Кеше Tengrinews ақпараттық агенттігі Қазақстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, «аса ірі көлемде пара алды» және «қару-жарақты заңсыз сақтады» деген айыппен 2014 жылдың 27 маусымында алты жылға сотталған Бағдат Майкеев сырқатына (онкологиялық дертке шалдыққан) байланысты Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2015 жылдың 4 ақпанындағы қаулысымен бостандыққа шыққанын хабарлады.
Азаттық тілшісіне Шығыс Қазақстан облысы апелляциялық сотының оны түрмеден босату туралы қаулысын табудың сәті түсті.
РАК ПРОЦЕСІ
Әлгі қаулының мазмұнына қарағанда, Майкеев жазаны өтеу орнына этаппен жеткізілгеннен кейін көп ұзамай оны түрме ауруханасы – Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы қатал режимдегі ОВ-156/15 колониясы территориясындағы «санитарлық қалашыққа» жіберген. Біраздан кейін тұтқын Бағдат Майкеев сырқатына байланысты жазаны өтеуден босату туралы Семей сотына өтініш берген.
Шағымда тұтқын Майкеев талай жылдан бері онкологиялық дерттің емделуі қиын ауыр түрімен ауыратыны, оның дерті ажалға ұласпас үшін жоғары білікті арнайы медициналық көмекке мұқтаж екені, мұндай деңгейдегі медициналық көмекті оған жаза өтеу мекемесінде және Қазақстан аумағында көрсету мүмкін емес екені айтылған.
Оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан 2014 жылдың 30 желтоқсанындағы сот шешіміне қатысты Бағдат Майкеев пен оның адвокаты Данияр Қанафиннің шағымын қараған Шығыс Қазақстан облысы апелляциялық соты 2015 жылдың 4 ақпанында шағымды қанағаттандыру туралы қаулы шығарған. Олар шағымда тұтқын Майкеев талай жылдан бері онкологиялық дерттің емделуі қиын ауыр түрімен ауыратынын, оның дерті ажалға ұласпас үшін жоғары білікті арнайы медициналық көмекке мұқтаж екенін, ал мұндай деңгейдегі медициналық көмекті оған жаза өтеу мекемесінде және Қазақстан аумағында көрсету мүмкін емес деген уәж келтірген.
Бағдат Майкеев апелляциялық сот отырысына қатыспаған, оның мүддесін адвокаты Данияр Қанафин қорғаған. Апелляциялық сотта адвокаттан бөлек, арнайы медицина-дәрігерлік комиссия өкілдері де сөз сөйлеп, медициналық ұйғарым мен әрі тұтқынның дертін ажалға ұластырмау үшін жазасын өтеу жағдайында арнайы медициналық көмек көрсету мүмкін еместігін растаған.
Сотта прокурор Думан Жексекенов қылмыстық кодекстің 73-бабын («Жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл жаза түрімен ауыстыру немесе кесілген жаза мерзімін қысқарту») тұтқын Бағдат Майкеевке қатысты қолдануға және оны сырқатына байланысты жазаны өтеуден босатуға құқықтық кедергі жоғын мәлімдеген.
Апелляциялық сот қаулысында Бағдайт Майкеевтің талай жылдан бері онкологиялық дерт – қалқанша бездің қатерлі ісігіне шалдығып, оған бірнеше рет операция жасалғаны және кейін тиісті емдік процедуралар алғаны жазылған.
Облыстық аппеляциялық сот қаулысында «Мысалы, 2013 жылдың 28 мамырында Б.А.Майкеевке операция жасаған Австрияның «Дёблинг» клиникасының профессоры Рудольф Роктың науқасты клиникадан шығару қағазы мен ұйғарымына қарағанда, оған тиреоидэктомия (қалқанша безді алып тастау операциясы) жасалып, лимфалық түйіндері тілінген, маңайындағы бұлшық еттерді кесіп алып тастаған және гистология нәтижелері бойынша «қалқанша бездің паппилярлы карциномасы» (рак) түріндегі онкологиялық дерт анықталғаны туралы ұйғарым жасалған. Ажалдың алдын алу үшін оған мамандандырылған медицина орталықтарында жүйелі түрде қаралып тұруға, радиоактивті йодпен сәулелендіруді қолдануға, гормоналды препараттармен емделуге кеңес берілген» деп жазылған.
Әлгі ақпаратқа сәйкес, тергеу амалдары кезінде және Астанадағы тергеу абақтысында қамауда отырған кезде Бағдат Майкеевке қайта операция жасалған. Ал жаза мерзімін өтеу орнына келгеннен кейін Семей қаласындағы аймақтық онкологиялық диспансерде бірнеше мәрте тексеріліп, оған «рак процесі таралуының үшінші сатысы» анықталған.
Ақыры Шығыс Қазақстан облысы апелляциялық соты тұтқын Майкеевтің өтінішін қанағаттандырып, «дертіне байланысты оны босату» туралы қаулы шығарған.
Кезінде Бағдат Майкеевке шыққан үкім туралы мақаласында Азаттық тілшісі: «Майкеевтің өңі шаршаған, сырқат адамдай көрінді. Тамағының астынан ені үш, ұзындығы 12 сантиметрдей медициналық пластырьды көлденең жапсырып қойыпты. Майкеевтің туыстары бұл жайтқа қатысты комментарий беруден бас тартты. Бұған дейін «генерал қалқанша безіне операция жасатыпты» деген сыбыс тараған еді» деп жазған еді.
ПІКІРЛЕР
Түрмеден босап шыққан Бағдат Майкеевпен хабарласудың сәті түспеді. Оның адвокаты Данияр Қанафин клиентінің бостандыққа шығуына қатысты әлдебір комментарий беруден бас тартты, бірақ Бағдат Майкеевті сырқатына байланысты шынымен босатқанын растады.
Ішкі істер министрлігіне қарасты қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі бастығы Ғалымжан Хасенов «Бағдат Майкеевтің босатылғанын БАҚ-тан енді ғана білдім» дейді.
Қазақстан генералдары кеңесі төрағасы Рүстем Хайдаров қорғаныс министрлігінің бұрынғы орынбасары, генерал-майор Бағдат Майкеевтің ісіне қатысты пікірін: «Коррупциялық қылмысы үшін сотталып, сырқатына байланысты босады» деп қысқа қайырды.
Семейдегі түрме ауруханасының бастығы полковник Мұхаметқали Есенжолов «дәрігер болмағандықтан Бағдат Майкеевті сырқатына байланысты түрмеден босатуға қатысты комментарий бере алмаймын, ал Майкеевтің денсаулығы туралы ұйғарымды медициналық комиссия берген» дейді.
Шығыс Қазақстан облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкері Арман Катанов Азаттық тілшісіне «Бағдат Майкеевті босатуға департаменттің ешқандай қатысы жоқ, сот оны медициналық комиссия ұйғарымы негізінде босатты» дейді.
Қазақстандық белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтистің Азаттық тілшісіне айтуынша, қылмыстық-атқару кодексінде тұтқынды түрмеден босатуға негіз болатын аурулардың тізімі бар.
– Егер Майкеев мұндай ауыр дертке шалдыққаны анықталса, оны колониядан заңды босатқан, – дейді құқық қорғаушы.
Тұтқындардың құқын қорғаумен танылған азаматтық белсенді Руслан Оздоевтің айтуынша, заң тұтқындарды әлеуметтік немесе материалдық жағдайына қарай бөлмегенімен, іс жүзінде заңды алалап қолданады. Оздоевтың айтуынша, неге екені белгісіз, ауыр дертке шалдыққан «қарапайым» тұтқындарды түрмеден босатпай қоятын жағдайлар жиі кездеседі.
– Ақшасы жоқ кейбір «қарапайым» тұтқындар тіпті «санитарлық қалашыққа» да жете алмастан жолда өліп кетеді. Бірақ дәрігерлердің ешқайсысы, түрме билігі ауыр дертке шалдыққан оларды түрмеде ұстау өміріне қауіпті екенін айтып, Бағдат Майкеев сияқты түрмеден босату туралы мәселе көтермейді, – дейді Руслан Оздоев.
Ол денсаулығына байланысты босаған Майкеевке «дені сау болып, ұзақ ғұмыр кешуді» тіледі.
62 жастағы генерал Майкеев коррупциямен күресуге шақырып, талай мәлімдеме жасаған. Ол соңғы рет, 2013 жылдың қазанында командирлерді әскери қызметшілердің бойында «жемқорлыққа қарсы көзқарас» қалыптастырып, құқықтық мәдениетке баулуға үндеген еді.
Карьерасын полициядан бастаған Майкеев генерал шенін алған соң ғана армияның жоғарғы басшылығына ауысқан. Әдетте мұндай жайт сирек кездеседі. Ол 2007 жылы Алматы облыстық ішкі істер департаменті бастығы қызметін атқарып жүріп коррупциялық жанжалға ілінген. Ол кезде тағылған айып расталмай, Майкеевтің қызметі өсіп, көп ұзамай оны армия басшылығына ауыстырды. Әскери салада қорғаныс министрі орынбасарына дейін өскен.
Бағдат Майкеев – соңғы бес-алты жыл ішінде Қазақстан қорғаныс министрлігінің «коррупциялық қылмыс жасады» деген айыппен сотталған төртінші генералы. Биыл ҰҚК шекара қызметінің бұрынғы директоры, генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов ұзақ жылға сотталған. Бұдан ертеректе әуе қорғаныс күштері бас қолбасшысының бұрынғы орынбасары, генерал-майор Асқар Бөлдешев, қорғаныс министрлігінің қару-жарақ бас басқармасының бұрынғы бастығы, генерал-майор Алмас Әсенов, қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Қажымұрат Маерманов ұзақ мерзімге сотталған еді.
Сотталған генералдардың бәрін сот жоғары әскери шендері мен мемлекеттік наградаларынан айыру туралы қаулы шығарған. Генерал Майкеев соңғы мемлекеттік наградасын – екінші дәрежелі «Даңқ» орденін 2013 жылдың желтоқсанында алған. Екі айдан кейін оны «аса ірі көлемде пара алған» деген айыппен Астанадағы үйінің ауласында тұтқындаған. 2014 жылдың 27 маусымында сот оны «аса ірі көлемде пара алған» және «заңсыз қару-жарақ сақтады» деген айыппен алты жылға соттаған. Бағдат Майкеев қару-жарақты заңсыз сақтаған айыбын ғана мойындаған.