Accessibility links

Үйі өртенгендер келген зиянды есептеп жатыр


Өрттен зардап шеккен үйінің алдында отырған тұрғын. Алматы, 7 тамыз 2015 жыл.
Өрттен зардап шеккен үйінің алдында отырған тұрғын. Алматы, 7 тамыз 2015 жыл.

Алматының Жетісу ауданында болған өрт кесірінен, 18 баламен қосқанда 60 тұрғын бір түнде баспанасыз қалып, бүкіл мүлкінен айырылды.

Алматы-2 вокзалы маңындағы Жамбыл Тобаяқов көшесіндегі 12-үйде тамыздың 7-сіне қараған түні сағат 1:20 кезінде басталған өрт таңсәріде өшірілген. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына электр желісіндегі ақау себеп болған.

Өрт кезінде бір адам – 16 пәтері бар үйдегі пәтерлердің бірінің қожайыны Виталий Захаров қаза тапқан. Көршілерінің айтуынша, жуырда зейнет демалысына шыққан ол жалғыз тұрған. Өрт қарсаңында оның халі нашарлап, жедел жәрдем көлігін шақыртуға тура келген, бірақ ол ауруханаға жатудан бас тартқан. Көрші әйелдің айтуынша, жедел жәрдем көлігі келгенге дейін оған учаскелік полиция қызметкері келіп жолыққан. Өртеніп кеткен үй тұрғындарының пікірінше, түнде өрт осы пәтерде басталып, кейін бүкіл үйді жалмаған.

Тобаяқов көшесіндегі 12-үй –қамыстан соғылған, 16 пәтерлі бір қабатты ғимарат болатын. Әр пәтердің кіре берісі, ауласы, шаруашылыққа арналған жеке бөлмелері болған. 60 адамның бүкіл дүние-мүлкі бір түнде өртеніп кеткен.

Өрт салдарынан баспанасыз қалған тұрғындар Любовь Локиенко (сол жақта) мен Мейрамгүл Әйтиева. Алматы, 7 тамыз 2015 жыл.
Өрт салдарынан баспанасыз қалған тұрғындар Любовь Локиенко (сол жақта) мен Мейрамгүл Әйтиева. Алматы, 7 тамыз 2015 жыл.

– 12-үй қарайтын көшенің бір жағындағы тоғыз пәтерде 50 адам, екінші жағындағы жеті пәтерде 10 адам тұрады. Үйіміз түк қалмай жанып кетті. Өзіміз әрең шағып үлгердік, бүкіл дүние-мүлік жанып кетті. Чернушка деген итіміз бен мысығымызды да құтқара алмадық. Бүгін әкімдік «бір айға баспана жалдаңдар» деп 35 мың теңге берді. Менің отбасымда сегіз жан бар: төрт ересек адам, төрт бала, - дейді өртеніп кеткен үйдің 9-пәтерінің иесі Мейрамгүл Әйтиева.

Азаттық тілшісі онымен сөйлесіп тұрған кезде жергілікті мектеп мұғалімі әрі немересі Заринаның сынып жетекшісі келді. Ол азық-түлік пен әлдебір заттар әкеліпті. Зарина «сыныптастарым таң сәріден бір-бірімен хабарласып, біздің отбасыға көмектесу үшін азық-түлік жинапты» дейді.

Өртеніп кеткен үй тұрғындарының айтуынша, өрт сөндірушілер көлігінің алғашқысы өрт басталған соң 15-20 минуттан кейін келгенімен, жеткілікті суы болмаған. Өрт сөндірушілер жарты сағаттай су іздеп жүріп қалған.

– Ақыры су тауып, өртті сөндіре бастаған кезде шлангылары тесік екен, оларды аяғымызбен бітеуге тура келді, - дейді 1-пәтерде тұратын Светлана Лакиенко.

Өрттен зардап шекккендер «көптеген қора-жайларды құтқарып қалуға болушы еді» дейді. Өртенген үй орнында тамыздың 7-сі күні кешке дейін болған өрт сөндіруші мамандар «сұхбат беруге тыйым салынған» деген уәжбен Азаттыққа түсініктеме беруден бас тартты.

Тобаяқов көшесіндегі өртеніп кеткен көппәтерлі жалғыз қабатты үйдің орны. Алматы, 7 тамыз 2015 жыл.
Тобаяқов көшесіндегі өртеніп кеткен көппәтерлі жалғыз қабатты үйдің орны. Алматы, 7 тамыз 2015 жыл.

Жетісу ауданы әкімі Талғат Разақов бастаған құрылыс бөлімі қызметкерлері келген кезде тұрғындар бір дастархан басында жиналып отыр еді.

– Үйі өртенген тұрғындарға материалдық қолдау көрсетіп, бір айға пәтер жалдау үшін бүгін ақша бөлдік. Таңғы және түскі аспен тамақтандырдық. Психолог мамандар мен дәрігерлер әкелдік. Бүгін өрт себебін анықтаушы маман келіп кетті. Қазір әкімдіктің құрылыс бөлімі қызметкерлері өрт әкелген материалдық зиян көлемін анықтап жатыр. Олардың нәтижесін күтіп отырмыз. Тұрғындардың құжаттарын тезірек қалпына келтіруге көмектесуге тырысып жатырмыз, - дейді аудан әкімі.

Мектепке деп дайындаған заттардың бәрі өртеніп кетті, мұны айтудың өзіне қиналып тұрмын. Енді не істейміз, білмеймін, әлі есеңгіреп тұрмын.
Айнұр Сыдықова, үйі өртенген тұрғын

Кейінірек құрылысшылар келіп, үйлердің қақпасын өлшей бастады. Олар өздерін мұнда әкімдік жібергенін айтты.

Қамыстан тұрғызылған үйлердің арасында тұрған жалғыз кірпіш үй де өрттен зардап шеккен. Үй қожайыны Руслан Жұматев баспананы жуырда салғанын айтады.

Айнұр Сыдықова өрт кезінде мерт болған Виталий Захаровпен қабырғалас пәтерде тұрған.

– Күйеуім оның пәтеріндегі үлкен газ баллонын аулаға шығарып, көшенің арғы бетіне апарып үлгерді. Сондықтан газ баллондарының ешқайсысы жарылмай қалды. Балаларды туыстарымызға жіберіп, өзіміз осында қалдық. Көп ұзамай балалар мектепке баруы тиіс. Мектепке деп дайындаған заттардың бәрі өртеніп кетті, мұны айтудың өзіне қиналып тұрмын. Енді не істейміз, білмеймін, әлі есеңгіреп тұрмын. Жылдар бойы жинаған дүние-мүлкіміз бір күнде жанып кетті, - дейді Айнұр Сыдықова.

Тобаяқов көшесіндегі өртенген үй туралы видео:

Өрттен 16 үй зардап шекті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:12 0:00

Өртенген үйдің өзге тұрғындарының да жағдайы осындай. Қарт әйел Любовь Лакиенко өртеніп жатқан үйден ішкөйлекшең қашып шыққанын айтады. 1-пәтерде тұратын Лакиенконың отбасын достары паналатқан.

Үйі өртенгендер әкімдік пәтерлерін қалпына келтіруге көмектесер деп үміттенеді. Ал әзірше олар киім-кешек пен өзге де заттарға мұқтаж болып отыр.

XS
SM
MD
LG