Бұл айтыста сахнаға бесінші жұп болып торғайлық Айбек Қалиев пен қарағандылық Дидар Қамиев пен шықты.
Ақындар сахнаға шығар алдында айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерман:
– Ақындарды қақпайлағаныңмен ақиқатты айтудан тартынбайды. Жалпы, айтыс дегеннің өзі – оппозициялық өнер. Елдің жоғын жоқтап, ақиқатты тіліп айтпаса, айтыстың қасиеті кетіп қалады. Біздің айтқыш ақындарымыз бар. Соның бірі – қатты айтам деп, бізден қағажу көріп жүрген Айбек Қалиев, – деп алдын-ала «ақталды».
Қарсыласы Дидар Қамиевтің «Атақты Қалиевті шаң қаптырып, өзгеріс енгізейін тарихқа» деген сөзін ілік еткен, «қатты айтам деп, қағажу көріп жүрген» Айбек Қалиев:
– Тарихты өзгерткіштер, сенсіз де көп,
Өгізін өрге салған жұрттарың бар.
Қазақстан тарихын 91-ден,
Бастағысы кеп жүрген мұрттарың бар.
Екі ауыз сөз сөйлеген бабалардан
Би шығарып, шындықтан сырттадыңдар.
Ауыл-үйдің тентегінен кітап жазып,
Қолдан батыр жасаған сырттаның бар.
Алладан айнымаған Абайды да,
«Буддист» деп шатып жүрген қырттарың бар.
Қазақтың тарихына қиянат қып,
Қай сайтанның зәрінен ұрттадыңдар, – деді.
Айтысты әр аптаның бейсенбісінде, сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының тікелей эфирінен де тыңдай аласыздар.