Балалар сабақ бөлмелеріндегі сынған әйнектер мен қираған қабырғаларды көрген кезде шошығаннан айғай сап, жағаларын ұстады. Талибан жасақтары Пәкістанда қыз балалардың тағы бір мектебін осылайша бомбалап кеткен еді.
Пәкістанның солтүстік батысындағы Хайбер Пахтунхва (бұрынғы солтүстік-батыс шекаралық провинциясы) уәлаятындағы ауылшаруашылық аймағында орналасқан Суаби қалашығында болған өткен аптадағы (15 қарашада) жарылыс пәкістандық Талибан өкілдерінің қыз балалардың зайырлы білім алуына кедергі жасау үшін қандай қатігездікке бара алатынын елдің есіне тағы бір салып қойды.
Қызыл және ақ кірпіштен қаланған мектеп ғимаратына түскен бомба түскен кезде аман қалған қабырғадағы сағат тоқтап қалған. Кілт тоқтаған сағат түнгі сағат 3.19-ды көрсетіп тұр. Сыныптар болса күл-талқан.
Бұл көптеген мысалдың біреуі ғана. Пәкістандық Талибан 2007 жылдан бері АҚШ-тың қолдауымен құрылған Пәкістан үкіметіне қарсы жорық бастағалы жүздеген мектептерді қиратып үлгерді. Өткен аптада (22 қараша) Суабидың батысындағы Мардан ауданында орналасқан қыздар мектебінің ауласына көміп кеткен бомбаны залалсыздандырамыз деп әрекеттеніп жатқанда бір полиция офицері қаза тауып, қалған сегізі ауыр жарақат алды.
Талибан өкілдері халыққа қоқан-лоқыға толы хат-хабар үсті-үстіне жолдап жатса да, олардың «сәлемдері» әркез өздері ойлағандай қабылданып жатқан жоқ.
Исламабадтың солтүстігіне қарай 75 шақырым жерде орналасқан Суаби мектебінің оқушылары өздерінің мектептерінің тас-талқан боп қирағанын көргенде көңілдері пәс болып қалды. Төрт жас пен 15 жас арасындағы балалардың кейбірі қорқып қалғанын білдіріп жатыр, басқалары болса сескенбейтіндерін айтады. Бірақ, барлығы да оқуларын жалғастыра беруге әбден бекініп алған.
Көнерген ескі парталарда отырып, сабақ тыңдаудың орнына қыз балалар қазір далада оқуға мәжбүр. Жұмысшылар әйнек сынықтары мен қирандыны сыпырып, тазалап әкеткенше кейбіреулері жерге отыра кетіп дәрістерін жалғастырып жатыр.
Өскенде мұғалім болғысы келетін он жастағы Сумайра Салимді білім алудан ешкім де тоқтата алмайтындай.
– Мына жарылыстарды кім жасап жатса да, ойлайтын шығар қыздарды осылай қорқытып аламыз деп, бірақ бомбадан шошып отырған біз жоқ. Білім алуды жалғастыра береміз. Мұғалім бізді жақсы көреді, біз де сабағымызды мұқият оқи береміз. Біз өскенде адам болғымыз келеді. Қандай қатер төнсе де оқуымызды жалғастырамыз. Бомбадан қорықпаймыз, – дейді ол.
Талибан суреттейтін мінсіз әйелдер басынан аяғының ұшына дейін жабық жүреді. Олар бар болғаны қалай тамақ істеу керек, қалай үй жинау керек, күйеуі мен бала-шағасын қайтіп күту керек екенін үйренсе болғаны.
Біз өскенде адам болғымыз келеді. Қандай қатер төнсе де оқуымызды жалғастырамыз. Бомбадан қорықпаймыз.
Үйінен сырт шығып, шаруаға араласуы сирек.
Суабидегі үшінші мектепке бірнеше шақырым жерден келіп, қатынап оқитын сегіз жастағы Сара Хан сияқты оқушы-қыздарға мұндай үлгілер идеал бола алмайды.
– Өскенде әскери ұшақтың ұшқышы болғым келеді. Ұшқыш болсам, еліме де, халқыма да болашақта пайдам тиер еді. Елімді терроризм мен діни экстремизмнен азат етіп алар едім, – деп армандайды кішкентай қыз.
Талибанның адамдарды қалай ұрлап әкетіп, бастарын шабатыны туралы әңгімені ата-анасынан естіп қалған Сара олардың қандай айуандыққа бара алатынын жақсы біледі. Бірақ, білім алу дәл қазір ол үшін де, оның елінің болашағы үшін де ең маңызды нәрсе болып тұр.