Accessibility links

"Бұрғылау" жұмысшылары бас акционермен келісе алмады


"Бұрғылау" кәсіпорнының жұмысшылары Жаңаөзендегі автобекетке жиналып, талаптарын жариялап отыр. Жаңаөзен, 2 қазан 2016 жыл
"Бұрғылау" кәсіпорнының жұмысшылары Жаңаөзендегі автобекетке жиналып, талаптарын жариялап отыр. Жаңаөзен, 2 қазан 2016 жыл

Жаңаөзен қаласында төрт күннен бері наразылық танытып тұрған жұмысшылармен «Бұрғылау» кәсіпорнының бас акционері жолықты. Кездесуде екі жақ келісім жасай алмады.

Мұнай ұңғымаларын бұрғылайтын «Бұрғылау» кәсіпорнының жүз шақты жұмысшысы қыркүйектің 30-ынан бері жұмысқа шығудан бас тартып, қала сыртындағы автобекетте наразылық танытып отыр. Олар автобекет аумағына «Әділдік орнасын!», «Еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі енгізілсін!», «Кәсіподақ төрағасы ортамызға келсін!», «Елбасы жолдауы орындалсын!» деген ұрандар іліп қойған.

- Біз сайлаған кәсіподаққа қысым көрсетуді тоқтатсын, 2014-2016 жылдары орындаған жоспарға сай қосымша қаржы төлесін, еңбекақыны мұнай-газ секторына арналаған бірыңғай еңбекақы жүйесімен берсін, – дейді «Бұрғылау» мекемесінің жұмысшысы Бекарыс Төлесінов.

Төлесіновтің сөзінше, «кәсіпорында әділетсіздік өте көп», «еңбек демалысы берілмейді» және «қосымшажұмыс есепке алынбайды».

Наразылардың уәжін тыңдауға қазанның 2-сі күні «Бұрғылаудың» бас акционері – KazPetroDrilling компаниясының президенті Рахмет Хайруллаев келіп, жұмысшылардың еңбек демалысын алмай жүргеніне таң қалды.

- Еңбек демалысы тәрізді мәселені шешуге болады, бұл дұрыс емес, - деді ол.

Хайруллаев жұмысшылар талап еткен мұнай-газ секторына арналған бірыңғай жалақы жүйесін «Бұрғылау» компаниясына енгізу мүмкін еместінін айтты. Оның сөзінше, мұнай-газ секторына арналған бірыңғай жалақы жүйесі «ҚазМұнайГаз» және оның еншілес мекемелері сияқты ұлттық компанияларға арналған. Ал жекеменшік кәсіпорындарда еңбекақы басқа ережемен төленеді.

Наразылықтан кейін 60 мың теңгеден төледіңіз. «Бұл не?» дегенімізде, «бонус» дедіңіз. Артық орындаған жоспар үшін неге «бонус» талап ете алмаймыз?
Бауыржан Қуанышев, "Бұрғылау" жұмысшысы

Бұрғышы шеберінің көмекшісі Бауыржан Қуанышев бұл уәжбен келіспейді. Ол жалақы дауына қатысты 2009 жылы «Бұрғылау» компаниясында болған наразылықты еске алды. Қуанышев 2009 жылы жасалған арбитраждық келісім бойынша жоспар орындалған жағдайда жұмыс беруші жұмысшыға «бонус» төлеуі тиісті екенін айтты.

- Сол кеңеске сіз де қатыстыңыз. Наразылықтан кейін 60 мың теңгеден төледіңіз. «Бұл не?» дегенімізде, «бонус» дедіңіз. Артық орындаған жоспар үшін неге «бонус» талап ете алмаймыз? Әлде «жоспар орындалмады» деп айта аласыз ба? – деді Қуанышев бас акционерге.

Бұған жауап ретінде «қиын жағдайға қарамай жалақыны уақтылы беріп жатырмыз» деген Хайруллаев дағдарыс кезінде жұмыс көлемін қысқартпай ұстап тұрғанын алға тартты.

- Бізге биыл 200-250 ұңғыма берілуі керек еді. Бірақ 122 ұңғыма ғана алдық. Оларды мамыр айының соңына дейін бұрғылап бітірдік. Жұмысшыларды ақысыз еңбек демалысына жіберуге болар еді, бірақ біз қосымша 34 ұңғыма алып, жұмыс орнын сақтап қалдық, - деді ол.

Жексенбі күнгі наразылық акциясының видеосы

Хайруллаевтың сөзінше, бас тапсырыс беруші «ҚазМұнайГаздан» тапсырыс азайған. Сондықтан жұмыс құны да 15 пайызға кеміген. Ол жұмысшыларға «ұңғыманы дайын күйінде өткізуге шығын көп кететінін» түсіндіруге тырысты. Алайда Хайруллаевтың «уәждеріне сенбейміз» деген жұмысшылар «президент пен министр араласпаса, мәселелері шешілмейтінін» айтты.

Наразы жұмысшылар акционерлері Рахмет Хайруллаевтан өздері сайлаған кәсіподаққа қысым жасауды тоқтатуды сұрады. Олардың айтуынша, өздері сайлап алған кәсіподақ ұйымының жұмыс бөлмесіне күзет қойылып, шотына тұсау салынған. Соның кесірінен әлеуметтік, еңбекке қатысты мәселелерді жұмыс берушімен талқылай алмай жүр.

- Үш жылдан бері кәсіподақ мүшесі ретінде айлық табысымыздың 3000 теңгесін жарна етіп төлеп келеміз. Бірақ кәсіподақ төрағасы жұмысын жасай алмай отыр. Біз сайлаған кәсіподаққа тиіспеңіздер. Басты талабымыздың бірі – осы, – деді Ербол Қажелинов есімді жұмысшы.

Хайруллаев бұл мәселеге араласа алмайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұрынғы кәсіподақ ұйымы «жаңа сайланған кәсіподақты заңға сай емес» деп сотқа берген.

- Бізге кәсіподақ ұйымын кім басқарса да бәрібір. Сот шешімі шықпай жатып, ол кәсіподақпен жұмыс істей алмаймыз, - деді бас акционердің өкілі.

Талаптарына «нақты жауап алмадық» деп ренжіген наразы жұрт жағдайын көрсету үшін Хайруллаевты жұмыс орындарын көруге шақырды. Бірақ бас акционер өкілі бұл ұсыныстан бас тартты.

«Бұрғылау» жұмысшылары бұған дейін тамыз айында бір апта бойы жұмысты тоқтатып, ереуіл өткізген. Олар кәсіпорында жұмыстың жоспарға сай атқарылып жатқанына қарамастан басшылықтың жұмыс уақыты мен еңбекақы көлемін қысқартып тастағанына шағымданған. Наразы жұмысшылар кәсіподақ жиынын өткізіп, оның жаңа құрамын сайлағанымен ол ұйым әлі күнге дейін қызметін бастай алмай отыр.

«Бұрғылау» жұмысшылары сайлаған кәсіподақ ұйымының төрағасы Сәдуақас Бекқалиевті қыркүйектің 8-інде Ералиев аудандық соты «жұмыс орнында ұрлық жасады» деген айыппен шартты түрде бір жарым жылға соттаған. Оған кешкі сағат 20.00-ден кейін үйден шығуға, Жаңаөзеннен басқа жаққа баруға, жиындар мен жиналысқа қатысуға тыйым салынған.

Сәдуақас Бекқалиевтің өзі айыбын мойындаған жоқ. Ол жұмысшылардың арасындағы белсендісі болғандықтан осындай қудалауға ұшырағанын айтады.

«Бұрғылау» кәсіпорыны 2000 жылдан бері «Өзенмұнайгаз» компаниясына қызмет көрсетіп келеді. Кәсіпорында 2000 адам еңбек етеді.

XS
SM
MD
LG