"ҚАЗАҚСТАН – ЖАБЫРҚАУ АДАМДАР ЕЛІ"
Темірлан Еңсебек бір-ақ күнде бүкіл әлемге танылып үлгерді. Бірақ бұлайша танымал болуды өз еркімен таңдамағаны анық. Мамырда Instagram-дағы сатира материалдарын жариялайтын Qaznews24 паблигінің администраторына полиция қызметкерлері сау етіп жетіп барға.
Qaznews24 парақшасына саяси тақырыпта әзілдер жарияланған. Бұл жазбалар оқырманға ұнап, желі қолданушылары арасында кең тараған. Нәтижесінде полицейлер тіркелмеген "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының қатысушысы Еңсебектің пәтерін тінтіп, жұмыс техникасын алып кеткен, жас жігіттің өзін бірнеше сағат полиция бөлімшесінде ұстап, босатқан.
Полиция департаментінен шыққан Еңсебекті есік алдында "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының ондаған қатысушысы күтіп алған. Еңсебек полицейлер өзінен тергеу деректерін жарияламау туралы қолхат алғанын айтқан.
Еңсебек полицияда осы оқиғадан бірнеше күн бұрын фишинг шабуылдарынан кейін өшіруге тура келген Instagram парақшасындағы контентті өзі дайындағанын мойындаған. Бірақ ол өзін "көрінеу жалған ақпарат таратушы" санамайды.
Еңсебек ұсталған күні "Парақшада адамдар мен оқиғаларға қатысты кез келген сәйкестік – кездейсоқ нәрсе екені анық жазылған. Бұл – шынайы жаңалықтар емес, сатира контент" деген.
Қылмыстық іс қозғалғалы жарты жыл өтті. Қазір Темірлан әйелімен бірге Грузияда туристік бизнеспен айналысып жүр.
– Екі елде тұрамын. Қазір істі жабатын шығар деген үмітпен үйіме келдім. Көзқарасым өзгерген жоқ, қылмыстық іске дейін қандай болса, сол күйінде қалды. Тек "Қазақстан – жабырқау адамдар елі" екенін, мұнда күлкіге орын жоғын түсіндім. Әзіл үшін қудалау – Қазақстан қоғамына салмақты белгі, – дейді Темірлан.
Тергеу деректерін жарияламау туралы қолхат әлі күшінде. Сондықтан Еңсебек өзіне қатысты қозғалған қылмыстық істің қалай жүріп жатқанын айта алмайды, оның үстіне, бұл туралы өзі де жөнді білмейді.
– Қазір маған қатысты қозғалған қылмыстық істің қай деңгейде екенін өзім де білмеймін. Сондықтан не істерімді білмей отырмын. Кейінгі жарты жылда осындай күйде өмір сүріп жатырмын. Полицейлер алып кеткен техникамды әлі қайтарған жоқ. Істі жапқан кезде немесе соттан кейін қайтарар бәлкім. Бірақ сот болмайтын шығар деп үміттенемін, – дейді ол.
Еңсебектің "қорғану құқығы бар куәгер" мәртебесі де сол күйі қалған. Ол ізінен аңдушылар барын, қазір әр қадамын бақылаушы сырт көз азайғанымен, мамырда ондайлар тым белсенді болғанын айтады.
– Тінту жүргізіп, тергеуге апарған күннің ертеңіне үйдің алдынан бастап бір адам ізіме түсті. Басында қызық көрінгенімен, күн өткен сайын олардың қатары көбейе берді. Демалыс күні Панфилов көшесі бойында серуендеп жүргенімде оннан астам адам аңдыды. Бірнешеуі – сол жақтан, тағы біразы – оң жақтан. Соңымнан ілесіп және алдымда да адамдар жүрді. Олар аңдып жүргенін жасырып, білдірмеуге тырысқан да жоқ. Бірде рөлде отырғанымда үш көлік соңыма түсті. Олар ізімнен қалмай жүріп отырды. Енді қайда барсам да, үнемі айналама қарап жүремін. Осындай әдет пайда болды, – дейді ол.
"ХАТТАР МАРАФОНЫ" ДЕГЕН НЕ?
Жазда Темірлан Amnesty International халықаралық ұйымының "Хаттар марафоны" деп аталатын акциясының қатысушысы атанған. Еңсебек – бұл көлемді акцияға қатысқан бірінші қазақстандық.
– Маған "Еркіндік қанаты" қорының (Amnesty International-мен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйым – ред.) өкілдері хабарласып, "Сізді ғаламдық акцияға қатысуға ұсынсақ, қарсы болмайсыз ба?" деп сұрады. Келістім. Кейін маған Amnesty International ұйымы жазды. Үнемі байланыста болдық, олар бұл акцияға қатысып жатқан бірінші қазақстандық екенімді айтты, – дейді Еңсебек.
"Еркіндік қанаты" қоры дерегінше, "Хаттар марафоны" – құқық қорғаушылар, азаматтық және саяси белсенділерге қарсы қылмыстық заңнаманы негізсіз қолдану фактілеріне назар аударып, осындай қудалауға ұшыраған адамдарды қолдауға арналған шара.
Аталған құқық қорғау акциясы аясында бүкіл әлем азаматтары мемлекет билігінен Amnesty International ұйымы құқығы бұзылып жатыр деп тапқан адамды қудалауды тоқтатуды немесе босатуды талап етіп, хат жазады. Хатқа қол қою – адам құқықтарының бұзылуынан зардап шеккендерге қолдау көрсетудің белгісі.
– Акция өтіп келе жатқан 20 жылда бірінші рет әлеуметтік желідегі сатираға бола қудалауға ұшыраған қазақстандықты қолдауға мүмкіндік туып отыр. Біз үшін Темірланның жыл қаһарманы болғаны өте маңызды, өйткені журналистер мен блогерлерді қудалау Қазақстанда жиі кездесетін пікір білдіру еркіндігін бұзуға жатады, – дейді "Еркіндік қанаты" қорының жоба үйлестірушісі Дана Бұралқиева.
Оның сөзінше, Темірланды акция қаһарманына айналдыру оңайға соқпаған.
– Бұл жерде мемлекеттің қудалауға ұшыраған адамға жасаған аяусыз әрекеті мен қатыгездігіне ерекше мән беріледі. Мысалы, акцияға Беларусь атынан ұсынылған Никита [Золотарев] азаптауға ұшыраған. Сондықтан Темірланның оқиғасын қорғау қиынға соқты. Бірақ ол – өңірлік қаһарман. Оның ісі бүкіл өңірдің және еліміздің мәселесін айқын көрсетеді, – дейді Бұралқиева.
"Еркіндік қанаты" қоры өкілі халықаралық ұйымдардың қолдауы шетелде резонанс туғызып, елдегі жағдайдың жақсаруына әсер ететінін айтады.
– Ақпарат халықаралық деңгейге шыққаннан кейін мемлекет белгілі бір жеңілдіктерге барады. Сондықтан "Хаттар марафоны" ынтымақтастықтан бөлек, бұл бір адамның ғана мәселесі емесін, қудалауға ұшыраған белсендіні Қазақстан билігінің алдында миллиондаған адам қолдауға дайын екенін көрсетуге көмектеседі, – дейді ол.
Бұралқиеваның сөзінше, акцияға қолдау білдірудің үш жолы бар: петицияға қол қою, Темірлан Еңсебекті қолдап, хат жазу немесе Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа үндеу жіберу.
ТЕМІРЛАН САТИРАДАН БАС ТАРТТЫ МА?
Qaznews24 паблигі біраздан бері бос тұр. Қазір Еңсебек сатира контент дайындамайды.
– Қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатқандықтан, саяси тақырыпта әзілдеуді қойдым. Болашақта сатираны жалғастырамын ба? Көреміз. Іс тоқтасын, қалғанын кейін көреміз, – дейді ол.
Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Темірланды бірнеше құқық қорғау ұйымы, оның ішінде "Шекарасыз тілшілер" де қолдаған.
Қазақстандық баспасөз құқығын қорғаушы "Әділ сөз" ұйымы "заңда әзілдеуге тыйым салынбағанын" мәлімдеген.
Бірнеше қазақстандық басылым журналистері Еңсебекті ұстап, қудалауды "кем дегенде дөрекі қателік, болмаса, Конституцияның шығармашылық еркіндігіне кепілдік беретін 20-бабын бұзу" деп бағалаған. Олар ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа ашық хат жазған.
Әлемнің белді ақпарат құралдары да Темірлан Еңсебекті қудалауды "ақылға сыймайтын нәрсе" деп атаған.
Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Еңсебекті қылмыстық қудалау туралы берген пікірінде "сатира мен жалған ақпарат арасында шекара барын" айтқан.
Заңда "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша бірнеше миллион теңге айыппұл немесе үш жылға дейін бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Азаттық ішкі істер министрлігі баспасөз қызметіне хабарласып, Темірлан Еңсебектің ісі мен оны қолдауға арналған халықаралық науқанға қатысты пікір сұраған еді. Бірақ осы мақала жарияланғанға дейін министрліктен жауап болмады.
ПІКІРЛЕР