Қарағандылық Мақсат Ақанов пен семейлік Қарлығаш Әубәкірова осы айтыста оныншы жұп болып сахнаға көтерілді.
Екі ақын айтысты қазақы әзілмен өрбітіп, көрермен қауымның көңілінен шыға білді. Айтыстың соңын ала Қарлығаш Әубәкірова ел өмірінің өткен күндерін өлеңмен тізбектеп шықты:
– Қасиетті Қарауыл, себебін айтшы мынаның.
31-дегі зұлматта бұралып аштан құлдың.
37-де ұлт сүю ауыры болды күнәнің.
Ібіліс жеңбес ауырды Сібірде жүріп сынадың.
41– қанды қасапта «Ұлы отан» болды ұраның.
Көмусіз қалды, кебінсіз, жат жерде қанша ұланың.
Ар-иманыңды қалқан ғып, полигонға да шыдадың.
Өзгелер құсап мұнайдың ағызған жоқсың бұлағын.
Қолдағы алтыныңның да қу орыс алды құлағын.
Сөйтсе де қылып шүкірлік, қанағат болды тұмарың.
Ал Мақсат Қазақстанның өзге жұрттардан айырмашылығын, өзі таныған артықшылығын айтты:
– Ұйғырларда әлі күнге астана жоқ,
Алты аласым жоқ шығар, бес бересім.
Шешендер егемендік ала алмай жүр,
Басынан ұстап алып қос кеменің.
...Қырғыздар қырықпышақ болып жатыр,
Солардың ертеңіне сескенемін.
Қиналғанда оларға көмек берген,
Біз сияқты мұсылманды дес көремін.