Accessibility links

Журналист Байдалиноваға үкім шықты


Сотталған журналист Гузяль Байдалинова (сол жақта) үкім оқылған соң сіңлісі Альмираны тыныштандырып жатыр. Алматы, 23 мамыр 2016 жыл.
Сотталған журналист Гузяль Байдалинова (сол жақта) үкім оқылған соң сіңлісі Альмираны тыныштандырып жатыр. Алматы, 23 мамыр 2016 жыл.

Алматы соты оппозициялық журналист Гузяль Байдалинова мен кәсіпкер Тайыр Қалдыбаевқа қатысты «Қазкоммерцбанк» арызы толық өтелген деп танудан бас тартты және оларды бас бостандығынан айыруға үкім етті.

Nakanune.kz сайтының иесі және редакторы 48 жасар Гузял Байдалинова мен 49 жасар кәсіпкер Тимур Қалдыбаев «Республика» және Nakanune.kz оппозициялық сайттарында «Қазкоммерцбанк» туралы тапсырыспен жасалуы мүмкін деп саналған мақалаларды жариялап, әдейі жалған ақпарат таратты деген іс бойыншы айыпты деп танылды.

Байдалинова бір жарым жыл түрмеге кесілді, ал Қалдыбаев төрт жарым жылға түрмеге қамалатын болды. Алматы қаласының Алмалы ауданының судьясы Нариман Бегалиев қамауда отырған сотталушыларға қатысты бұлтартпау шараларын өзгерту туралы өтінішті қабылдамады.

Байдалинова үкімге қарсы «міндетті түрде шағым түсіретінін» мәлімдеді. Қалдыбаев өз шешімін кейін жариялайтынын айтты. Үкім қорғаушы мен прокурор жоқ кезде оқылды.

СУДЬЯНЫҢ ХАТ АЛМАСУЫ

Мамырдың 23-і күні сағат 17-де шығады деген үкім сәл кеш жарияланды. Судья Нариман Бегалиев бұл істі тыңдау кезінде кездейсоқ үзілістер жасап, сот отырысын кейінге қалдыруымен есте қалды. Соңғы рет мұндай жағдай мамырдың 19-ы күні, Гузяль Байдалинова соңғы сөзін айтқан соң болды. Бұдан соң Қалдыбаев сөйлеуі керек еді, бірақ судья Бегалиев кенеттен сот отырысы тоқтайтынын, Қалдыбаев сөзін келесі күні кешке айтатынын мәлімдеді.

Бірақ келесі отырыстың уақыты екі рет өзгерді. Тек мамырдың 23-і күні таңертең Байдалинованың туыстары мен журналистерге Қалдыбаевтың сол күні сөйлейтіні белгілі болыпты. Оның сөзі шамамен екі минутқа созылды.

Алмалы ауданы соты судьясы Нариман Бегалиевтің үкімді оқып болған беті. Алматы, 23 мамыр 2016 жыл.
Алмалы ауданы соты судьясы Нариман Бегалиевтің үкімді оқып болған беті. Алматы, 23 мамыр 2016 жыл.

Сот процесіндегі назар аударарлық сәт Тайыр Қалдыбаевтың «Қазкоммерцбанкке» 144 миллион 235 мың теңгені толық өтегеніне соттың реакциясы болды (ықтимал материалдық шығын деп саналған, арызда сұралған сома). Бұл сома «Қазкоммерцбанк» шотына аударылып қана қоймады, Қалдыбаев судьяның талабымен бұл соманы «Қазкоммерцбанк» арызы бойынша ерікті түрде өтеді деп тану туралы ресми өтініш те жазды.

Судья Бегалиев «Қазкоммерцбанктен» төленген соманы арызды өтеу ретінде қарайтын-қарамайтынын сұраған еді, оған жауап алмады. Банктің соттағы өкілдері мұндай сұрақ беруге өкілеттіктері жоқ екенін айтты. Сотта отырғандардың біразына бұл жағдай да, судья Бегалиевтің банк өкілдері сотта жауап бере алмаған өтем мәселесі бойынша қорғанушы тарап пен банктің хат жазысуына мүдделі болғаны да ерсі көрінді.

Үкім кезінде судья Нариман Бегалиев шотқа салынған 144 миллион 235 мың теңге арыздың өтемі болып танылмайды, себебі оны Қалдыбаевтың өзі емес (бұл кезде ол Алматының тергеу түрмесінде отырған), оның қорғаушысы Ілияс Әміртаев салды деп мәлімдеді.

КУӘГЕРЛЕРДІ ӨЗГЕРТУ

Куәгерлер тізімінен Nakanune.kz сайты журналисі Юлия Козлова алынып тасталды. Оның пәтері бұған дейін тінтілген еді. Тінтуден кейін есірткі табылғаны хабарланған. Кейіннен «есірткі ісі» бойынша ол ақталып шықты.

Куәгерлер мәселесінің мың құбылған сәті алматылық журналистер Рафаэль Балгин мен «Деловая неделя» газетінің радекторы Махамбет Әуезовтің күдіктіден куәгерлер мәртбесінеауысқан сәтінде тағы көрінді. Балги тіпті тергеуге тұтқындалған еді. Олар «шын өкініп», тергеушілерге көмектесе бастағаннан кейін оларды куәгерлер қатарына ауыстырды.

Оппозициялық журналист Гузяль Байдалинованың жақтастары мен әріптестері. Алматы, 23 мамыр 2016 жыл.
Оппозициялық журналист Гузяль Байдалинованың жақтастары мен әріптестері. Алматы, 23 мамыр 2016 жыл.

Жарыссөз кезінде және соңғы сөзінде Гузяль Байдалинова «айыбының түкке тұрғысыз екенін» айтып, өзінің сотталушы емес, куәгер болуға лайық екенін мәлімдеді. Ол соттан өзін ақтауды сұрады. Тайыр Қалдыбаев өкінетінін, айыбын жартылай мойындайтынын айтып, соттан бас бостандығынан айырмауды, жеңіл жаза беруді сұрады.

Үкімде «соттың Тайыр Қалдыбаевтың «Қазкоммерцбанк» қаралайтын 40-тан астам мақалаға тапсырыс бергені дәледелденді» деп санайтыны жазылған. Ол «Деловая неделя» газетінің редакторы Махамбет Әуезовпен астыртын сөз байласқан-мыс.

Ол журналист Рафаэль Балгиннің көмегімен әлгі мақалаларды Nakanune.kz және «Республика» сайттарында жариялауды «ұйымдастырған». Nakanune.kz сайтын тұтқындалғанға дейін Байдалинова басқарған, ал «Республика» сайтына Ирина Петрушова жетекшілік етеді.

Соттың уәжіне қарағанда, қаралаушы мақалалар мәтіндерін Балгин электрондық почта арқылы Петрушоваға «жолдап отырған». Ал Петрушова мәтіндер (Nakanune.kz сайты мен «Республика» порталына) жарияланғаннан кейін олардың сілтемелерін Балгинге «жіберіп отырған».

Мақалаларды жариялау үшін төленген ақшалар мына тізбекпен беріліп отырған-мыс: Қалдыбаев – Әуезовке, Әуезов – Балгинге жіберетін болған. Одан ары Балгин делдал ретінде журналист Анатолий Ивановты пайдаланған, ол өзіне берілген пакетті (ашпаған күйі) Гузяль Байдалиноваға «тапсырып отырған».

Сот уәжіне қарағанда, Байдалинова пакеттерге ақша салынғанын білген және оларды Петрушова жіберген адамдарға «беріп отырған». Прокурордың айтуынша, Петрушоваға қатысты іс бөлек қозғалып, жеке қаралады.

Сот үкімі оқылғанда Гузяль Байдалинова мен Тайыр Қалдыбаевтың өңі бұзылып кетті. Олардың туыстары, әсіресе Гузяль Байдалинованың сіңлісі мен Тайыр Қалдыбаеваның әйелі көздеріне жас алды. Сотталған Байдалинова мен Қалдыбаев туыстарын тыныштандырып жатты.

Сотталушылардың жақтастары да есеңгіреп қалды. Олар «Казкоммерцбанк» арызындағы шығынды жапқаннан кейін Байдалинова мен Қалдыбаевты сот түрмеге отырғызбай, шартты жазаға ғана кеседі деп үміттенген еді.

Гузяль Байдалинованың жақтастары оны «Казкоммерцбанк» туралы мақалалар үшін емес, 15 жыл бойы оппозициялық БАҚ-тарда жұмыс істегені үшін соттады деп есептейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG