мүмкін болмайтынын айтады.
– Оның ақыл-есі орнында, өз ісіне жауап береді. Әлдебір жаттанды сөз емес, шындықты айтады. Ал олар қазір оны "есі дұрыс емес" деп тапса, істі жауып тастайды, – дейді тұтқын әйелмен түрмеде кездескен адвокат Ким.
Бұл пікірді адвокаттың әріптесі Виктор Тен де қолдайды. Оның сөзінше, арыз иесінің "есі дұрыс емес" деуге еш негіз жоқ.
– Кез келген адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғанда ең алдымен оның ақыл-есінің дұрыстығы тексеріледі. Сол кезеңде толығымен дені сау болған. Кейін түзеу мекемесіне жазасын өтеуге жеткізілгенде де дәл сондай сараптама тағы жасалады. Онда да бәрі дұрыс болған. Енді міне жабық мекемеде отырып "есі дұрыс емес" болып шыққанын қалай түсінуге болады? Тіпті солай болған күннің өзінде оған емес, қамаудағылармен қалай жұмыс істеп отыр деп мекемеден жауап алу керек емес пе? Оның үстіне жабық мекемеде, мейлі ақыл-есі қандай болса да, адамды зорлауға жол беруге болмайды, – дейді Виктор Тен.
Қос адвокат тұтқын әйелді мәжбүрлеп емдеуге жіберген сот қаулысына наразылық білдіріп, шағым жазып жатыр.
Азаттық тілшісі 13 желтоқсанда хабарласқанда Виктор Тен:
– Сот қаулысы әлі күшіне енген жоқ. Он күн ішінде оны қайта қарауды сұрап арыздана аламыз. Бірақ 10 желтоқсанда таксафоннан хабарласқан Ә.Ж. "мені Ақтасқа әкетуге дайындап жатыр" деді. Мен оны әкетуге ешкімнің хақысы жоғын айттым. Бірақ қазір оны алып кетті ме, әлде әлі изоляторда ұстап отыр ма, белгісіз. Не тергеу изоляторынан (СИ-18), не Ақтастан жауап ала алмай отырмыз, – деді.
Алматы облысы Ақтас ауылындағы республикалық арнайы психиатриялық аурухана мен Алматы қаласындағы ЛА155/18 мекемесіне Азаттық тілшісі де телефон шалған еді. Екеуі де "телефонмен ондай ақпарат бермейміз, туысы болсаңыз келіп, құжатыңызды көрсетіп, сұрасаңыз болады" деп жауап берді.
"ТҰТҚЫНДЫ АЗАПТАП, ҚОРЛАУ ТЫЙЫЛМАЙ ОТЫР"
Жауғаштыдағы әйелдерге арналған ЛА155/4 мекемесіне сотталған адамды зорлау қылмысы таңсық емес.
2020 жылғы 6 қазанда Алматы облысының Іле аудандық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкерін қамауда отырған трансгендер әйелді азаптағаны және зорлағаны үшін айыпты деп тауып, 5 жылға бостандығынан айырған. Жәбірленуші өзі жазасын өтеп жатқан ЛА155/4 түзеу мекемесіне "экстремистік" баптар бойынша сотталған адамдармен жұмыс істейтін ҰҚК өкілі еш кедергісіз кіргенін айтқан. Сот айыпкерді мемлекеттік қызмет атқару құқығынан және майор шенінен айырған. Бұрынғы ҰҚК қызметкері апелляциялық шағым түсіргенімен, арызы қанағаттандырылмады.
2016 жылы жазда ІІМ қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінде тергеу кезінде қамауда отырған Наталья Слекишина өзін түрменің бірнеше қызметкері топтасып зорлап, содан жүкті болғанын, кейін босанғанын мәлімдеген. Күдіктілер тұтқын әйелдің сөзін жоққа шығарған. Іс сотқа жетіп, сараптама қорытындысы абақтыда дүниеге келген сәбидің әкесі түрме қызметкерлерінің бірі екенін анықтады. Сот тергеу изоляторы қызметкерін "зорлау", "азаптау" және "билiгін немесе лауазымдық өкiлетін асыра пайдалану" қылмыстарын жасағаны үшін айыпты деп танып, тоғыз жылға түрмеге қамады. Ал түрме бастығы "қылмысты жасырғаны" және "қызметінде әрекетсіздік танытқаны" үшін бес жылға бостандығынан айрылды. Бірақ кейін апелляция соты оның үкіммен келіспейтіні туралы шағымын қанағаттандырып, жаза мерзімін екі жылға дейін азайтты.
Қазақстанда қылмыстық атқару жүйесіне қарасты 82 жабық мекеме бар, оның 66-сы түзеу мекемесі, 16-сы тергеу изоляторы. Елде әйелдерге арналған алты мекемеде жалпы саны 2200-ден астам адам жазасын өтеп жатыр.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері үкіметтері ресми Нұр-Сұлтанды түрмедегі азаптауды тоқтатуға ылғи үндейді. АҚШ-тың адам құқықтары жөніндегі биылғы есебінде Қазақстанда тұтқындардың азапталуы жөніндегі істердің сотқа жете бермейтіні, түрме қызметкерлерінің әдетте жеңіл жазамен құтылатыны жазылған.
Еуропарламент биыл ақпандағы "Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі" қарарында елде жыл сайын қамауда отырғандарды азаптау, қорлау оқиғалары жүздеп тіркелетінін, өмір сапасы және сотталушы құқықтарын сақтау тұрғысынан жазалау институттары халықаралық стандарттарға сай емесін айтқан.
ПІКІРЛЕР