Алматыдағы SmArt.Point ғимаратында сәуірдің 26-сында өткен "Urban Forum Qazaqsha" жиынына 20-ға жуық жас қатысты. 2015 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан "Urban Forum Kazakhstan" ұйымы бұл жолғы шарасын алғаш рет қазақ тілінде өткізді.
Жиынды ұйымдастырушы Әділ Нұрмақовтың сөзінше, Алматыны дамытуға қатысты жобаларға осы кезге дейін қазақ тілді жастар қатыспаған.
- Олардың ынтасы жоқ па немесе сапалы ақпарат жетпей ме, білмеймін. Сондықтан ашық пікірталас өткізу үшін бүгін жиынды таза қазақ тілінде өткізуді ұйғардық, - деді Нұрмақов.
"БЕЛСЕНДІЛІККЕ ТАРТУ ҚИЫН"
Әлеуметтанушы Серік Бейсенбай Алматыдағы сегіз жоғарғы оқу орын мен бір колледжде білім алып жүрген 400 қазақ тілді студенттің арасында сауалнама жүргізіп, ауылдан келген қазақ тілді жастардың қалаға бейімделуін зерттеген. Оның айтуынша, сауалнамаға қатысқандардың 40 пайызы өзін "қалалықпын" деп есептейтінін айтса, 48 пайызы "белгілі бір деңгейде қалалық сезінемін" деп жауап берген.
Сауалнамаға қатысқандардың үш пайызы "Сіз ерікті ретінде жұмыс атқардыңыз ба?" деген сұраққа "жоқ" деп жауап берген, 54 пайызы "ешқашан қатыспағанын" айтқан. Жастардың 17 пайызы волонтерлік жұмыспен бірнеше рет айналысқанын айтса, 26 пайызы "бір рет қана" деп жауап берген. Ал "Алматының дамуына және қаладағы мәселелерді шешуге атсалысқыңыз келе ме?" деген сұраққа жауап бергендерді "Тек қана қазақша сөйлейтіндер", "Көбіне қазақша сөйлейтін, бірақ арасында орысша қосатындар" және "Екі тілде бірдей сөйлейтіндер" деп үш топқа жіктепті. Бірінші топтағылардың 30 пайызы Алматының дамуына атсалысу "қызық" десе, 39 пайызы "Қызығуым мүмкін, бірақ толығырақ білуім керек" деген. Ал 31 пайызы "Мүлде қызық емес" деп жауап беріпті. Кейінгі екі топтағылардың жауаптары ұқсас болған. Яғни, "қызық емес" дейтіндер 19 пайыз шамасында болса, "қызық" дейтіндер үлесі 40 пайызға дейін жеткен.
- Қалалық болуға бет бұрған қазақ жастарының тілдік статусын ескеру қажет. Әдетте қос тілділер қоғамдық жұмысқа қатысуға бейімдірек болады. Оларды ынталандыру және қаладағы проблемаларды шешуге жұмылдыру оңайырақ. Таза қазақша сөйлейтін жастарды белсенділікке тарту қиындау, - дейді зерттеуші.
"АЛДЫМЕН ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕНІ ШЕШУ КЕРЕК"
Әлеуметтанушының сөзінен кейін жиынға қатысушылар бірден пікірталасқа көшті. Сөйлеушілердің басым бөлігі "Ауылдан келген жастардың әлеуметтік жағдайының дұрыс болмауы олардың белсенділігіне кері әсерін тигізеді" деген пікірге тоқтады. Мәселен, Ернар Бекенов есімді азамат:
- Алматыда жеті жыл пәтерде тұрғанымда ешқашан өзімді қалалық сезіне алмадым. Алайда үй алған күннен бастап қаладағы кемшіліктерге назар аударып, көпқабатты үйлердің алдына ағаш егіп, жолдың ойық-тесігін көрсем әкімдікке хат жазатын болдым, - деді.
Жиынға қатысқан "Сорос-Қазақстан" қоры қамқоршылар кеңесінің мүшесі Берік Әбдіғалиұлы зерттеуді студенттер арасында емес, қалада жұмыс істейтін және жұмыс іздеп жүрген жастар арасында жүргізу қажеттігін айтты.
- Қазір саяси белсенділік танытып жүрген жастар да – солар. Қоғамға наразы жастар да – солар. Сондықтан зерттеудің жалғасы ретінде жұмысшы жастар мен қалаға енді келіп жатқан қазақ тілді азаматтардың арасында сауал жүргізсе, сонда ғана қалалық болғысы келетін жастардың әлеуметтік көңіл-күйі айқын көрінеді, - деді ол.
Берік Әбдіғалиұлының пікірінше, "қалалық" болғысы келетін қазақ тілді жастардың нақты ұсыныстары мен зерттеу нәтижесін қала әкімдігі де біліп, соған сай әрекет етуі керек. Әлеуметтанушы Серік Бейсенбай Алматының лас ауасы мен қаладағы көлік кептелісін және қазақ тілінің тағдырын қалаға жаңадан көшіп келген жастарды толғандыратын басты мәселелер ретінде атады.
- Қазақ тілді ақпараттағы қатып қалған дискурсты олар қайта өндіріп, өздері ортаға шығарып отыр. Яғни, осы кеңістікте өмір сүретін жастар үшін "қала мәселесін шешу" деген түсінік жоқ. Олардың мұғалімдері, олар оқитын газеттер, олар тыңдайтын әншілердің айтатын нәрселері – қазақтың тағдыры, қазақтың тарихы. Яғни, бұлардың "Қала мәселесін қалай шешеміз?", "Мүгедектер мәселесімен қалай айналысамыз?" деген сияқты нәрселерді ойлауы да екіталай, - деді ол.
ПІКІРТАЛАС
Әлеуметтанушы Серік Бейсенбайдың пікірінен кейін "қазақ жастарын қалаға бейімдеу үшін пікірталастарды қазақ тілінде өткізу керек", "Қаладағы көлік кептелісін азайту үшін студент жастардың жеке көлікпен жүруіне тыйым салайық" деушілер де болды.
Жиында сөйлегендердің бірі "Қазақ тілді жастар", "орыс тілді жастар" деп бөлуге болмайды. Бұл қазақ жастарын кемсіту" деген еді, модератор Молдияр Ергебек бөлінген уақыттың аяқталғанын айтып пікірталасты тоқтатты.
Азаттық тілшісі жиынға қатысушыларға "Сізді не толғандырады?" деген сауал қойып көрді.
Ернар Бекенов "өзін қаладағы жаяу адамдардың қауіпсіздігі толғандыратын" айтты.
- Алматы – көліктері көп қала. Оларды қоятын тұрақ жетіспейді. Соның кесірінен жүргізушілер тротуарға, қоғамдық орындарға көлікпен шығып кетеді. Екіншіден, осындай заңсыз әрекеттерді көре тұра айналып кетіп қалатын жауапсыздығымыз толғандырады, - деді ол.
Бота Аязбаева қаладағы ауаның жағдайына көңіл аудару қажет деп біледі.
- Алматы ауасын тазарту үшін қоғамдық көліктерді ретке келтіру керек, ескі көліктерді азайту мәселесін қарастыру қажет, - дейді бойжеткен.
Оның сөзінше, ауаның ластануына әсер тигізіп отырған қоқыс мәселесін шешу үшін адамдардың жеке мәдениетін қалыптастыру керек.
Қазақ тілді жас алматылықтардың саяси-қоғамдық талқылауға еркін араласып кете алмауына кедергі келтіруі мүмкін факторларға назар аударғандар да болды. Солардың бірі, өзін Түркістан облысы Жетісай ауданының түлегі деп таныстырған Дана Қазтайгүл:
- Қазақ жастары белсенді, бірақ орыс тілді қалада олардың ілгері басуы қиын. Себебі жиындар мен ұсыныс, жобалардың барлығы орыс тілінде өтеді. Мені осы толғандырады, - дейді.
"МӘСЕЛЕ ТІЛДЕ ЕМЕС"
Әлеуметтік желіде қоғамдық-саяси мәселелерді көтеріп жүрген белсенді блогер Алмас Тоқабаев "қазақ тілді жастардың қоғамдық белсенділігі төмен болатыны тілдік ерекшелігіне байланысты емес" деп санайды.
- Өкінішке қарай, біз істің емес, сөздің еліміз. Сөз жүзінде ашылған инновациялық жобалар мен зауыттар соған нақты дәлел. Жалаң ұран, жалған патриотизм арқылы карьера жасайсың, жағымды да болып көрінесің. Технократ қазақ жастары да бар. Бірақ Қазақстанда емес. Елде оларға қолдау да, материалдық-техникалық база да жоқ. Себеп біреу. Бізде буын ауыспайды. Заман ағымынан баяғыда қалып қойған. Олардан не қолдау күтуге болады? - дейді Тоқабаев.
Жастардың қоғамдық белсенділігі туралы әлеуметтік зерттеу жүргізген Серік Бейсенбай "тек қазақша сөйлейтін жастарға қарағанда аздап орысша білетін не қос тілде сөйлейтін жастар әлдеқайда белсенді" деген қорытынды жасаған. Әлеуметтік зерттеу нәтижесі туралы және біржақты талқылау әлеуметтік араздық емес пе деген сұраққа ол былай деп жауап берді:
- Бұл зерттеудің мақсаты – баға беру емес, осы мәселені ғылыми обьекті ету. Ал зерттеудің нәтижесін талқылаған кезде пікір екіге бөлінді. Мен мұны араздық тудыру деп ойламаймын. Өткені біздің зерттеуге қатысқандардың барлығы қазақ тілді жастар. Және оның басым бөлігі орыс тілін білетін жастар. Тек қазақ тілінде сөйлейтіндердің үлесі 20 пайыз болды. Салыстырмалы түрде бізде тілден бөлек, олардың туып-өскен жері де әсер ететінін байқауға болады.
Жиынды ұйымдастырушы Әділ Нұрмақов "бұл ешқандай араздық тудыру емес, әлеуметтік зерттеу негізінде қоғамдық белсенділікті ұйымдастырумен айналысатындарға бағыт беру, тілдік мәселеге де назар аудару қажеттілігін айту керек болды" дейді.
Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова жастардың белсенділігін зерттеу кезінде тілге баса назар аударудың қажеті жоқ деп есептейді.
- Бұл жерде жастарға сауал волонтерлік тұрғыдан қойылу керек болатын. Егер "Волонтер боласың ба?" деп сұрасаң көпшілігі "иә" деп жауап берген болар еді. Ал "Біреуге тегін көмек көрсете аласың ба?" деп сұрасаң, жауап та керісінше болады. Сондықтан мұндай нәрсені зерттеу обьектісі етіп алғанда тілдік ерекшелікке назар аударудың керегі жоқ, - дейді Молдабекова.
Ол "мұндай мәселеде бір сұрақпен анықтау мүмкін еместігін, сондықтан тілдік, ұлттық ерекшелікті атаған кезде абай болу керектігін" айтты.
ПІКІРЛЕР