Қазақстанда бірнеше күн қатарынан дипломатиялық тұрғыда маңызды іс-шаралар өтті: Рим папасы Францисктің келуі, Қытай президенті Си Цзиньпиннің пандемиядан кейін алғаш рет шетелге сапарлауы, Әлем және дәстүрлі діндер съезі. Украинадағы соғыс халықаралық шиеленісті ушықтырып тұрған шақта бұл жиын өтпей қалған кездесулермен есте қалмақ.
Бірақ съезд Қазақстанға өзін әлемді қабылдайтын ел ретінде көрсетуге, Ресейден шығып жатқан риторикалардан үзіліс алуға мүмкіндік берді. Украинадағы соғыс басқаларға қарағанда Қазақстанға көбірек көлеңке түсірген еді.
14 қыркүйекте жақында атауы ауысатын Нұр-Сұлтан қаласында жол бойында ілінген Ватикан мен Қытай туы бір-біріне ұқсамайтын екі лидердің келе жатқанын айғақтап тұрды.
Си Цзиньпин Қазақстанға сапарынан кейін Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысады. Онда Си Цзиньпиннің Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі басты назарда болмақ. Жыл басында олар "шексіз әріптестік" туралы мәлімдеген еді.
Си Цзиньпин мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуі туралы Ақорданың ақпаратында Украина туралы айтылмаған. Ал Си Цзиньпин Пекин Қазақстан "тәуелсіздігін, егемендігі мен аумағының тұтастығын" сенімді түрде қолдай беретінін, Қазақстанның "ішкі ісіне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы шығатынын" айтқан. Қазақстан Украинадағы соғысқа қатысты бейтарап позиция ұстанғандықтан, Ресей тарапынан болып жатқан ақпараттық шабуыл кезінде бұл сөз назардан тыс қалмады.
Рим папасы Франциск Қазақстанға алғаш рет келді. Бұған дейін астанаға 2001 жылы Рим папасы Иоанна Павел келген еді.
Рим папасы Қазақстанға сапарын "бейбітшілік пен диалог сапары" деп атаған. Елу елден келген жүзге жуық делегация қатысатын съезд қарсаңында ол Украинаға басқыншылықтан туған мәнсіз және қайғылы соғысты сынға алды.
ОРЫС ПАТРИАРХЫ КЕЛГЕН ЖОҚ
Қазақстан Әлем және дәстүрлі діндер съезін осымен жетінші рет өткізіп отыр. Пандемия кесірінен былтыр өтуі тиіс жиын кейінге қалған еді.
Бірақ 2021 жылдан бері көп уақыт өткен сияқты көрінеді.
Қаңтарда Қазақстанда режимге қарсы наразылық болып, 230-дан астам адам қаза тапты. Елдің қарулы күштері мен полицияның халыққа оқ атқаны, қамауға алынғандарды азаптағаны айтылды.
Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаев Мәскеу басқаратын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұрады. Содан кейін Ресейдің мемлекеттік баспасөз құралдары Қазақстанға Мәскеуге қарыздар екенін айта бастады.
Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Украинадағы Луганск пен Донецк құрылымдарын мойындау мәселесі қарастырылмайтынын айтты. Содан кейін мемлекет қаржыландыратын ресейлік RT агенттігінің бас редакторы Маргарита Симоньян "Оларды не үшін қорғап қалдық?" деп жазды.
Кейін мұндай сипаттағы риторикаға депуттаттар, саяси сарапшылар мен тележүргізушілер де қосыла кетті.
Қазақстан мұнайын Ресей портына жіберетін құбыр бірнеше рет істен шықты. Бұл Кремльдің Қазақстанды экономикалық тұрғыда жазалап жатқаны туралы әңгімеге түрткі болды.
Бірақ Қазақстан қысымға мойынсұнбай, Ресейге Батыс санкцияларынан жалтаруға көмектеспейтінін айтумен болды.
Шиеленіске қарамастан Путинді "сенімді серігі" атайтын Тоқаев съездегі сөзінде ірі державалар арасындағы геосаяси текетірес күшейгенін айтып, дін өкілдерін бейбітшілік үшін жаңа жаһандық қозғалыс жасауға шақырды.
Съезге дайындық кезінде Рим папасы Франциск пен Ресей православ шіркеуінің басшысы, басқыншылықты қолдаған Кирилл патриархтың кездесетіні туралы сыбыс пайда болды. Бірақ ол съезге келуден бас тартты. Оның орнына астанаға шіркеудің сыртқы байланыс жөніндегі басшысы митрополит Антоний келді. 37 жастағы өкіл съезд қатысушыларының алдында сөз сөйледі.
Кремльдің тезистеріне ұқсайтын сөзінде Антоний дінде ұлттық шекара жоқ екенін айтып, "бірінші-екінші сортты адамдарсыз, гегемондарсыз" бейбітшілікке шақырды.
"Ақпарат кеңістігінде жаудың образын жасап, оған саусағыңды шошайтып, бүкіл әлемнің жек көрінішін тудыруға болатынын көрдік" деді ол.
Рим папасы мен Кирилл патриарх соңғы рет наурызда видеобайланыс арқылы сөйлескен.
Бұл кездесу туралы ақпарат жоқ. Бірақ одан бірнеше апта өткен соң понтифик Кириллді Путиннің "жалшысы" болмауын ескерткен.
Съезде баяндама жасаған Рим папасы шапқыншылық туралы сөзін қайталаған жоқ. Оның орнына соғыстарды, кедейлікті, ауруларды тоқтатудың маңызын айтып, қазақ ойшылы Абай Құнанбаевтың сөзін келтірді.
Сол күні понтифик бірнеше мың адамға меса рәсімін өткізді. Қазақстанда рим-католик қауымдастығына кіретін 250 мыңнан астам адам бар.
"СИ ЦЗИНЬПИННІҢ КЕЛУІ – ҮЛКЕН ОҚИҒА"
Қытай президенті Си Цзиньпин мен Рим папасы Қазақстанға қатар келді. Бірақ ресми емес қарым-қатынастағы елдердің басшылары кездескен жоқ.
Бірақ Ресеймен қарым-қатынас ушығып тұрған кезде Қазақстан шенеуніктері үшін Қытай президенті киелі адамдай көрінген болар.
Ресми кадрлардан Тоқаевтың Си Цзиньпинді ұшу алағында күтіп алғанын, екеуінің маскада болғанын және Тоқаевтің әріптесімен қытай тілінде сөйлескенін байқауға болады.
Си Цзиньпин Тоқаевқа Пекиннің Қазақстанмен байланысқа өте көп көңіл бөлетінін айтқан.
Маңызды келісімшарттар туралы айтылмағанымен, бұл сапарды Қазақстан мен Қытай байланысындағы 2013 жылдан бергі ең маңызды оқиға деп атауға болады. Сол жылы Си Цзиньпин "Бір белдеу – бір жол" жобасын таныстырып, онда Қазақстанның маңызды рөл атқаратынын айтқан еді.
Екіжақты кездесу Си Цзиньпиннің ресми сапармен шетелге үш жылдан кейін алғаш рет шыққандықтан, Ресейдің Қазақстанға қарата айтып жүрген риторикалары күшейгендіктен "маңызды оқиға" болды деді Карнеги орталығының қызметкері Темур Умаров.
"Ресейде Қазақстанның тұрақтылық үшін Мәскеуге қарыздар екені айтылады" деді Умаров.
Қытай президентінің астанаға келуі Мәскеуге "Қазақстанның Ресейдің алаңы емес екенін", Қазақстанда сыртқы саясатты диверсификациялау үшін сұраныс пен ұсыныс бар екенін көрсетеді деді Умаров.
ПІКІРЛЕР