Айтыстың екінші айналымында Айнұр Тұрсынбаева мен Айбек Қалиев сөз қағыстырған болатын. Айтыстың өн бойында құрдастық әзілмен бір-бірін қағытқан қос ақын сөз арасында қоғамдық мәселелерді де тілге тиек етті.
Айбек өзіне сөз кезегі тиген бір сәтте қарсыласына қарата былай деген еді:
– Жағдайы жолдарыңның күрделі еді,
Деп Айбек езуінен жыр бөледі.
Данышпандар мекені – Қарауылым,
Жолдарыңның бітпей тұр-ау дүрбелеңі.
– Жол ақысы, – демей ме, – көр ақысы,
Жеткенше жұлық-жолақ, күнде өледі.
Астана Қарауылды қажетсінбес,
Той тойласа, он жылда бір келеді.
Өлең сайысында Айнұр да өз қарсыласынан қалыспады.
– Түсіпхандай ағамыз,
Айтысқа келсе ақылды,
Бердібектей әкімге ,
Жеткізсе деймін датымды.
Өскелең елді таратпай,
Өскемен жаққа қаратпай,
Өкімет енді қайтарсын,
Өзгеге кеткен ақыңды, – деп Айнұр облыс мәртебесінен айрылып қалған Семей мәселесін сөз етті қыркүйектің 15-сі күні Қарауылда өткен айтыста.