Accessibility links

Мәдениет заңын талқылауда қаламақы жайы көбірек айтылды


Мәдениет бойынша кейбір заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі жұмысшы тобының отырысы. Алматы. 31 қазан, 2016 жыл
Мәдениет бойынша кейбір заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі жұмысшы тобының отырысы. Алматы. 31 қазан, 2016 жыл

Кейбір заңнамалық актілерге мәдениет бойынша толықтырулар енгізу жайын талқылаған жиында «қоғамдық маңызы» бар кітап шығару және қаламақы мәселесіне баса назар аударылды.

Қазанның 31-і күні күні Алматыдағы ұлттық кітапханада «Кейбір заңнамалық актілерге мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылаудың кезекті отырысы өтті.

Бүгінгі жиынға түрлі министрліктердің өкілдері, депуататтар, театр және кітап палатасының мамандары, ғалымдар мен саясаттанушылар қатысты.

Жиында депутат Майра Айсина авторларға берілетін қаламақы көлемінің қазіргі дейгейін айта келе, кітаптарды шығару мен тарату мәселесінде уәкілетті орган – мәдениет және спорт министрлігі құзіретін кеңейтуді ұсынды.

- Біздің ойымызша, бұл норманы кіргізу еліміздің қазіргі кезеңдегі өмірлік ақиқатын бейнелейтін шынайы сападағы көркем әдеби туындылардың жазылуына ықпал етеді, - деді депутат.

Ақын Олжас Сүлейменов те кітаптың «мемлекет қорғауында болуы керек» екенін айтты. Өзінің айтуынша, ақын «25 жылда жаңа үкіметтен шыққан кітаптары үшін бір теңге де қаламақы алмаған».

- Мен кәсіби жазушы ретінде өз еңбегіме ақы алғым келеді. Бұрын біз жазушы мамандығымен мақтанатын едік. Қазір ондай мамандық жоқ. Кәсіби мамандар жоқ, тек әуесқойлар ғана бар. Ал бұдан қазақ әдебиеті зардап шегіп жатыр, - деді ақын.

Олжас Сүлейменов қаламақы мәселесінде өзі елшілік қызмет атқарған Италиядағы парламент тәжірибесін қолдануды ұсынды.

- 1998 жылы барлық жекеменшік банктер өздерінің жылдық табыстарының бір бөлігін мәдениет министрлігіне және тәуелсіз қоғамдық мәдени ұйымдарға аударатыны туралы «Чампи заңы» шықты. Бұл қаржы әдебиетті, классикалық әдебиетті қолдауға жұмсалады. Мен мәжіліс осы заңды зерттесе, тым болмағанда бізге жекелеп қолдануды енгізсе деп ойлаймын. Банктердің өз табыстары бар және аз ғана бөлігін құрбандық ету оларды тұралатып тастамайды, - деді.

Ақын ұсынысына қатысты парламент мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева:

- Егер мемлекет жазушы кітабының қоғамдық маңызының жоғары екеніне көзі жетсе, оны сатып алатын болады. Сол шығармасы үшін гонорар төленеді. Үкіметтің жасаған жобасы бойынша, гонорар құны әрбір баспа табағына 150 мың теңгеден айналады, - деп жауап берді.

Ал Дос Көшім мемлекет қаламақы төлейтін кітаптардың «қоғамдық маңызын» кім анықтайды деген мәселеге алаңдайтынын айтты.

- Үкіметтің идеологиясын біздің қалтамыз арқылы жүргізгеніне мен қарсымын. Бұл - біздің демократиялық қоғамға жат мәселе. Менің ойымша, осы сұрақты нақтылауымыз керек шығар. Кітаптың шынында да маңызды екенін, оны 5 мың данамен шығаруға тұратынын кім шешеді? Осыны анықтамайынша, бұл бір мемлекет идеологиясына айналып кете ме деген менде алаңдаушылық бар, - деді саясаттанушы Дос Көшім.

Дәл осындай талқылау қыркүйектің 29-ында Астана қаласында да болған.

XS
SM
MD
LG