Тамыздың 27-сіне ауған түні Кипр астанасы Никосияда Қазақстанның «Астана» футбол командасы Чемпиондар лигасы іріктеуінің плей-офф кезеңінде Кипрдың АПОЭЛ клубымен кездесті. Тамыздың 18-і күні Астанада өткен бірінші матчта 1:0 есебімен «Астана» жеңген еді. Ал бүгінгі кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Екі матч қорытындысы бойынша 2:1 есебімен жеңіске жеткен Қазақстанның «Астана» клубы елдің футбол командалары арасында бірінші болып Чемпиондар лигасы топтық кезеңіне жолдама алды.
Никосиядағы қарымта матчта АПОЭЛ ойыншысы Семир Штилич 60-минутта айып добын теуіп, гол салды. Ал 84-минутта Қазақстан құрамасының ойыншысы Бауыржан Жолшиев айып алаңында жүрген «Астана» легионері Неманья Максимовичке пас шығарған. Максимович командаласының көмегін сәтті пайдаланып, есепті теңестіріп кетті.
Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында «Астана» командасының бас бапкері, болгариялық маман Станимир Стойлов «Бұл - біздің клуб үшін және Қазақстан үшін ұлы жеңіс. Өте қиын матч болды, себебі АПОЭЛ қарымта кездесуде өте қатты ойнады. Бірақ біздің жолымыз болды. Құрған тактикамыздан нәтиже шықты. Мерекелеуге уақыт беріңіздер, топтық кезеңдегі мақсатымызды кейін анықтаймыз» деді.
Ал АПОЭЛ бапкері Домингуш Пасиенсия «Маусымдағы басты мақсатымыз Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнау болған еді. Клуб жанкүйерлерінен кешірім сұраймыз» деді.
«Астана» Чемпиондар лигасы топтық кезеңіне шыққаны үшін УЕФА рейтингінде 222-орыннан 178-орынға көтерілді.
Қазақстан чемпионы «Астана» командасы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққаны үшін УЕФА тарапынан 8 миллион 600 мың еуро көлемінде сыйақы алады. Ал топтық кезеңде «Астана» командасына жеңіске жеткен әр матчы үшін - 1 миллион еуро төленеді, тең түскен күнде де жарты миллион еуро бонус беріліп отырады.
Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің жеребе тарту рәсімі бүгін, яғни тамыздың 27-сі күні Монакода болады. Жарысқа қатысатын 32 команда төрт-төрттен сегіз топқа бөлінеді. Әр топтан бірінші-екінші орын алған команда 1/8 финалға шығады. Жеребе алдында 32 команда рейтингіне байланысты төрт себетке бөлінген. «Астана» соңғы төртінші себетте тұр. Қазақстандық командаға алғашқы үш себеттен бір-бір команда қарсылас ретінде түседі.
1-себет: «Барселона» (Испания), «Челси» (Англия), «Бавария» (Германия), «Ювентус» (Италия), «Бенфика» (Португалия), «Пари Сен-Жермен» (Франция), «Зенит» (Ресей), ПСВ (Нидерланд).
2-себет: «Реал», «Атлетико», «Валенсия» (үшеуі де - Испания), «Порту» (Португалия), «Арсенал», «Манчестер Юнайтед», «Манчестер Сити» (үшеуі де - Англия), «Байер» (Германия)
3-себет: «Шахтёр» (Украина), «Севилья» (Испания), «Лион» (Франция), «Динамо» (Украина) «Олимпиакос» (Грекия), ЦСКА (Ресей), «Галатасарай» (Түркия), «Рома» (Италия).
4-себет: БАТЭ (Беларусь), «Боруссия М» (Германия), «Вольфсбург» (Германия), «Динамо» (Хорватия), «Маккаби» (Израиль), «Гент» (Бельгия), «Мальмё» (Швеция), «Астана» (Қазақстан).
«Астана» Чемпиондар лигасы іріктеуінің алғашқы кезеңдерінде словакиялық “Марибор”, финляндиялық “ХИК” командаларын жеңген еді.
Қазақстандық командалар арасында осыған дейін қарағандылық “Шахтер” Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуға жақын болған. Бірақ қарағандылық клуб іріктеудің плей-офф кезеңінде шотландиялық “Селтик” командасынан жеңіліп, Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнаған. Алайда “Шахтер” Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі барлық матчта жеңіліп, жарысты абыройсыз аяқтаған еді.
Биылғы Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің ойындары қыркүйектің 15-і күні басталады.