Бұл айтыста сахнаға жетінші жұп болып семейлік Бақытжан Байболов пен шымкенттік Жадыра Қазиева шықты.
Сахнаға ақындар шақырылған сәтте айтыстың тұрақты жүргізушісі Жүрсін Ерман:
– Осы айтыстың басы-қасында жүргеннен кейін алғаш шыққан ақындарды бір тыңдап барып жіберетін едім. Бұл жолы сол үрдісті бұзып, өзім білмейтін екі ақынды тыңдамай- ақ шақырдым. Бағасын өздеріңіз берерсіздер, – деді.
Шымкенттен келген Жадыра сол себепті:
– Мына қыз қайдан шыққан демеңіздер,
Тегіміз жаралмаған тектен біздің.
Сыйласқанға сырағы танытпайтын,
Түсінгенге жанымыз көктен біздің.
Ел намысын қорғайтын талай жерде,
Аянбай маңдай терді төккен қызбын.
Оңтүстікте өткен талай аламанда,
Бәйгеге дара шауып жеткен қызбын.
Солтүстікте Иса ақынның бәйгесінде,
Көбесін қара өлеңнің сөккен қызбын.
Батыста өткен талай аламанда,
Талассыз бас бәйгеге жеткен қызбын
Өзіміз танымалсыз болғаныммен,
Сөзіміз көрініп жүрген көптен біздің.
Таңдайымнан жыр төгіп, тыңдаушымның
Маңдайын жауһар жырмен өпкен қызбын.
«Жүрсінге алғаш шықты» демесеңдер,
Бұған дейін сан асудан өткен қызбын, – деп, өзін-өзі таныстырды.
Бақытжан ел басқарған шенеуніктердің ісіне разылығын білдіріп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа мақтау айтты:
– Ол рас Бердекеңнің арқасында,
Орыстар отыратын төрге өрледім.
Шырайлы Шығысыма шыр біткендей,
Өрлеп келеді өлең-жыр өрген жерім.
Лениннің орнына ол Абай қойды,
Көкке өрлеп кететіндей кеудем менің.
Айтысты әр аптаның бейсенбісінде, сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.