Қазылар алқасының шешімімен үш күнге созылған айтыстың соңғы күні екінші және үшінші орын үшін айтысқан Жандарбек пен Бекарыс та бұған дейінгі айтыстардағыдай президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, Астананың және осы қалада 2010 жылы саммиті өткен ЕҚЫҰ-ның атына жылы сөздер айтты.
Жандарбек Бұлғақов Астанадағы Конгресс-холл сарайында үш күн бойы өткен айтысқа Қазақстан үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің айтысқа келмегенін жырға қосты.
– Ақының айтар сөзден жаңылмасын,
Ағасы өзің едің сарындасым.
Кетерімде айтайын бір сөзімді,
Жас бала тектен-текке қағынбасын.
Байқаймын мына залдан көрінбейді,
Келеді деп еді Кәрім Мәсім.
Байқаймын, шаруаларымен келе алмады-ау,
Өз халқының жанынан табылғасын.
Мұхтар аға, өтініш жасайыншы,
Жас бала айтар сөзден жаңылмасын.
Ертең осы айтысым біткеннен соң,
Мәсімов бәрімізді қабылдасын, – деп жырлады Жандарбек.
Жандарбектің қарсыласы Бекарыс Шойбеков Қазақстан үкімет басшының айтысқа келе алмауын одан әрі жырмен сабақтап, түйреп өтті.
– Ақыннан аузын ашса өлең шығар,
Сөздердің сүбелісі сенен шығар.
Кәрім ағаң айтысқа келмей қалса,
Реті бәлкім солай келген шығар.
Премьерде ақылшы көп болады,
Біреуі ақыл-кеңес берген шығар.
«Кәреке, онда барып неғыласың,
Жылы сөз естімейсің» деген шығар, – деген Бекарыс Шойбеков қазылардың тарапынан 70 ұпай алып екінші орынды иеленсе, Жандарбек Бұлғақов 69 ұпаймен үшінші орынға табан тіреді.
Жандарбек пен Бекарыстың айтысы: