Accessibility links

Ит пен мысықты «бөтеннің мүлкін ысырап ету» ісі бойынша іздейді


Панасыз хайуанаттар үйі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:09 0:00

Гүлнар Шағырованың айтуынша, Астананың шет жағындағы бұл үйді 30 шақты ит пен мысық паналап жүр.

Астанада қаңғырбас жануарларды қорғаумен айналысатын белсенділер тобы ақысын төлеп уақытша қарауға өткізген ит-мысықтарды іздеп жатыр. Жануарларды паналату орны иесі «картотека жүргізбеймін» дейді.Полиция «бөтеннің мүлкін ысырап ету» бабы бойынша іс қозғаған.

Тергеу амалдары қалалық прокуратура Астананың 14 тұрғынының ұжымдық шағымын полицияға жолдағаннан кейін басталған. Белсенділердің айтуынша, уақытша қарау үшін көшеден тауып алған қараусыз жануарларды Мира есімді әйелдің үйіне бір жыл бұрын әкеле бастаған.

БІР МЫСЫҚҚА 5 МЫҢ ТЕҢГЕ

Олардың айтуынша, бір мысық немесе итті қарауға ай сайын 5 мың теңгеден төлеп тұрған, бұған қоса жануарлардың қорегі мен астына төсейтін материалға жеке ақша төлеген. Жанашыр тұрғындар «Мирадан» хайуандардың тағдыры жайлы сұрастыра бастағанға дейінбұралқы иттер мен қараусыз мысықтарға алаңсыз болғанын айтады.

- Хайуандарды асырап алған адамдардың байланыс телефондарын сұрай бастап едік, ол жұрттың бәріне бір нөмірді беріп отырғаны анықталды. Тұтқаны көтерген адамдар не жайлы сұрап тұрғанымызды түсінбей дал болды. Иттерді асырап алды деп те өтірік телефон берген. Оған мысықтың балаларын бергенмін, бірақ үш аптадан кейін маған «оларды қолға үйретіп, орналастырып қойдық» деді, бірақ бұған сену қиын, - дейді Полина Малашевич.

Белсенділер ұжымдық арызында хайуандарға «дұрыс күтім жасалмаған», ал қазір көбінің қайда екені белгісіз деп көрсеткен.

Ол жұрттың бәріне бір нөмірді беріп отырғаны анықталды. Тұтқаны көтерген адамдар не жайлы сұрап тұрғанымызды түсінбей дал болды. Иттерді асырап алды деп те өтірік телефон берген.

Хайуанаттарды қорғаушы Наталья Гребенникова «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде былтыр мамырда сол жерге Ева есімді буаз мысықты уақытша қарауға бергенін жазады. Мысық балалағаннан кейін белсенді оған стерилизация жасамақ болған. Бірақ Наталья мысықты қайта көрмеген, оның жағдайын білмек болған әрекетінен де түк шықпаған.

- Еваны құтқарамын деген оймен жарты жыл бойы оның ақшасын төледім. Ақшаны Мираның өзі немесе Дархан келіп алатын. Екеуі жұмысымның жанына келетін немесе бір жерде жолығатынбыз. Екеуін көрген сайын әуелі Еваның, кейін Ева мен балаларының фотосуреттерін сұрап жүрдім, олар «әрине, әрине» дейді де, көлікке мініп кетіп қалады. Мысықтың фотосын бір рет те көрсеткен жоқ, - дейді Наталья Гребенникова.

Оның айтуынша, кейін түн ортасында «мысығыңызды есіктің алдына қалдырып кеттік» деп үйдің домофонына қоңырау соққан. Бірақ ол подъездің алдынан Еваны да, оның ізін де таппаған. Әйелдің айтуынша, сырттағы бақылау камераны тексергенде, адамдардың көліктен мысықсыз түскені әрі ешкімді қалдырмағаны анықталған.

Тағы бір белсенді Полина Малашевич кейбір жануарларды ғана алып кетудің сәті түскенін, ал қалғандары қайда екенін паналату орны иесі түсіндірмегенін айтады. Ол «жануарлардың көбі ауыр халде, ветеринардың көмегіне зәру екенін былтыр желтоқсанда өз көзіммен көрдім» дейді.

Мысығының суретін «ВКонтакте» желісінде жариялаған Alex Dunkel «Өзге адамдар алып кеткен жануарлар әбден азып, ауру болып қалған» деп жазады.

«Қысқасы, Мираның қарауына берген мысығым қазір өзімде. Ол жақтан менің мысығымды да алып кеткен Полинаға рахмет, әйтпегенде әлгі үйді кешке жұмыстан кейін сабылып іздер едім. Мысығым жүдеп кетіпті, үсті кір-қожалақ, неге екенін іші қампиып тұр, қышыма қотыр жұқтырған сияқты, бірақ оны тексеру көрсетеді, тік ішегі қызарып, сәл шығып тұр (іші қатып қалғаннан ба дей ойлаймын). Төмендегі фотоларда мысығымның бұрынғы және қазіргі түрі. Бәрі көрініп тұр. Ақшамды аяп отырған жоқпын, бірақ мысығыма обал.Әуелі емдетеміз, сосын біреудің қамқорлығына береміз. Өзі сондай ерке, аяққа оратылып, жол бермейді. Емдеп алайық, сосын алып кетесіздер» деп жазады Alex Dunkel.

Кейін белсенділер Азаттыққа Алекстің мысығы Кальцевироз вирусынан өлгенін хабарлады.

ПЕШТІҢ ТҮБІ

Азаттық жұрттың бәрі «Мира» атайтын Гүлнар Шағыроваға хабарласты. Әйел өзін жануарларды қорғаушы ретінде таныстырды. Ол «35 мың теңгеге жалдап отырмын» деген үйді көрсетуге қарсы болмады. Бірақ видеокамера алдында сұхбат беруден бас тартты.

Қараусыз қалған мысықтар паналаған үйде пеш жанып тұр екен. Мысықтардың жартысы пештің түбінде ұйлығып отыр. Қалғандары жан-жақта бытырап жүр. Мира үйдегі температура қалыпты екенін айтқанымен, сөйлеген кезде аузынан бу шығып тұрды.

«Жануарларды уақытша ұстайтын» үйде су, орталық жылу мен кәріз жүйесі жоқ. Ол Астананың шетіндегі Көктал-1 шағын ауданында орналасқан. Паналау орны иесі қазір екі бөлмелі үйде 30 мысықты асырап отырғанын айтады. Оның айтуынша, әлгі мысықтардың бәрі өзінікі, оларды даладан өзі тапқан немесе таныстары әкелген. Әйелдің түсіндіруінше, жуырда мысықтар «қышыма қотырмен» ауырған, бірақ қазір бәрі жазылып кеткен. Ол өзге белсенділермен жанжал екі иттің жоғалып кетуіне байланысты басталғанын айтады.

Мына жерді өзім тазалаймын, мысықтарды өзім тамақтандырамын, бәріне жалғыз жүгіремін. Жалғыз кемшілігім сол - мысықты қашан бергенімді жазбаймын, тек фотоға түсіріп аламын.

- Олар «мысықтарды жоғалтып жатыр» дей бастады, ал шындығында бір мысық жоғалған да, өлген де жоқ. Оларға жаңа қожайын тауып, беріп жіберемін әрі мұнымен жалғыз өзім айналысамын. Қыздар хабарландыру береді. Мына жерді өзім тазалаймын, мысықтарды өзім тамақтандырамын, бәріне жалғыз жүгіремін. Жалғыз кемшілігім сол - мысықты қашан бергенімді жазбаймын, тек фотоға түсіріп аламын. Бірақ мысықтардың жанашырлары мысықтарды өздері орналастырып, кейінгі тағдырын өздері бақылай алады. Ал қазір бәрі «телефонын бер», «телефонын бер» деп шулайды, мен екі жылдан бері бүкіл телефон нөмірін сақтап отыратындай. Сондықтан «олай болса, картотеканы өздерің жүргізіңдер, келіңдер, мысықтардың астын тазалауға көмектесіңдер» деп айттым. Әрине, ешкімнің көмектескісі келмейді, - дейді Гүлнар Шағырова.

Үй ауласында бірнеше ит жүр екен. Көбі үйшігіне тығылып қалған. Жуырда күшіктеген біреуінің күшіктеріне бір айдан кейін қожайын іздей бастайды.

Гүлнар Шағырова қараусыз қалған жануарларды паналатып, оларға қожайын тауып берумен бала кезінен айналысатынын айтады. Әйел жануарларды уақытша паналатқаны үшін ақша алады деген сөзді жоққа шығарады. Оның айтуынша, әлгі үйдегі қараусыз мысықтардың күтіміне ешкім көмектеспейді. Ол қарсы беттегі үйде күйеуі екеуі тұратынын, ол жерде де 13 мысық асырап отырғанын айтады. Бірақ қараусыз мысықтар ма, жоқ па – айтпады.

Астана қаласы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің Азаттыққа хабарлауынша, азаматтардың ұжымдық шағымы негізінде «Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденіп алу немесе ысырап ету» бабы бойынша қозғалған іс 16 қаңтарда сотқа дейінгі тергеу амалдарының бірыңғай реестерінде тіркелген.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG