Мен әңгіме етпек тұлға 90-шы жылдары өте танымал айтыскер ақын болған. Сонымен қатар, әншілігі де, сазгерлігі де бар. Жазба ақын ретінде де бірнеше кітап шығарған. «Сыр сүлейлерінің жазба айтысы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Бұл санқырлы талант иесінің атын ата десеңіз, ол, әрине, Елена Әбдіхалықова, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері.
Көріп тұрғаныңыздай, онда біраз атақ та, марапат та, елеулі жетістіктер де бар. Нағыз қуаныш қанатында ұшып жүретін құлпырған көбелекті елестеткендей боласыз. Бірақ өлеңдерін оқысаңыз, ондағы ащы шындыққа, кермек кекесінге, түгесілмейтін мұңға серіктес болып, өз өзіңізді және замана келбетін қайта ашқандай боласыз. Бұл нағыз ақынның қасиеті. Мысалы, жап-жас Лермонтовтың лирикасы өте қасіретті емес пе? Кезінде Белинский ол туралы былай жазған: "Кейде бір ақындар болады замана мұңын өз көкірегіне жинаған. Заман ауруынан жазылар, оңалар, қайта көңілденер, бірақ ақынның мұңы жазылмайды. Сан ғасыр өтсе де, ол сол күйінде қалады - тек мұңнан дерек беріп".
Сол сияқы Еленаның өлеңдері де бір тымырсық ауада жазылғандай, ыдырай бастаған, азған қоғамның тура фотосуреті сияқты:
Мен өлгенде....
Күн де күрт қызынбайды,
түн де кілт бұзылмайды...сызың да әйгі...
Қаптамай қара тұман жердің бетін,
Баспайды дүниенің жүзін қайғы...
Ештеңе өзгермейді,
Бүлінбейді.
Күн де сол баяғыша күлімдейді...
Бірінің етін бірі жеген қазақ
Салтынан сол бұрынғы сүрінбейді....
Біз қазір шындықты бүркемелеуге үйренгеніміз сонша, біреу шындық айтса өзімізге қанжар сұққандай сезінеміз. Этикалық императивтер болады, соның ең бастысы - адамды өлімге қимау. Ал мына өлеңде адам өлімі ешкімді қинамайды. Мұндай немқұрайлық бізде қалай пайда болған? Адамгершілігі, этикалық болмысы дұрыс қоғамда әрбір адам сыйлы, қымбатты болуға тиіс. Ал бізде биліктің күшейгені сонша, қалған адамдардың бәрі жәй бір құмырсқа сияқты. Бізден, тіпті құмырсқалар да артық, олар қауым боп тірлік жасайды ғой. Біз, тіпті, қауым болудан қалып бара жатырмыз. Бір-бірімізден әбден бөлектенгенбіз, ешкім идея көтермейді бізді халық қып, ұлт қып қауымдастыратын. Ондай идеяны қалай көтересің егер шындық айту аясы мүлде тарылып бара жатса?
Жеткізер деп қияндағы тылсым құт,
Шырғалаңда шындық іздеп күрсіндік....
... кейде маған көрінеді: жатқандай
әр шындықтың астарында бір сұмдық....
Өсемін деп ел қамын жер есті ұл боп,
Жүректе –серт, білекте – күш, кескінде –от
мәрт жігіттің мертікті ғой талайы.....
Сол шындықтан опа тапқан ешкім жоқ.
Сұмдығыңнан танып біреу күлкі етіп,
Жіберер деп орта сені түлкі етіп....
.... сондықтан ғой қоятыны құдайдың
сұмдықтарды шындықтармен бүркетіп.
Ащы шындық таттырғасын кермек көп,
Жын-пиғылды желқауыздай желмек боп,
Сондықтан ғой патшалардың сарайын:
соғатыны өтірікпен өрнектеп.
.... мені несін жаратты екен жыршы етіп,
Бұл базарда өтіріктер тұрса өтіп?!
....сұрқы сынық, сырты сұлық шындықтың
дәл қасынан өтіп кеттім мырс етіп....
.... көз моншағым жерге түсті тырс етіп....
Бұл өлең «Көндігу» деп аталады екен. Мен оны «Шындықты жерлеу» деп атар едім. Бірақ шындықты жерлеуге болмайды, шындықсыз қоғам болудан қаламыз. Ең дұрысы, бұл өлеңді «Шындықты жоқтау» деп атағанымыз жөн. «Сұрқы сынық» шындыққа ақын бір жағынан кекесінмен қараса, екінші жағынан көзінен жас шығып, екіұдай сезімде қалады. Міне, осының өзі қазіргі қоғамымыздың екіұшты халін көрсеткендей. Қазір шынымен газеттеріміз де, басқа бұқаралық құралдар да, қалай болғанда да, шындық айтудан сескенетін боп кеткен. «Тақырыбы келіңкіремейді екен», «біздің форматқа сай болмай тұр», әйтеуір қауіпті материалды баспауға себеп табылады. Сондықтан Еленаныкі дұрыс, ең болмағанда, шығармашылық деңгейінде шындықтың тұғырын бермеу керек. Әрине, ақын қарындасымыздың болмысы бөлек, ол айтыскер ақын боп қалыптасқан, өзі жыраулық дәстүрдің тамыры өте терең «жыр елі - Сыр елінде» дүниеге келген. Кезінде көне гректердің Елена деген сұлуы Троя соғысына себепкер болса, қазақ Еленасы бізді жырауларымыздың шындықты бетке айтқан турашыл дәстүріне қайта әкеп отыр. Егер Шлиман жылдар бойы еңбек етіп, ақыры, Трояны тапса, біздің Еленамыз да поэзиямызды шындық қайнаркөзіне қайтарып отыр. Демек, ұлттық болмысымызды сақтағанда ғана, біз өтірік нөпіріне қарсы тұра аламыз. Және өзімізді батырмінезді ғып қалыптастыра аламыз.