Accessibility links

Студентті хиджабын шешуге үгіттеп жатыр


Бірінші курс студенті Лолита Ташухаджиева (сол жақта) мен анасы Хава Гойгова. Астана, 4 қыркүйек 2013 жыл.
Бірінші курс студенті Лолита Ташухаджиева (сол жақта) мен анасы Хава Гойгова. Астана, 4 қыркүйек 2013 жыл.

Астана политехникалық колледжінің бірінші курс студенті Лолита Ташухаджаеваға хиджабын шешкізе алмай жатыр. Әуелі оған «оқу мен хиджабтың бірін таңда» деп талап қойып, баспасөзде шу шыққан соң үгітке көшті.

Астана политехникалық колледжі 16 жастағы Лолита Ташухаджиеваны «хиджабыңды шешпесең, оқудан шығарамыз» деп қорқытқаны туралы Азаттық бұрын да жазған. Бұл оқиға жұртқа жария болған соң оқытушылар Лолитаны үгіттеп көндіруге тырысып, студенттер арасында ағарту жұмыстарына көшкен.

ЗАМАНАҚЫРДЫ БОЛЖАУ

Студенттің анасы Хава Гойгованың айтуынша, оқытушылар қызымен әңгіме өткізіп, қалай киінуді, басты қалай жауып жүруді үйретеді екен.

– Мәдениеттану пәнінің оқытушысы «мен дінді зерттегенмін, заманақыр күні жұрттың бәрі анадан туғандай жалаңаш күйінде барады, орамалдан қайыр жоқ» депті, – дейді Хава Гойгова.

Бірақ политехникалық колледж басшылығы Хава Гойговамен әлі кездеспеген. Қыркүйектің 2-сі күні колледжде «Киім формасы туралы» ішкі бұйрық шыққан.

Политехникалық колледж. Астана, 5 қыркүйек 2013 жыл.
Политехникалық колледж. Астана, 5 қыркүйек 2013 жыл.

бұйрықтың бір тармағында «Колледжде білім берудің зайырлы сипатына қайшы келетін хиджаб және басқа да дәстүрлі емес киім киюге рұқсат етілмесін» деп жазылған.

Спорттық киім мен аяқ киімді де дене шынықтыру сабағынан басқа сабақта киюге тыйым салынған. Колледж студенттері «костюм, джинс, свитер» сияқты классикалық және ресми-іскерлік стильде киінуі тиіс.

Бұйрыққа сәйкес, бұл ережелер «үйлесімді тұлғаны тәрбиелеу, сабақ үстінде оқушыларды эстетикалық талғамға, жинақылық пен тәртіпке баулу, өзі оқитын оқу орнын мақтан тұту сезімін тәрбиелеу мақсатында» енгізілген.

МИНИСТРЛІКТІҢ ТҮСІНІГІ

Білім және ғылым министрлігі Азаттық тілшісінің сауалына жазған хатында «Қазақстанда білім беру жүйесі (діни ұйымдардан басқасы) зайырлы сипатта және дін мен діни ұйымдардан бөлінген» деп жазылған.

Мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Ж.Жолтаева қол қойған хатта «Қазақстан – алуан түрлі ғұрпы, атрибутикасы мен киім үлгісі

Министрліктің Азаттыққа берген жауабынан үзінді. 17 қыркүйек 2013 жыл.
Министрліктің Азаттыққа берген жауабынан үзінді. 17 қыркүйек 2013 жыл.

бар көп конфессиялы мемлекет. Білім беру мекемелерінде діни киім кию қоғамда қайшы пікір мен балалардың арасында алауыздық тудырып, Қазақстан Республикасы конституциясының 12-бабының 5-тармағы талаптарын бұзуы мүмкін» деп жазылған.

Хатта ата-ана балаларын өз наным-сеніміне сәйкес тәрбиелей алатыны, бірақ баланы еркінен тыс дінге тарту әрекеттеріне жол берілмейтіні де жазылған.

Білім министрлігінің хаты «Қазақстан Республикасындағы бала құқығы туралы» заңның «Мемлекет ата-ана немесе олардың орнындағы адамдардың дiни дүниетанымына негiзделген бала тәрбиелеу ісіне араласпауға, бiлiм беру, тәрбиелеу, емдеу ұйымдары және өзге де сол сияқты мекемелерден тыс орындарда, егер көрсетілген әрекеттер баланың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрмесе, оның құқығын бұзбаса және жауапкершiлiкті шектемесе баланың қатысуымен дiни жораларды өткізуге кепiлдiк бередi» деген бабына сілтеме жасайды.

ЗАҢ ТАЛАБЫ

Білім және ғылым министрлігі сілтеме жасаған заңның бірі – «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заң. «Демократия және адам құқықтары институты» ұйымының директоры Болатбек Біләловтің айтуынша, бұл заңнан адамның дін еркіндігі туралы норма алынып тасталған.

– Азаматтарға дін еркіндігін беретін заңдық норма жоқ болғандықтан, лауазымды тұлғалар өз өкілеттігін асырып, оқушыларды сабаққа кіргізбейді. Демек мұндай жанжалдарды биліктің өзі қоздырады, – дейді құқық қорғаушы Болатбек Біләлов.

Оның деректері бойынша, оқу жылы басталған сайын «оқушы, студент қыздарға

Демократия және адам құқықтары институты» ұйымының директоры Болатбек Біләлов. Астана, 9 қараша 2012 жыл.
Демократия және адам құқықтары институты» ұйымының директоры Болатбек Біләлов. Астана, 9 қараша 2012 жыл.

сабаққа орамал тағып келуге тыйым салды» деген шағымдар көбейіп кетеді. Құқық қорғаушының айтуынша, биыл Астанадан 11 шағым, Атыраудан бір шағым түскен. Құқық қорғаушы жұмыс берушінің әрекетіне қатысты осы сипаттағы екі шағым алған.

Болатбек Біләловтің айтуынша, бұл оқиғалар бір-біріне ұқсайды. Мектеп директорлары орамал тағуға тыйым салатын мектептің немесе колледждің ішкі жарғысына сүйенеді. Бірақ Болатбек Біләловтің түсіндіруінше, «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңда діни жораларды өткізуге ғана тыйым салынған, ал орамал мен діни киім жайында ештеңе айтылмаған.

– Бәрі мектептің немесе колледждің жарғысына сілтейді. Бірақ мен мектеп жарғысынан орамал мен діни киімге қойылатын нақты норманы көрсетуді талап еткенімде, жарғыда ондай ештеңе айтылмаған болып шығады. Енді жарғыда мұндай норма пайда болуы мүмкін. Бірақ мұндай жарғы Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес келмейтіндіктен, оның күші тоқтатылуы тиіс, – дейді Болатбек Біләлов.

Оның пікірінше, хиджаб киетін оқушылар киім үлгісі туралы ережені бұзбайды. Бастарына орамал таққаны болмаса, олар да ақ көйлек пен қара юбка киеді. Болатбек Біләлов «оқушыларға мұндай талап қоюды кез келген адамның дін еркіндігі құқығын бұзу сияқты әрекетпен теңестіруге болады» дейді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG