Алматы маңындағы ұсақ жер сілкіністері әлі бірнеше апта жалғасуы мүмкін. Бұл туралы бүгін таңертеңгі жер сілкінісінен кейін Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті брифингінде сейсмология институты директоры Таңатқан Абақанов мәлімдеген.
Сейсмологтің сөзіне қарағанда, жер сілкінісінен кейін жер қыртысы біртіндеп орнына түседі. Таңатқан Абақанов "Осының әсерінен қуаты бірінші сілкіністен әлсіз афтершоктар (ұсақ жер сілкіністері) болады. Олар бірнеше апта жалғасуы мүмкін" деген. Институт болжамы бойынша, жыл аяғына дейін Қазақстанда қатты жер сілкінісі болмайды.
Бүгін, қарашаның 14-і күні, Астана уақытымен таңғы 07:24-те Алматыда жер сілкінген еді. Оның күші «МSК-64 шкаласы бойынша 3-4 балл болды» деп хабарланды. Жер сілкінісінің ошағы Алматының оңтүстігіне қарай 106 километр жердегі Қырғызстан аумағында екені айтылды. Қырғызстанда зілзала эпицентріне таяу орналасқан елдімекендердегі үйлерге зақым келген.
Еуропа-Жерорта теңізі сейсмология орталығы мәліметіне қарағанда, эпицентрі Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 километр жерде болған жер сілкінісінің магнитудасы - 5,6.
Жер сілкінісі болғаннан кейін бірнеше сағат ішінде Алматыда жедел түрде жер сілкінісі салдарын бағалайтын штаб құрылды. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті ақпараты бойынша, «Алматы әкімдігі сейсмологиялық белсенді аймақтарда орналасқан ғимараттар мен мекемелерді тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алматы тұрғындарының өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ».
Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Мадияровтың сөзіне қарағанда, «жедел қызмет өкілдері су шаруашылығы мен бөгеттерді тексеруді бастаған».