Өткен аптада "Харекет" қайырымдылық қоры Алматы облысының көп балалы екі тұрғынына үй сатып алып берді. Аталған қор бір жарым жыл ішінде жетпіс отбасыны баспанамен қамтамасыз етті.
45 жастағы Жайнагүл Бақытхан Алматы облысы Ақсу ауданындағы Ілияс Жансүгіров ауылында тұрады. Отбасында бес баласы бар. Үлкені - 17-де, кішісі - бір жарым жаста. Өз айтуынша, отбасының айлық жалпы табысы - 30 мың теңге. "Харекет" қорының үй салып бергені Жайнагүл үшін өміріндегі ең қуанышты оқиғаның біріне айналды.
БЕС АДАМНЫҢ ТӘУЕКЕЛІ
- Бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрып келдім. Үйсіз жүргеніме 13 жыл болды. Ойладым, осылай енді панасыз жүрем бе деп. Балаларым үлкейгенге дейін Алла қолдап осылай үйге жеткізді. Оған да қуанамын. Көп қиналдым. Менің көргенімді ешкімнің басына бермесін. Бірақ, балаларым үшін қиыншылыққа төземін. Балаларым енді мендей қиыншылық көрмей-ақ қойсын, - деді үйдің кілтін қолына ұстап тұрып көзіне жас алған Жайнагүл Бақытхан.
Жайнагүлмен бірге "Харекет" қорынан үй алған жалғызілікті ана Гүлбану Сейітбекованың отбасында жеті бала бар. Кіші қызы науқас. Ақпанның 8-і күні Алматы қаласында анасына үйдің кілтін табыстау салтанатында сахнаға ере шыққан қыздары да қуаныштан жылап тұрды.
2017 жылы Facebook әлеуметтік желісінде қазақстандықтарды "Бір теңгеден жинап, бір адамға үй алып беруге" шақырған жазба пайда болған. Іле-шала сол жылдың мамыр айында "Харекет" қоры құрылды.
Қор басшысы Гүлмира Мұқанқызының сөзінше, "айына мың теңгеден жинап, бір жетімге жәрдем қылу туралы" бастамасы бірден қолдау тауып кете алмаған. Ол қор ашу үшін көмек сұрап танымал адамдарға барғанын, көбінен қайыр болмағанын айтады. Уақыт өте келе өзін қолдайтын бес адамның басын қосып, қор құрған.
- Қорды алғаш қолға алған кезде есепшотта бес-алты адам салған қаржы ғана бар еді, - деп еске алады Гүлмира.
Қазір қайырымдылық ұйымы айына 16 үй салуды мақсат ететін жағдайға жеткен. Сонымен бірге тұрмысы нашар отбасылар мен мұқтаждарға арналған "Харекет" атты асхана ашу туралы жоспары бар.
ЗЕКЕТ ПЕН ЖЕКЕ ДЕМЕУШІЛЕР
Баспанасыз жүрген отбасыларға үй берумен айналысатын қазақстандық қорлардың тағы бірі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған "Зекет" қоры.
"Зекет" қоры баспанаға мұқтаж жандарға 2018 жылы Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Жамбыл облыстары және Алматы қаласынан тоғыз үй салып берген.
Қордың үйлестірушісі Бауыржан Ахметов тек үй салумен немесе сатып алумен шектелмейтіндерін, кейбір баспаналарды жөндеумен де айналысатындарын айтты.
- Мысалы, Ақмола облысында бір үйге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жиһаздарын қойып бердік. Мешітте комиссия болады. Өтініш берген нағыз мұқтаж, көп балалы аналар, жағдайлары жоқ отбасылар кезекте бірінші болады, - дейді ол.
"Зекет" қорының негізгі қаржы көзі – жеке демеушілер мен кәсіпкерлер.
Бірнеше облыста үйсіз жүргендерге жекелеген адамдар, еріктілер мен кәсіпкерлер өз күштерімен үй салып немесе қаржы жинап, баспана сатып алып берді. Мысалы, 2018 жылы Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Шұбарсу ауылының тұрғындары асар жасап, тұрмысы төмен екі отбасына үй салып бергені туралы Азаттық жазған.
2019 жылы Түркістан облысында сабақтан бос уақытында темір жинап, өткізіп, ақшасына үйіне азық-түлік алып жүрген Ағабек есімді бала жайлы Facebook әлеуметтік желісінде видеоролик пайда болған. Содан бірнеше күн өткен кезде еріктілер қаражат жинап, баланың отбасына жеті миллион теңгеге баспана алып берді. Ағабектің анасы науқас, әкесі жоқ. Екі қарындасы мен інісі бар.
Биыл ақпанның 6-сында Астанада уақытша баспанадағы өрттен қаза тапқан бес қыздың ата-анасына Астанадағы "Әзірет сұлтан" мешіті де "жамағаттан жиналған қаражат есебінен пәтер алып беретіндерін" хабарлады.
"ШАРЫҚТАУ ШЕГІНЕ ЖЕТТІ"
Әлеуметтанушы Ақмарал Әлімбетованың пікірінше, жеке қорлардың, еріктілер мен кәсіпкерлердің баспанаға мұқтаж жандарға үй сатып алып немесе салып беруі мемлекеттің әлеуметтік саясатының ақсап тұрғанын көрсетеді.
- Әлеуметтік сала мемлекеттің экономикалық саясатына тікелей байланысты. Қазақстандағы көп балалы аналарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі өзекті, мемлекет орындауға міндетті функциялардың бірі. Өйткені мемлекеттің саяси, әлеуметтік міндеттерінің бірі – халықтың тұрмыс-жағдайын жақсарту. Алайда тұрғын үйге қатысты әлеуметтік түйткіл баяғыдан бар еді. Бірақ қазір шарықтау шегіне жетті, - дейді ол.
Ақмарал Әлімбетованың ойынша, билік баспана мәселесін бір адамның емес, тұтас мемлекеттің қажеттілігі ретінде қарастыру керек.
Заңгер Алмас Жұмағали "Қазақстанда баспана мәселесі пісіп жетіліп, жарылуға шақ қалғанын, сол себепті мемлекет өзінің әлеуметтік мемлекет екенін есіне түсіріп, баспана алуға, оның қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндетті болуы керек" деп есептейді.
– [Биліктің] конституцияның 1-бабында өзін "Демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде" бекітіп, 27-бабында "отбасы, ана мен бала мемлекет қорғауында" деп жариялап, бірақ отбасының, ана мен баланың ең төменгі қажеттіліктерін өзге біреуге ысырып қоюы қисынсыз, - дейді заңгер.
Қазақстан билігі үйі жоқ көп балалы отбасыларға пәтер салу мәселесін Астанадағы жалдамалы баспанада шыққан өрттен бір отбасының бес баласы қаза тапқаннан кейін қайта қарастыра бастады. Ақпанның 6-сы күні Астанада өткен баспасөз жиынында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек көп балалы отбасылардың баспана проблемасын шешу мақсатында "Нұрлы жер" бағдарламасына жалға берілетін пәтер салуды ұлғайтуды көздейтін арнайы бөлім қосуды ұсынып отырғандарын айтты.
- Биыл ондай пәтер салуға қаржыны көбейтпекпіз, осыған дейін 25 миллиард теңге бөлінген болса, енді бұл үшін әкімдіктерге 35 миллиард теңге береміз. Соның есебінен төрт мың арендалық пәтер салынады, - деді министр.
Ресми мәліметке сәйкес, 28 мың отбасы арендалық пәтер кезегінде тұр. Ал Қазақстанда 237 мың көп балалы отбасы бар.
(Мақаланы дайындауға Айтолқын Райхан мен Балнұр Қуанышова көмектесті.)
ПІКІРЛЕР