Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының 24-сессиясында "Соңғы уақытта Қазақстанда жер шетелдіктерге сатыла бастайды деген жалған ақпаратқа қатысты жер мәселесіне назар аудару күшейді. Мұның шындыққа сай келмейтіні ендігі бірнеше рет түсіндірілді, тіпті өзім де айттым. Тағы да айтамын: ауыл шаруашылық жерлерін шетелдіктерге сату деген мәселе жоқ және ол талқыланбайды. Бұл мәселеде спекуляцияға негіз жоқ. Арандатушылар әшкереленіп, заң бойынша жазалануы тиіс" деді.
Президенттің сөзінше, "Егер қазір жерді жалға алып отырған жауапкершілігі шектеулі серіктестік шетелден инвестор тартса және оған өз акциясын берсе, онда жер шетелдікке жалға өтеді. Назарбаев жерді 10 жылға жалға алған адам, әсіресе шетелдік инвестор бұл уақытта салған ақшасын қайтара алмайтындықтан жалға беру мерзімі 25 жылға ұзартылғанын" айтты.
Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері мен Еуропада жер 49-99 жыл мерзімдерге жалға берілетінін айтқан Назарбаев жерге қатысты "шулап жатқандардың" "ауыл шаруашылығы туралы, жердің жалпы қайда екенінен хабары жоқ" екенін мәлімдеді.
Назарбаев осы жиында "Бір жағынан ағайынға ризамын. Лайым жерге деген көңіл осындай болса, халқымыз қасық қаны қалғанша оны қорғайды деп сенемін" деп те мәлімдеді.
Назарбаев 25 сәуірде Астанада бас прокурорды тағайындаған жиында жер кодексінде жер шетелдіктерге сатылады деген сөз жоғын айтқан. "Қазақстан азаматтары жекешелендірсін, жердің иесі болсын, жер топырағы шыққанша пайдаланылмасын, бос жатпасын, елдің игілігіне жарасын дегенбіз" деген президент. Жерді "латифундистер басып алғанын", олардың кейбірі кәдеге жаратпайтынын айтқан Қазақстан президенті "бақыт әкелуі тиіс қазақстандық жер түсініксіз мақсатқа пайдаланылып жатыр, мұның бәрін басқаша түсіндіреді" деген.
ВИДЕО: Назарбаевтың жер дауына қатысты 25 сәуір күнгі пікірі
Қазақстан үкіметі өткен айда жер туралы заңға 2015 жылы күзде енгізілген өзгерістерге сай биыл шілдеден бастап ауыл шаруашылық жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату, сонымен бірге шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 25 жылға дейін мерзімге жалға беру тәртібі күшіне енеді деп хабарлаған.
Жер сату мен шетелдіктерге жерді жалға беру жөніндегі үкімет бастамасына қарсы бұған дейін зиялылардың талап-хаты жарияланып, Астана мен Оралда белсенді азаматтардың жалғыз адамдық пикеттері мен Алматыда шағын жиын өткен. Ал сәуірдің 24-і күні Атырауда жерге қатысты бірнеше мың адам жиналған митинг болған. Бүгін Алматыда жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсылық танытып, жалғыз өзі пикетке шыққан алматылық тұрғынды полиция ұстап әкеткен.