Accessibility links

Допингпен ұсталғандар саны үш есеге артқан


Допинг зертханасы. (Көрнекі сурет)
Допинг зертханасы. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда 2016 жылы 71 спортшының допинг пайдаланғаны әшкереленген. Бұл былтырғымен салыстырғанда үш есе көп. Допингке қарсы ұлттық орталық мамандары келер жылдан бастап талап күшейетінін айтады.

ДОПИНГ ТЕКСЕРУ ЖИІЛЕДІ

Қазақстан атынан халықаралық жарыстарға қатысып жүрген балуан Қайраттың (есімі өзгертілді) сөзінше, соңғы уақытта елде допингке тексеріс жиілеген. Ол биылғы допинг дауларынан кейін бапкерлер мен жауапты федерациялар да спортшыларды қатаң бақылауға алғанын айтады.

Допингпен ұсталғандар үш есеге артқан
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:44 0:00
Жүктеп алу

- Бұрын дәл осындай қатаң емес еді, шетелге жарысқа шығатын кезде ғана тексеретін. Қазір ел ішіндегі жарыста да, жаттығу кезінде де тексеретін болды. Арнайы мамандармен де жиі кездесіп, тамаққа қатысты да кеңес алып тұрамыз. Бұл өзімізге де, спорттық карьерамызға да жақсы, - дейді ол.

Қазақстанда биыл допинг сынамасы тексерілген 71 спортшының тыйым салынған препараттар пайдаланғаны анықталған. Былтыр 25 спортшы допингпен ұсталған. Қазақстанның допингке қарсы ұлттық орталығы директоры Майра Бақашованың айтуынша, 2016 жылы жүргізілген тексерулер барысында 40 спортшының мельдоний қолданғаны әшкереленген.

- Біздің орталық 56 спортшының допинг қолданғанын анықтады. 15 спортшы шетелдік жарыстарда ұсталған. Көбінен мельдоний препараты мен анаболикалық стероидтар табылған. Мельдоний қолданғандардың көбі препараттың мөлшері аз болғандықтан спорттан ұзақ уақытқа шеттетілген жоқ, - дейді маман.

Мельдоний.
Мельдоний.

Ұлттық орталықтың дерегінше, биыл каноэ, жүзу, күрес сияқты спорт түрлерінің әрқайсысы бойынша - 10 адам, ауыр атлетикадан - жеті, бокстан алты спортшы допингпен ұсталған. Ал коньки, велоспорт, самбо, қазақша күрестің әрбірінен – төрт адамнан, жеңіл атлетика мен бодибилдингтің әрқайсысы бойынша үш спортшыдан тыйым салынған зат белгілері анықталған. Допингпен ұсталғандар арасында екі футболшы, бір биатлоншы, теннисші, хоккейші және пауэрлифтингші бар.

Биыл допингпен ұсталғандар арасында Рио олимпиадасына барған қазақстандық екі жеңіл атлет Анастасия Кудинова мен Флорида Миниянованың есімдері аталды. Екеуі 2020 жылға дейін жарыстардан шеттетілді.

ДОПИНГ ҮШІН ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПҚА ТАРТУДЫ ҰСЫНАДЫ

2017 жылдан бастап Қазақстан мемлекеттік деңгейде допингке қарсы күресті күшейтпек. Спорт және мәдениет министрлігі алдағы жылы «Дене шынықтыру туралы» заңға допинг қолданғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, парламентке ұсынуды жоспарлап отыр. Мысалы, қолданыстағы заңға допинг қолданған спортшылар мен олардың бапкерлерін қылмыстық жазаға тарту жайлы өзгерістер енгізу көзделген.

- WADA (допингке қарсы халықаралық агенттік – ред.) қабылдаған кодекс талабы барша спортшыға ортақ. Әрбір спортшы, бапкері, спорт төңірегіндегі шенеуніктер, ата-аналар білуі қажет бұл кодекс пен рұқсат етілмейтін препараттар тізімі интернетте орыс тілінде бар. Кодекс талабын барлығымыз орындауға тиіспіз. Келер жылдан бастап әлемде және Қазақстанда допингке қарсы талап күшейеді. Қазақстанда енді допинг қолданған спортшы ғана емес, онымен байланыста болған бапкері мен дәрігерлері де жауапқа тартылады, - дейді допингке қарсы ұлттық орталық директоры Майра Бақашова.

WADA кеңсесі.
WADA кеңсесі.

2017 жылдан бастап министрлік мен допингке қарсы ұлттық орталық Қазақстан спортшыларының ел аумағында алынған допинг сынамасын 10 жыл сақтау тәртібін енгізеді. Атлеттерді допингке тексеру де жиілейді.

- WADA мен Халықаралық олимпиада комитеті қазір допинг қолданып, кем дегенде алты ай көлемінде спорттан шеттетілген атлеттерді олимпиада ойындарына қатыстырмау мәселесін талқылап жатыр. Алдағы уақытта допингпен байланысы болған кез келген спортшы өмір бойы олимпиадаға қатыса алмай қалуы мүмкін, - дейді Бақашова.

СПОРТТЫҚ ПСИХОЛОГТАР ЖЕТІСПЕЙДІ

Қазақстан спорттық психологтар қауымдастығы президенті Иосиф Андрущишин тыйым салынған препарат қолдануға итермелейтін себептердің қатарына команда психологының жұмысына сенбеушілікті де жатқызады.

- Бапкерлер мен спортшылар психологтарға сенбейді және қаржыны психологтарға жұмсағаннан гөрі препараттар мен тағамға қосатын түрлі қоспаларға шашады. Командалар психологтармен жұмысқа көңіл бөлуі керек. 23 дүркін олимпиада чемпионы америкалық Майкл Фелпстің өзі төрт-бес психологпен жұмыс істейді, - дейді маман.

Сонымен бірге Иосиф Андрущишин қазақстандық спорт командаларына арнайы маман – спорттық психолог жетіспейтінін айтады.

- Қазақстанда спорттық психологтар өте аз – елдегі 45 ұлттық командада бір-екеу ғана. Ал өзгелері тек педагогикалық психологтар, себебі біздегі оқу орындары сол мамандықты ғана дайындайды, - дейді ол.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге тұрған Лондон олимпиадасы жүлдегерлері. Астана, 17 тамыз 2012 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге тұрған Лондон олимпиадасы жүлдегерлері. Астана, 17 тамыз 2012 жыл.

Биыл Қазақстан ұлттық құрамасы 2008 жылы Пекинде және 2012 жылы Лондонда өткен олимпиада ойындарында алған бес алтын, екі күміс және екі қола медалінен айырылды. Халықаралық олимпиада комитеті Рио олимпиадасы алдында кезінде Пекин мен Лондонда алынған допинг сынамаларын жаңа технологияның көмегімен қайта тексеруді бастаған. Нәтижесінде допинг сынамаларынан тыйым салынған препарат пайдаланғаны анықталған қазақстандық ауыр атлеттер Светлана Подобедова, Майя Манеза мен Зүлфия Чиншанлоның Лондон олимпиадасындағы үздік көрсеткіштерінің күші жойылды.

Халықаралық олимпиада комитеті қазақстандық Илья Ильиннің Пекин мен Лондондағы сынамаларынан да допинг белгілері табылғанын хабарлағаннан кейін ол ауыр атлетикадан екі дүркін олимпиада жеңімпазы атағынан айырылды.

Пекин ойындарының күміс жүлдегері Ирина Некрасова, қола алған Мария Грабовецкая (екеуі де - ауыр атлетика), Таймураз Тигиев (еркін күрестен күміс жүлде) және Әсет Мәмбетовтің (грек-рим күресінен қола медаль) допинг қолданғаны әшкере болып, олимпиададағы ресми нәтижелерінің күші жойылған.

XS
SM
MD
LG