ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКПЕН ЖҮРУ БЕЙНЕТІ
Шымкент қаласының шетіндегі Қайтпас-2 ықшамауданында тұратын 40 жастағы Гүлзинат қаланың екінші басындағы Тассай ықшамауданында орналасқан медициналық орталықта медбике болып істейді. Таңертеңгі сағат сегізде басталатын жұмысқа үлгеру үшін Гүлзинат екі сағат бұрын үйден шығады. Қайтпас-2 ықшамауданынан Тассайға дейін тікелей автобус қатынасы жоқ болғандықтан Гүлзинат әуелі қала орталығындағы "Гипер Хаус" сауда орталығына жетіп алып, сол жерден басқа көлікке ауысып мінеді. "Гипер Хаус" аялдамасына көрші Қайнарбұлақ саяжайынан шығып, Қайтпас-2 ықшамауданы арқылы өтетін №70 бағыттағы автобуспен жетуге болады. Бірақ оның машақаты көп дейді Қайтпас-2 тұрғыны.
- Ол автобусқа отыру мүмкін емес. Үнемі кісі көп, орын жоқ, оның үстіне ескі, сасық. Амалсыздан адам басына 100 теңгеден алатын такси жалдап, "Гипер Хаус" аялдамасына жетеміз. Сол жерден Тассайға жүретін жалғыз көлік – №65 бағыттағы авобусқа мініп жұмысқа барамын. Осылай жүргеніме бес жылдан асты, - дейді Гүлзинат.
Бір-біріне жақын Қайнарбұлақ саяжайы мен Достық, Қайтпас-2 ықшамаудандарында негізінен жеке меншік үйлер орналасқан. Онда тұратын халық үшін автобус қатынасы – көп жылдан бері шешілмей келе жатқан негізгі проблемалардың бірі. Қала орталығына автобуспен жету машақат болғандықтан жұрт такси жалдауға мәжбүр.
"БИЛІККЕ АЙТА-АЙТА ШАРШАДЫҚ"
Шымкенттің орталығындағы Рысқұлов және Дулати көшелерінің қиылысында орналасқан "Гипер Хаус" сауда орталығының қасындағы аялдамадан қаланың шеткері аудандарына бірнеше бағыт бойынша көбіне ескі, шағын автобустар қатынайды. Осы жерден Қайнарбұлақ саяжайы мен Достық, Асар-2, Қайтпас, Қайтпас-2 ықшамаудандарынан келіп-кететін адам көп.
Азаттық тілшісі Шымкенттегі бірнеше бағыт бойынша жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көлікпен жүріп көрді. Журналист мінген №70 бағыттағы автобус "Қырғы базардан" шығып, "Гипер Хаус", Қайтпас-2 ықшамауданы арқылы Қайнарбұлақ саяжайына барады. Кестеде әр 15 минут сайын жүреді деп көрсетілген автобусқа Азаттық тілшісі "Гипер Хаус" аялдамасынан отырды. "Қырғы базардан" автобус адам лық толып келді. Шамамен елу жолаушыға шақталған көлікке сексен шақты адам мінген. Автобусқа сыймаған бірталай жолаушы келесі көлікті күтіп аялдамада қалды.
Есіктен кіреберіс баспалдақта иін тіресіп үш адам, жүргізушінің жанындағы тар жерде бес адам тұр. Бірінің үстіне бірі мініп кетердей болып тұрған жолаушылар арасында әр тұстан оқушы балалардың басы қылтияды Сығылысқандардың кейбірі ауа жетпей жатқанын айтып, терезені ашуды сұрап айқайлады. Жолаушылардан жол ақысын төлеуді ұмытпауды сұраған кондуктордың дауысы естіледі.
- Күнде осы. Адам көп. Тік тұруға орын таппайсың. Мына балаларға обал. Қысылады, терлейді, жеткенше қиналып кетеді, - деп сөзін бастады жолаушы әйел. - Қосымша автобус, не бағыт ашуды сұрап әкімдікке талай мәрте арыздандық. Қандай жағдайда жүргенімізді фото мен видеоға түсіріп те жібердік. Бірақ түк өзгерген жоқ. Айта-айта шаршадық.
№70 бағыттағы автобус Қайтпас-2 ықшамауданына кіріп, Сырым батыр көшесіндегі "Мектеп" аялдамасына жетті. Ол жерде қоғамдық көлікті күтіп ондаған оқушы тұр екен. Кеш батып, қараңғы түскен. Оншақты бала бірін бірі итеріп автобусқа мінгенімен, көбі сыртта қалды. "Соңғы автобус, бұдан кейін автобус келмейді" деп кондуктор айқайлады. Автобусқа сыймай қалғандар өткен-кеткен көлікті тоқтату үшін қол көтеріп жол жиегіне шығып тұрды.
"БЕС ӘКІМ АУЫСТЫ, АВТОБУС МӘСЕЛЕСІН ШЕШКЕН ЖОҚ"
Шымкентте қоғамдық көлік жұмысын бақылап жүрген белсенділер тасымалдаушылар қызметіне жұрттың көңілі толмайтынын айтады. "Зияткер - Ұстаз" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлы қаладағы қоғамдық көліктердің көбі ескі әрі тар екенін, ал жүру интервалы ұзақ және оның өзі кестедегі уақытынан жиі кешігетінін айтады. Белсенді қала билігіне осы проблема туралы бірнеше жылдан бері айтып келеді.
- 2014 жылдан бері №14 бағыттағы микроавтобустың қолайсыз екені туралы талай жаздым. Одан бері бес рет әкім ауысты. Бірақ еш өзгеріс жоқ. Мысалы, 2020 жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы болады деп жарияланған. Ал темір жол вокзалынан шығып, Шымкенттің орталық көшелері арқылы қала әкімдігінің алдынан өтетін әлгі №14 бағыттағы микроавтобустар ескі. Осыны көрген қонақтар қала мәдениеті туралы қандай ойда қалады? Меніңше, қала ішінде жолаушы тасымалдау саласында микроавтобустардан арылатын уақыт жетті, - дейді ол.
Шымкенттегі қоғамдық көлік мәселесін көтеріп жүрген азаматтық белсенді Шаруа Пірмәт қазіргі кезде автобус айдайтын жүргізуші тапшы екенін айтады. Оның сөзінше, талапқа сай маман өте аз, жүргізуші дайындау көкейкесті мәселеге айналған, ал қоғамдық көлік жүргізушілер мен кондукторлар арасында жолаушымен сөйлесу мәдениетін білмейтіндері де кездеседі.
- Қоғамдық көлікті кемі үш жыл жұмыс тәжірибесі бар, 25 жастан асқан адам жүргізуі керек. Шымкентте автобус айдауға құқығы бар жүргізуші аз, - дейді белсенді.
Белсенді Ибрахим Әлсерке Шымкентте кешкі сағат жетіден соң қоғамдық көліктің көбі тоқтап қалатынына назар аударады. Ондайда такси жалдауды әркімнің қалтасы көтере бермейтіндіктен кешкі уақытта діттіген жерге жаяу-жалпы шұбыруға тура келеді.
- Әкімдік тасымалдаушы компаниялардан автобустардың кестеге сай уақытылы жүруін талап етуі керек, - деп санайды белсенді.
"СУБСИДИЯ БОЛМАЙ ШЫҒЫН АҚТАЛМАЙДЫ"
"Южавтотранс" тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюпов Шымкент қаласында автобустарға алты жүзге жуық жүргізуші жетіспейтінін айтады. Оның сөзінше, соңғы 3-4 жылда қалада қоғамдық көліктердің көбі жаңарғанымен жолаушы тасымалдап жүргеніне 15-25 жыл болған автобустар да бар. Қауымдастық басшысы қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторлардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалмағанын, мысалы, бір мезгіл тоқтап, тамақтанатын және жуынатын орын жоқ екенін де айтты. Осы мәселені шешу үшін ғимарат салуға жер бөлуді сұрап әкімдікке өтініш те берілген. Талап бойынша, қоғамдық көлік аялдамаларының ара қашықтығы 600 метрден кем болмауы тиіс, алайда қалада бір-бірінен 300-400 метр жерде орналасқан аялдама көп. Тасымалдаушы мен жолаушының құқығын қорғайтын заң шикі дейді қауымдастық жетекшісі.
- Қоғамдық көліктерді жаңарту үшін субсидия бөлінуі керек. Қалада кешкі сағат жетіден кейін қоғамдық көлік тоқтайды. Мысалы, Қайнарбұлаққа қатынайтын автобус түнде он адаммен соңғы аялдамаға дейін бара алмайды. Өйткені жолға кететін шығынды ақтамайды. Қоғамдық көлік түнгі сағат он бірге дейін жүруі үшін де субсидия қарастыру керек, - дейді Қаюпов.
Шымкентте биыл жазда Shymkent bus муниципалды автопаркі жаңадан ашылған. Жергілікті билік 300 жаңа автобус алынған компанияда жұмыс істейтін жүргізушілер жоғары жалақы алып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетілетін болады деп хабарлаған. Содан бері өткен уақыт ішінде үш басшы ауысқан муниципалды автопарктің жүргізушілері жалақының уәделі мөлшерден аз екендігін, оның өзі қолға уақытылы тимейтінін айтып, наразылық білдірген.
Shymkent bus қызметкерлері жалақы даулады (20 қараша 2019 жыл)
БИЛІК ӨКІЛІНІҢ УӘЖІ
Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ержан Диабеков те қоғамдық көлік жүргізушілері тапшы екенін айтады. Оның берген мәліметі бойынша, қалада жолаушы тасымалдау қызметін көрсететін 27 компанияда 78 бағыт бойынша 1161 автобус жұмыс істеп жүр. Әр компанияға бірнеше міндеттеме жүктелген. Мысалы, қоғамдық көлікті жаңарту міндеттемесін орындамаған тасымалдаушы компанияның автобустары бағыттардан шығарылады. Диабековтің сөзінше, жергілікті билік жолаушы тасымалымен айналысатын компаниялардың субсидия бөлу туралы өтінішін қарап жатыр.
Шымкенттегі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бөлімінің басшысы Наурыз Сүгірәлиев қала шетіндегі Достық, Қайнарбұлақ, Асар-2, Қайтпас-2 ықшамаудандарына қатынайтын бағыттарда қоғамдық көлік жетіспейтінін растады.
- Қаладағы қоғамдық көліктер тозған. Кей бағыттарда автобус жетіспейді. Кейбір компаниялардың көліктері техникалық байқаудан өтпеген. Алғашқы жеті жылға дейін қоғамдық көлік жаңа деп саналады. Ал қалада 700-ден аса көліктің жүргеніне жеті жылдан, жүз шақтысының пайдаланылып келе жатқанына 15 жылдан асқан, - дейді бөлім басшысы.
Сүгірәлиев жолаушы тасымалдайтын микроавтобустардан түбегейлі бас тартуға болмайтынын, өйткені кей ықшамаудандардағы жолдың жағдайы үлкен автобустың жүруіне жарамайтынын айтады.
Шымкент полиция департаменті басшысының орынбасары Мұрат Алтаевтың айтуынша, 2019 жылдың 11 айында қала бойынша қоғамдық көліктердің қатысуымен 4154 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркелген.
ПІКІРЛЕР