Accessibility links

«Терроршы» деп айыпталған 47 адам түгел сотталды


Атыраудағы сот үкімі
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:49 0:00

«Терроризмге қатысы бар» деген айыппен сотталған 47 адамның туыстары үкімге байланысты наразылықтарын білдірді. Атырау, 18 сәуір 2012 жыл.

Бүгін Атыраудағы «терроризмге қатысы бар» деп айыпталған 47 адамға қатысты сот үкімі шықты. Облыстық ауданаралық мамандандырылған сотының судьясы оларды жалпы және қатаң режимде 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.

Туыстарының айтуынша, сотталғандардың барлығы дерлік - жоғары білімді, 24 пен 34 арасындағы жігіттер. Олардың арасында Сауд Арабиясы, Египет елдерінде білім алғандары да бар. Ядролық физика мамандығын үздік бітірген ҚазҰУ түлегі, бірнеше алтын медаль алған спорт шеберлері де - сотталған 47 адамның арасында.

47 ҮКІМ

Облыстық ауданаралық мамандандырылған сот "2011 жылы қазанның 31-і күні Атырау қаласында болған екі жарылысқа қатысы бар" деп айыпталған 5 адамға қатысты үкім шығарды. Оларға 6 жыл мен 15 жыл арасында бас бостандығынан айыру жазалары кесілді. Бұл бес адам жазаларын жалпы режимде өтейді. Олар "террористік топтың қызметіне қатысты", "заңсыз түрде жарылғыш құралдарды қолдан жасады және тасымалдады", "Атырау облысының әкімдігі мен Сарыарқа ауданындағы тұрғын үйдің қасында теракт жасады" деген айыптар бойынша айыпты деп танылды. Бұл бес адамға қатысты өткен сот үкімі сәуірдің 2-сі шыққанымен, ресми түрде бүгін ғана жария етілді.

Атырау облыстық прокуратурасының тергеу ісін қадағалау жөніндегі басқарма бастығы Ғалымжан Құлманов. Атырау, 18 сәуір 2012 жыл
Атырау облыстық прокуратурасының тергеу ісін қадағалау жөніндегі басқарма бастығы Ғалымжан Құлманов. Атырау, 18 сәуір 2012 жыл


Сәуірдің 18-і күні өткен арнайы брифингте Атырау облыстық прокуратурасының тергеу ісін қадағалау жөніндегі басқарма бастығы Ғалымжан Құлмановтың айтуынша, "сотталғандар сот үстінде кінәларын толық мойындап, жасаған қылмыстары үшін өкінген".

Құлмановтың мәлімдеуінше, бүгін Атырау облыстық ауданаралық мамандандырылған соты дәл осындай - терроризмге қатысты айып тағылған тағы бір іс бойынша 42 адамға қатысты да үкім шығарды. Оларға сот 5 пен 15 жыл арасында бас бостандығынан айыру жазалары кесілді. Сот үкімі бойынша бұл азаматтар "террористік топты құрды, оны қаржыландырды", "террористік актілерді ұйымдастырып, насихаттады", "атыс құралдары мен жарылғыш заттарды сатып алды және жасады" деген айыптар бойынша айыпты деп танылды.

Кейбір сотталғандардың туыстары бүгін, сәуірдің 18-інде Азаттық тілшісіне аппеляциялық шағым түсіретіндерін мәлімдеді. Олар бірқатар адвокаттардың бүгінгі сот отырысына келмей қалғанына наразы екендерін айтты.

ЖАБЫҚ СОТ

Наурыздың 26-сы күні басталған сот процесі жабық жағдайда өтті. Атыраудың орталық көшелерімен екі жабық көлікке тиелген, арнаулы жасақ итпен күзеткен айыпталушыларды полиция бір ай бойы сот пен түрменің екі ортасында тасумен болды. Ал ресми органдар жабық сот процесіне сілтеме жасап, қандай да бір мәлімет айтудан бас тартты.
Туыстарының айтуынша, сотталғандардың бір де бірі өздеріне тағылған айыпты мойындамаған.
Бірақ сот шешімі шығардың алдында, сәуірдің 15-і күні сотталғандардың бір топ туысы Азаттық тілшісімен аты-жөндерін жарияламауды өтініп, сөйлескен еді. Бұған дейін олардың ата-аналары да, адвокаттары да ашық әңгімеден қашқақтап, балаларының өмірі үшін алаңдайтындарын айтатын. Сотталған азаматтардың туыстарының айтуынша, олардың бәріне "терроризмді насихаттады және қаржыландырды", "экстремистік топтарға мүше болды" деген айып тағылған.

Адвокаттар 47 адамның сот процесі кезінде дәлелденбеген фактілер бойынша айыпты болып танылғанын айтады. Үкімі шыққандардың бір де бірі өздеріне тағылған айыпты мойындамаған.
"Терроршылар ісі" бойынша сотталғандардың туыстары сот ғимараты маңында жылап тұр. Атырау, 18 сәуір 2012 жыл.
"Терроршылар ісі" бойынша сотталғандардың туыстары сот ғимараты маңында жылап тұр. Атырау, 18 сәуір 2012 жыл.

Жарыссөз өткен күні айыпталушылардың сөзін тыңдап отырып көзіне жас алған адвокаттар да болған.

Туыстарының айтуынша, бір айыпталушы: «Біз елімізді, отанымызды сүйеміз. Біз өз туған жерімізге еш зиян тигізген жоқпыз деп санаймыз. Егер бізге мұрсат берсеңіздер, біз оған талай пайда тигізген болар едік» деген.

24 жастағы бір сотталушыға "террористік топқа басшылық жасады" деген айып тағылған.

«НАМАЗ ОҚЫСА, ДЕМЕК УАҒЫЗ АЙТАДЫ»

- Менің туысым араб еліндегі белгілі оқу орындарының бірінде оқып жатқан. Алайда үш жыл бұрын «енді саған ол жаққа баруға болмайды» деп, оны оқуына жібермей қалды. Кейін бізге облыс әкімі рұқсатымен ғана шығуға болады деген. Ол жөнінде әкімге барғанымызда «бізге ескерту жасап қойсаңыз жетеді, бірақ барсын немесе бармасын деп нұсқау бере алмаймын» деді, - дейді жазаға кесілгендердің туыстарының бірі.

Сотталғандардың туыстары олардың қандай да бір орында уағыз айтып жатқаны туралы нақты дәлел болмаса да, оларды айыпты етіп шығарғанын айтады.
Барлығы 2008 жылдан бері басталған әлдебір жасырын нұсқау бойынша жүзеге асырылған науқан.
- Бізге қауіпсіздік комитеті қызметкерлері «намаз оқитын болған соң, олар бәрібір кез-келген орында дағуат айтады» деген есеппен айыптап отырмыз деген түсінік береді. Ал менің балам араб тілін әдеби деңгейде білетін болған соң тіл үйрету сабақтарын жүргізген. Оның біліміне қатысты жасалған теологтар сараптамасы да бар. Қоятын кінәлары – "шетелдегі террористік топты қаржыландырған" дейді. Оны қайдан алған? Балаларымыздың мұсылман болған соң пітір бергені рас. Ол да күнә ме? Онда не үшін мешіт салады? Имам не үшін отыр ол жерде садақа жинап? - дейді ата-аналардың бірі.
Сотталғандардың туыстарының бірі сот ғимараты маңында тұр. Атырау, 18 сәуір 2012 жыл.
Сотталғандардың туыстарының бірі сот ғимараты маңында тұр. Атырау, 18 сәуір 2012 жыл.

Туыстары сотталған адамдар "діни ұйымды қаржыландырды" деген айыпты дәлелдейтін құжат, түбіртектің жоғын айтады. Олардың ойынша, мұның бәрі - 2008 жылдан бері басталған, әлдебір жасырын нұсқау бойынша жүзеге асырылған науқан.

- Сотталушылардың көбінің жас балалары, әйелдері бар. Егер олар террорист болса үйленіп, ұрпақ өрбітіп несі бар, - деседі олар.
Бізге бұл – жоғары жақтан келген нұсқау. Оны аппеляцияға берудің қажеті жоқ.
«Терроризм» бабы бойынша сотталғандардың туыстары Азаттық тілшісіне кейбір ата-аналардың аппеляциялық шағым жасамайтындарын, себебі қорқатындарын айтты.

- Бізге «Бұл – жоғары жақтан келген нұсқау. Оны аппеляцияға берудің қажеті жоқ. Себебі сіздің басқа да балаларыңыз бар. Ал мыналар «халық жауы» есебінде қаралады және оларға үкім міндетті түрде шығады. Әрі сендерге не керек: 18 жыл сұрап - 11 жыл, 14 жыл сұрап - 8 жыл беріп жатыр» деп қатаң ескерткен, - дейді туыстарының бірі.

Туыстарының айтуынша, айыпты деп танылған сотталушылар «өздеріне қатысты шығарылған үкімге селт етпей, ерекше төзімділік көрсеткен».

- Оларды қанша айыптағанмен, намаздан бас тартқан жоқ. Әрине заңға сәйкес мемлекеттік мекемде оқуға болмайды. Бірақ олар іштей оқып жатыр, - деді Азаттық тілшісіне жиналғандардың бірі.

"ТЕРРОРИЗМНЕН ҚАУІП ТӨНСЕ, НЕГЕ СОТ АШЫҚ ӨТПЕЙДІ?"

"Демос" құқық қорғау ұйымының төрайымы Тоғдан Қизатова сот поцесі өтіп жатқан кезде айыпталушылардың бір де бір туысы өздерінен жәрдем сұрамағанын айтады. Ол сотталғандардың туыстарына қысым жасалды деп санайды. Қизатованың сөзінше, істі болғандардың бірінің адвокаты қорғауындағы адамға қысым жасалып жатыр деп прокуратураға шағым түсірген. Бірақ айыпталушының өзі көп кешікпей сөзінен айнып қалған.

- Маған өздеріне қысым жасағанын айтты. Баспасөз бен халықаралық ұйымдарға шағымдансаңдар, балаларың көбірек жазаға кесіледі деп ескертілген. Ата-аналары балаларымыз аман-есен шықса да шүкір дейді. Бізді таң қалдыратыны террористік әрекеттерден қоғамға қауіп төнген болса, онда неге сотты ашық өткізбеске, - деді Тоғжан Қизатова.

Былтыр күзде Атырауда оншақты адам қамауға алынған. Оларға Атырау облысы мен басқа да жерлерде теракт жасамақ болды деген айып тағылған еді. Былтырғы қазанның 31-і Атырауда облыс әкімдігі ғимаратның маңы мен Сарыарқа ауданында екі жарылыс болған. Тергеу орындары төтенше оқиға кезінде 23 жасар Бауыржан Сұлтанғазиев жарылғыш затты байқамай іске қосып, опат болды деп хабарлаған. Кейін интернетте "Джунд әл-Халифат" ұйымының мүшелері жарылысты өздері жасағаны туралы мәлімдеме таратқан болатын.
XS
SM
MD
LG