Accessibility links

Жанболат Мамай: «Мұны ақшаның ізін жасыру деп санамаймын»


«Саяси қалам. Трибуна» газетінің бас редакторы міндетін атқарушы журналист Жанболат Мамай. Алматы, 12 маусым 2016 жыл.
«Саяси қалам. Трибуна» газетінің бас редакторы міндетін атқарушы журналист Жанболат Мамай. Алматы, 12 маусым 2016 жыл.

Азаматтық белсенді әрі оппозициялық "Трибуна. Саяси қалам" газетін шығарумен айналысқан журналист Жанболат Мамайдың сотында оны қазір шетелде тұрып жатқан БТА банкінің бұрынғы басшысы, өзін Қазақстандағы қазіргі режимнің қарсыласы деп атайтын Мұхтар Әблязов тобынан БТА Банкінен жымқырылған 110 мың доллар алды деп айыптады.

Журналист Жанболат Мамайдың сот процесіндегі "істің мәнісіне қатысты" тамыздың 18-і өткен алғашқы тыңдауларда негізгі екі куәгерден жауап алынды. "Қылмыстық жол арқылы алынған ақшаны заңдастырған" деген айып көбінесе осы екі куәгердің түсініктеріне сүйеніп тағылған. БТА Банкінің бұрынғы топ-менеджері Жақсылық Жарымбетов пен оның қарындасы Жанболат Мамайға "ақша бердік" дейді. Қамауда отырғанына алты айдан асқан журналистің өзі мұны "ақшаның ізін жасыру деп санамайтынын" айтты.

«ӘДІЛДІКТЕН ҮМІТІМ БАР»

Тамыздың 18-і, жұма күні Мамайдың сотына жиналған журналистер мен бақылаушылар үшін сот залынан видеотрансляция жасалатын жеке бөлме әзірлеген. Сотқа келгендердің бәрі сыймағандықтан, сот залында бірнеше бақылаушы мен видеооператордың (процеске қатысушылардан бөлек) ғана қалуына рұқсат етілді. Тыңдау басталар алдында Жанболат Мамай қолдау танытқаны үшін жақтастарына алғыс айтып, «іс сәтті аяқталады» деп үміттенетінін мәлімдеді.

- Әділ үкім шығады деген үмітім бар, - деп мәлімдеді сотталушыларға арналған әрі әйнекпен қоршалған кабинада отырған Мамай.

Жанболат Мамайдың сотына келген журналистер мен азаматтарға бөлінген арнайы бөлмедегі экран. Алматы, 18 тамыз 2017 жыл.
Жанболат Мамайдың сотына келген журналистер мен азаматтарға бөлінген арнайы бөлмедегі экран. Алматы, 18 тамыз 2017 жыл.

Жанболат Мамайдың ісі бойынша негізгі куәгерлердің бірі - қаңтарда Қазақстанға экстрадицияланып, банктен ақша жымқыруға қатысы бар әрі Мұхтар Әблязов (БТА банкінің бұрынғы басшысы Әблязовтің өзі сот процесіне қатысқан жоқ: шетелде бұратын экс-банкирді сырттай 20 жылға соттаған ) басқарған «ұйымдасқан қылмыстық топқа» мүше болған деген айыптармен маусымда бес жылға шартты мерзімге сотталған БТА Банкінің бұрынғы топ-менеджері Жақсылық Жарымбетов. Мамайдың ісін қарап жатқан Медеу №2 аудандық сотына Жақсылық Жарымбетов іске куәгер ретінде тартылған қарындасымен бірге келді.

Мамайдың сотынан Азаттық жүргізген тікелей трансляция видеосы:

​Сот отырысы басталған кезде мемлекеттік айыптаушы Еркін Баймағамбетов БТА Банкінен заңсыз шығарылған ақшаны алып, Жанболат Мамай «экономикалық қызмет саласында қылмыс жасады» деп жазылған айыптау актісін оқып берді. Прокуратура болжамынша, банк басқармасы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Жарымбетов Қазақстанда тұратын қарындасынан Жанболат Мамайға ақша апарып беруін «Әблязовтің тікелей нұсқауымен» өтінген. Айыптаушы тараптың мәлімдеуінше, Жарымбетовтің қарындасы Шәмшия жалпы сомасы 110 мыңға жуық долларды бірнеше мәрте жұбайы арқылы Мамайға беріп отырған.

Судья Мамайдан айыпты мойындайсыз ба деп сұрады. Мамай «Жарымбетовті жақсы танимын. Ол газетке қолдау көрсеткен. Мен мұны ақшаның ізін жасыру деп санамаймын» деп жауап берді.

Жанболат Мамай өзінің позициясын жеке жауаптау кезінде айтатынын ескертті.

Сотта отырған Жанболат Мамай. Алматы, 14 тамыз 2017 жыл.
Сотта отырған Жанболат Мамай. Алматы, 14 тамыз 2017 жыл.

«​ЖӘШІКТЕГІ АҚША»​

Бұл істе БТА Банк жапа шегуші тарап деп танылған. Оның өкілі сотта Мамайдың адвокаты Мәдина Бакиеваның «Қазір банк қандай формадағы заңды тұлға болып жұмыс істейді?» деген сұрағына жауап бере алмады. Бұған қоса, ол "банк Мамайдың үстінен азаматтық талап-арыз түсіре ме?" деген сұрағына да жауап бермеді. Осыдан кейін дайын емес болуына байланысты БТА Банк өкілін тергеу уақытша тоқтап, куәгерлерден жауап алу басталды.

Куәгер Жақсылық Жарымбетов 2011 жылы Мамайға ақшаны Мұхтар Әблязовтің өтініші бойынша жібере бастағанын мәлімдеді. Жарымбетовтің сөзінше, ол Мамайды бірінші рет Әблязовтің Лондондағы кабинетінде Skype-конференция кезінде монитор экранынан көрген, ал кейінірек Мамаймен жеке жолығып, онымен хат жазысып тұрған. Жарымбетовтің айтуынша, ол Қазақстаннан кетер алдында банктегі жәшікте атына ақша қалдырған қарындасы Шәмшиямен хабарласып тұрған, ал ол Мамайға қолма-қол ақшаны жұбайы арқылы беріп отырған.

- Мұхтар [Әблязов] осынша ақша беру керек дейтін. Мен туыстарыма телефон соғатынмын. Ақшаны осында – жәшікте қалдырып кеткенмін. Қарындасым мен күйеубалам Аханов беріп отырды. Әблязов жұмсаған ақшамды есеп-шотыма аударып, қайтарып берді, - дейді Жарымбетов.

Қазақстанға экстрадицияланып, абақтыдан бостылғаннан кейін Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп отырған Жақсылық Жарымбетов. 30 қаңтар 2017 жыл.
Қазақстанға экстрадицияланып, абақтыдан бостылғаннан кейін Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп отырған Жақсылық Жарымбетов. 30 қаңтар 2017 жыл.

БТА Банкінің бұрынғы топ-менеджері Жақсылық Жарымбетовтің айтуынша, ол Әблязовпен қарым-қатынасын 2012 жылы тоқтатқан, бірақ Мамайға «ерікті түрде өз ақшасынан» беріп отырған. Жарымбетов «бұдан өзіне ешқандай пайда түспегенін, редакциялық саясатқа араласпағанын, газетке тапсырыспен материал жариялатпағанын» айтты. Оның сөзіне қарағанда, Мамай шығындарды көрсетіп, есеп жолдап отырған.

- Мен елде тәуелсіз баспасөз керек деп ойладым, - дейді Жарымбетов.

Ал адвокаттың «Трибуна» газетіне ерікті түрде демеушілік көмек көрсеттіңіз бе?» деген сұрағына Жарымбетов:

- «Трибуна» газетіне көмектескенім жоқ. Мен Мамайдың жеке өзіне көмектестім, - деп жауап берді.

Айыптаушылар Мамайға «берілді» деген ақшаны БТА Банкінен заңсыз жымқырылған деп санайды. Жарымбетов сотта «қарындасының БТА Банкіндегі ақшасын алғанын», оларды өзінің меншігі санайтынын айтты. Оның сөзінше, ол БТА Банкінде істеп жүрген кезінде 24 мың доллар жалақы және бонустар алып отырған. Адвокаттың «Мамай ақшалардың қайдан алынып жатқанын білді ме?» деген сұрағына Жарымбетов «сұраған жоқ және кәсіби қызметімен айналысты» деп жауап берді.

Жанболат Мамайдың соты (журналист оң жақта, әйнек кабинада отыр). Алматы, 14 тамыз 2017 жыл.
Жанболат Мамайдың соты (журналист оң жақта, әйнек кабинада отыр). Алматы, 14 тамыз 2017 жыл.

Сотта топ-менеджердің қарындасы Шәмшия Жарымбетова «бауырының өтінішімен БТА Банкіндегі ақшаны күйеуіне бергенін, ал күйеуі ол қаржыны Жарымбетов айтқан адамдарға бергенін» айтты.

- Біз мән-жайды сұрамадық, тек өтінішті орындадық, - деді ол.

Шәмшия Жарымбетованың есебінше, 2011 және 2015 жылдар аралығында ол жиыны 120 мың доллардың қолма-қол қаражатын бірнеше рет берген. Мамай адвокаттарының «соманы қалай санадыңыз?» деген сұрағына ол «тергеу кезінде санадым» деп жауап берді.

Жақсылық Жарымбетов пен Шәмшия Жарымбетова сотта өздерін фото- және видеокамераға түсіруге қарсы екендерін мәлімдеді.

ТҰТҚЫНДАҒЫ ЖУРНАЛИСТ

29 жастағы Мамай қамауда 2017 жылдың ақпан айынан бері отыр. Дүйсенбі, тамыздың 11-і болған алдын ала тыңдау кезінде журналистің адвокаттары Мамайды «ешқайда кетпеу туралы қолхатпен» үйқамаққа немесе кепілгерлер жауапкершілігімен босатуды сұраған болатын. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмай, Мамайды тергеу абақтысында қалдырды. Журналист Мамай сот кезінде өзін тергеу абақтысына қамап қоюдың қажеті де, мағынасы да жоқ деп санайтынын мәдімдеді.

Мамай тұтқындалғаннан кейін, ақпан айында, тергеу абақтысында оны тергеушілердің айдап салуымен камераластары соққыға жыққаны туралы хабарлар тараған еді. Прокуратура кейіннен Мамайды соттылығы бар адамдармен бір камераға отырғызған абақты қызметкерлерінің жауапқа тартылғанын мәлімдеді.

ВИДЕО: Мамайға қысым хроникасы​ (видео ақпанның 13-і жарияланған)

Мамайға қысым хроникасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:58 0:00

Мамайдың қоғамдық қорғаушылары ретінде сотқа оның егде тартқан ата-анасы қатысып жатыр. Жанболат Мамайдың жары Инга Иманбайды қоғамдық қорғаушысы етіп бекіту туралы өтініші қанағаттандырылған жоқ. Судья оның себебін Иманбайдың іс барысына куәгер ретінде жауап бергенімен түсіндірді.

Мамай ақшаның ізін жасыру айыбын мойындамайды. БТА Банк директорлар кеңесінің бұрынғы директоры, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыптарды негізсіз және саяси астары бар деп санайды. Биыл маусым айында Алматы соты оны банктен ақша жымқырды, қылмыстық топ құрды және оны басқарды деген айыптамен сырттай 20 жылға соттаған. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ, осы айда Алматы қалалық сотында апелляциялық шағым қаралады. Азаттыққа берген комментариінде Әблязов Қазақстан соты қандай шешім шығарса да өзіне «бәрібір» екенін айтқан.

XS
SM
MD
LG