Бұл айтыста сахнаға төртінші жұп болып астаналық Серікзат Дүйсенғазин мен алматылық Сара Тоқтамысова шықты. Бұл екі ақын да – Семей өңірінің тумалары.
Айтысты бастаған Серікзат қарсыласы Сараның Алматы маңына келін болғанын тілге тиек ете келіп, Қазақстан президентінің шетелге кеткен күйеу баласы Рахат Әлиевті де сөз етті:
– Еу, еккені Малтүгелдің тұз деп жүрміз,
Аңғалдық қылығы да жүз деп жүрміз.
«Көк шапан киіп алған жемқорсың» деп
Ойнағысы кеп отыр бізбен бұл қыз.
Одан да қашып кеткен жездеңді айтшы,
Шапыраштының келіні сіз деп жүрміз.
Атамның іздегені ат қана ғой,
Оның несін күлкі ғып, «мін» деп жүрміз.
Ал біздер ай мен күннің аманында,
Әлиевті алты жыл іздеп жүрміз.
Сара Тоқтамысова қарсыласының бұл сөзіне уәж ретінде Храпуновтың да «Швецарияға көшкенін» айтты:
– Атаңды мысал ғып едім,
Әлиевті айттың-ау.
Дедің бе маған – не істедің?
Біз де, аға, естіп жүрміз ғой,
Сіз жақтан сөздің ескенін.
Храпунов дейтін жездеңіз,
Байлықты белден кешкенін.
Ай менен күнің аманда,
Тып-тыныш мынау заманда,
Байлықты тиеп ұшаққа,
Швецарияға көшкенін.
Әлиевті іздеп жүргенде,
Төртеу болып қос көзің.
Храпунов дейтін әлгі ұлың,
Астананың тиеп байлығын,
Кемпір-шалдың шайлығын,
Жымқырып кетіп қалыпты,
Шығып жүргенде естерің.