Accessibility links

Күлекбаев ісінен «жапа шеккен» полицей


Жұмыстан шығарылғанын айтқан байқоңырлық полицей Алмаз Тұрғанбаев. Сурет Тұрғанбаевтың жеке архивінен алынды.
Жұмыстан шығарылғанын айтқан байқоңырлық полицей Алмаз Тұрғанбаев. Сурет Тұрғанбаевтың жеке архивінен алынды.

Байқоңыр қаласындағы Қазақстан ІІМ өкілі Алмаз Тұрғанбаев қызметінен заңсыз шеттетілгенін айтып шағымданады. Ал Қызылорда облыстық ІІД «оның бақылауындағы сотталған адам Алматыға барып шабуыл жасағасын тәртіптік жазаға тартылғанын, қызметі төмендетілетінін» хабарлады.

Байқоңыр қаласындағы Қазақстан ішкі істер министрлігінің (ІІМ) өкілдігіне қарасты криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция майоры Алмаз Тұрғанбаев бір жарым айдан бері жұмыссыз қалған.

Күлекбаев ісінен жұмыссыз қалған полицей
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:17 0:00
Жүктеп алу

«ҰЛТШЫЛ ДЕП АЙЫПТАДЫ»

Тұрғанбаевтың сөзінше, Алматыда шілденің 18-інде бірнеше полиция қызметкерін атып өлтірді деген күдікке ілінген Байқоңыр қаласының тұрғыны Руслан Күлекбаевтың ісіне байланысты ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің төрт қызметкері қызметтерінен шеттетіліп, резервке қойылған.

- Бізді «Руслан Күлекбаевтың Алматыға кеткенін сол қаладағы экстремизммен күрес бөліміне хабарламадыңдар» деп кінәлады. Алдында түрмеден шыққан ол Байқоңыр қаласында тіркеуде тұрған. Өзі отырған түрмеден «теріс ағымды ұстанады» деген хабар түскен. Бізге оның құқығын шектемей, сырттай бақылап жүру тапсырылады. Ол түрмеге түспей тұрып, 2008 жылдан бері Алматыда жүрген. Маған былтыр, 2015 жылы қазан айында келді. Ол жөнінде Қызылорда облыстық ішкі істер департаментін хабардар еттік, - дейді ол.

Алматыдағы шабуылды жасады деген күдікті Руслан Күлекбаевты полицияның ұстаған сәті. Алматы, 18 шілде 2016 жыл.
Алматыдағы шабуылды жасады деген күдікті Руслан Күлекбаевты полицияның ұстаған сәті. Алматы, 18 шілде 2016 жыл.

Алмаз Тұрғанбаевтың сөзінше, «қызыма операция жасау үшін Алматыға барып саудамен айналысамын» деген Руслан Күлекбаевқа қала аумағынан шығуға заңмен тыйым салынбаған.

Полиция майоры Алмаз Тұрғанбаев қызметінен шеттетілу себебін Руслан Күлекбаев ісімен ғана емес, Байқоңыр қаласындағы ІІМ өкілдігінің басшылығымен арасында бұрыннан бар даумен де байланысты деп түсінеді. Ол бұған дейін басшылық алдында «жемқорлық туралы мәселе көтергенін», мамырдың 9-ы күні Байқоңыр қаласында өткен Ресей полициясының парадына «қатысудан бас тартқанын» айтады.

- Денсаулығыма байланысты [полиция парадында] саппен жүруге уақытша жарамайтынымды айтып едім. Сол үшін «ұлтшылсың» деп айыптаған өкілдік басшысы Ырысбек Исаев облыстық ІІД-ге рапорт жазып, тәртіптік жазаға тартты. Содан бері соңыма түсіп, ақыры экстремизммен күрес бөліміне ауыстырды. Бірақ «Күлекбаев оқиғасынан» кейін менімен бірге шеттетілгендердің екеуі қызметіне қайта оралды. Менің орныма басқа қызметкерді алды. Ал маған кезекті еңбек демалысым үшін де, резервке қойылғаны үшін 15 күнге төлейтін қаржыны да бір жарым айдан бері бермеді, - дейді ол.

Алмаз Тұрғанбаев. Сурет Тұрғанбаевтың архивінен алынды.
Алмаз Тұрғанбаев. Сурет Тұрғанбаевтың архивінен алынды.

10 жылдан бері Байқоңыр қаласындағы полиция қызметінде жұмыс істеп келе жатқан 30 жастағы офицер әке-шешесінің жалғыз асыраушысы екенін, жалғыз ұл болғандықтан оларды тастап Байқоңыр қаласынан кете алмайтынын айтады.

«АЛМАТЫҒА КЕТКЕНІН ХАБАРЛАУ КЕРЕК ЕДІ»

Азаттық тілшісі Алмаз Тұрғанбаевтың шағымына қатысты ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің бастығы Ырысбек Исаевпен сөйлесті.

- Күлекбаев мәселесі ғана емес, оның (Алмаз Тұрғанбаевтың – ред.) жұмысына байланысты басқа да себептер бар болар. Бірақ оны телефонмен айтпаймын. Қызметкерді жұмыстан шығаруға, резервке қоюға құзырым жетпейді. Тек фактілерді, құжаттарды ұсындым. Шешімді Қызылорда облыстық ІІД-сінің тәртіптік комиссиясы қарады. Алмаз Тұрғанбаев келіспесе, заңмен қуынсын. Мұндай мәселе бойынша маған өзі келмеді, сізден естідім, ал қаржы жағына біздің қатысымыз жоқ, - деп жауап берді ол Азаттық тілшісіне.

Ал Алмаз Тұрғанбаевтың сөзінше, «Ырысбек Исаев қабылдауына кіргізбейді, облыстық прокуратураға да шағымданғанымен, жауап алмаған».

ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Нұрахметов те Байқоңыр қаласындағы өкілдік Қызылорда облыстық ішкі істер департаментіне қарайтынын, жауапты солар беретінін айтты. Қызылорда облыстық ІІД кадр бөлімінің қызметкері Азамат Әлпейісов полиция майоры Алмаз Тұрғанбаевтың ісімен таныс болып шықты.

18 шілде күні Алматыда оққа ұшқан полицейдің бірі.
18 шілде күні Алматыда оққа ұшқан полицейдің бірі.

Оның сөзінше, «Алматыда бірнеше полиция қызметкерін атып өлтірген Руслан Күлекбаев «экстремизмге қатысы бар» деген күдікпен есепте тұрған. Оны қадағалау ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы өкілдігі қызметкері Алмаз Тұрғанбаевқа тапсырылған. Бірақ Тұрғанбаев Күлекбаевтың Алматыға кеткенін қаладағы тиісті орындарға хабарламаған. Сол үшін қызметінен босатылып, резервке қойылған. Енді оған бұрынғы лауазымынан төмен қызмет ұсынылуы мүмкін.

- Руслан Күлекбаевтың жүріс-тұрысына шектеу салынбаған болатын. Шетелге кетем десе де, азаматтық құқығы еді. Бірақ Тұрғанбаев Күлекбаевтың Алматыға кеткенін хабарлауы керек еді. Алматыдағы экстремизммен күрес қызметі «Бізге Байқоңырдан Күлекбаевтың Алматыға кеткені жөнінде хабарланбады» деді. Алмаз Тұрғанбаевтан бөлек бірнеше адам қызметінен босатылды. Екеуі бұрынғы лауазымынан төмен қызметке алынды, бірақ ол қызмет те оперативті жұмыстарға байланысты емес. Сол себепті Алмаз Тұрғанбаев бұрынғы қызметіне қайта тағайындалмайды. Қызылорда облыстық ІІД-ге қарасты кез келген аудандық бөлімде қазіргі қызметінен төмен лауазым босаған жағдайда оған ұсыныс жасаймыз. Ол Байқоңыр қаласы болмауы да мүмкін. Келіспесе «Құқық қорғау қызметі» туралы 2001 жылы қабылданған заңға сәйкес жұмыстан шығарылады, - деді Азамат Әлпейісов.

Әлпейісов майор Тұрғанбаевқа еңбек демалысы мен резервке қойылғаны үшін ақша төленбегенінен де хабардар.

- Заң бойынша оны соңғы қызмет орыны төлеуге міндетті. Ол мәселені Байқоңырдағы өкілдікке жүктейміз, қарастырып жатырмыз, - деп жауап берді ол.

Руслан Күлекбаев атып өлтірді деген полицейлермен қоштасу рәсімі. Алматы, 20 шілде 2016 жыл.
Руслан Күлекбаев атып өлтірді деген полицейлермен қоштасу рәсімі. Алматы, 20 шілде 2016 жыл.

Қызылорда облыстық еңбек саласындағы бақылау департаменті бастығының орынбасары Өтеп Хасанов «құқық қорғау органдарындағы еңбекақы төлеу шарттарында кейбір өзгешеліктер бар екенін» айтады.

- Еңбек кодексінің 144-бабына сәйкес құқық қорғау органдары қызметкерінің ерекше еңбек жағдайларынан өзге мәселесі еңбек кодексі бойынша реттеледі. Еңбек кодексі бойынша «кезекті еңбек демалысының ақысы еңбек демалысы басталардан үш күн бұрын беріледі, егер де графиктен тыс еңбек демалысына кетсе, онда еңбек демалысы басталғаннан кейін үш күн ішінде беріледі, - дейді Өтеп Хасанов.

Алмаз Тұрғанбаевты қызметінен шеттетуге себеп болды деген, Руслан Күлекбаев күдікті ретінде қамалған оқиға биылғы шілденің 18-інде Алматы қаласында болған. Оқиға кезінде полиция бөліміне қарулы шабуыл жасалып, бірнеше полиция қызметкері мен оқиға орнында болған бейбіт тұрғындар оққа ұшқан еді.

Сол күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткізген қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында оқиға «теракт» ретінде бағаланған. Отырыс кезінде ҰҚК-нің сол кездегі төрағасы Владимир Жұмақанов «Руслан Күлекбаев бұрын да бірнеше рет қылмыс жасап, екі рет сотталған, колонияда теріс діни ағым өкілдерімен жолыққан» деп хабарлаған.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов шабуылшы Руслан Күлекбаевтың «түрмеде отырған жылдарында полицейлермен өштескенін, кейін кек алу үшін оқ атқанын» мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG