Accessibility links

Қаза тапқан актриса отбасының жаңа өмірі


Астанадағы музыкалық-драма театрының актрисасы Шолпан Мұқышева 35 жасында қаза тапты. Астана, 21 қазан 2008 жыл.
Астанадағы музыкалық-драма театрының актрисасы Шолпан Мұқышева 35 жасында қаза тапты. Астана, 21 қазан 2008 жыл.

Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрының актрисасы Шолпан Мұқышева 2008 жылы жаңа үйлердің біріндегі лифт шахтасына құлап, 35 жасында қаза тапты. Шолпанның сіңлісі Айман әпкесінен қалған үш баланы бауырына басып, жездесі Ислам Зейнуллаевпен отасқан еді. Ол отбасы жақында тағы бір сәбилі болды.

Шолпанның артында қалған Ақерке, Нұрлыхан және Әбдісәлімді жетімсіретпеу үшін жездесі Исламмен бас қосқан Айман жақында ғана босанып, отбасына Әлихан есімді ұл қосылды.

Айманның сөзіне қарағанда, кішкентай Әлихан қайғы-мұңды ұмытуға көп септігін тигізіп жатыр.

- Қазір Ислам да кішкене өзгеріп, көңіл-күйі көтеріліп қалды. Жұмыстан келген соң, балаға көңіл бөледі. Балалар да кішкентай Әлиханның жанында мәре-сәре болып жүреді. Басында балаларды ойлап, олардың назарын басқа жаққа аударуға тырысатын едік. Олар аналарын ұмытпай, күнде келеді деп күтетін, - дейді Айман Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Ислам да бізбен тілдескенде Әлихан жайлы әңгіме қозғады.

- 14 ақпанда Әлиханның дүниеге келуімен үйімізге ең үлкен қуаныш келді. Қазір бала-шағамызбен кішкентай Әлиханның жанынан шықпаймыз, - деді ол.

«ҚАЗАСЫ ҚЫЗЫНА ҚАТТЫ БАТТЫ»

Анасы қайтқанда ес біліп қалған Ақеркеге Шолпанның қазасы ауыр тиген. Тоғыз жасында зор трагедияны бастан кешкен Ақерке әлі күнге көп ойланады екен. Ол ​анасы қайтып келер деп ұзақ күткен.
Марқұм Шолпан Мұқышеваның отбасы. Балалары: қызы Ақерке, ұлдары Нұрлыхан мен Әбдісәлім және кішкентай Әлихан. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Марқұм Шолпан Мұқышеваның отбасы. Балалары: қызы Ақерке, ұлдары Нұрлыхан мен Әбдісәлім және кішкентай Әлихан. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
- Шолпаннан айырылғанда Ақерке өте тұйық, ешкіммен сөйлескісі келмей, өзімен-өзі болып қалды. Қазір де сондай, түнгі екіге дейін ойланып жатады. Түнгі сағат екі-үште бөлмесіне келсем, ұйықтамай жатады. Ол анасын іздейді әлі, ес біліп қалған ғой ол кезде, - дейді Айман.

Оның айтуынша, Ақерке анасының неден қайтыс болғанын білмейді, ол туралы осы күнге дейін ешкімнен сұрамапты.

ҚҰН ТӨЛЕТУДІҢ ҚИЫНДЫҒЫ

Ислам Зейнуллаевтың айтуынша, «Москва» тұрғын үй кешенін тұрғызған «Астана лифт» және «Ер құрылыс» компаниялары Шолпан қаза тапқан кезде оның артында қалған үш баласына үш бөлмелі пәтер береміз деп келіп, соңында бір бөлмелі пәтерге де жетпейтін ақшалай көмек беріп қана қойған.

Ислам «әйелінің өлімі арқылы ақша тапқысы келген адамға ұқсамайын» деген
Айман, Әлихан және Ислам Зейнуллаевтар. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
Айман, Әлихан және Ислам Зейнуллаевтар. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
ұстаныммен тұрғындар қоныстана бастаған үйдің қауіпсіздік жағдайын қамтамасыз етпегені үшін лифт шахтасын ашық қалдырған компанияны сотқа бермегенін айтады.

Азаттыққа берген сұхбатында Ислам Зейнуллаев өзінің сол кездері тұрғын үйдің қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілікті бір-біріне сілтеген компаниялардың төрт айға созылған әуре-сарсаңынан қажып кеткенін айтты.

- Ақыр аяғында кешірім сұрап, ақшалай өтемақы ұсынған соң, оны жылы жаба салдық. Оның үстіне заңды қарап көрсек, құрылыс компаниясы бір адамның өліміне себепкер болып жатса, оған мынандай көлемде өтемақы беріледі деген заң жоқ екен. Сол үшін соттасып, Шолпанның әруағын шулатпай-ақ қояйық деп ойладым, - деді Ислам Зейнуллаев.

«АЙМАННЫҢ АРҚАСЫНДА ҮШ БАЛАМ ЖӘУТЕҢДЕМЕДІ»

Шолпанның балаларына ана болып қалған сіңілісі Айман әпкесін түсінде жиі көретінін айтты.

- Шолпанымды көп ойлаймын, жылаймын. Бәрібір ортамызға қайтып келмейді. Жарқ етіп көтеріліп, ерте өшіп, арамыздан мезгілсіз кетіп қалды ғой, - деді ол.

Ислам Зейнуллаев «Бала үшін ананың орнын ешкім толтыра алмайды, бірақ
Ақерке, Нұрлыхан және Әбдісәлім аналарының асында. 28 қараша 2008 жыл.
Ақерке, Нұрлыхан және Әбдісәлім аналарының асында. 28 қараша 2008 жыл.
Айманның арқасында балаларым жәутеңдемей, ел қатарлы күлімсіреп өмір сүріп жатыр» деді.

- Балам сабағын өте жақсы оқып, құрмет тақтасында тұрса, қызыл диплом алса деген Шолпанның арманы еді. Нұрлыханым қазір беске оқып жатыр, - деді Ислам Зейнуллаев.

Айманның айтуынша, балалары әпкесі армандағандай өсіп жатыр. 13 жастағы Ақерке мен 9 жасар Нұрлыханның сабақтары өте жақсы.

Айман жұма сайын мешітке барып, садақа беріп, марқұм апайының туған күнінде балаларды басына апарып Құран оқытатындарын айтты. Балалар да «анашымызға барамыз» деп дайындалады екен.

- Шолпанның әруағы риза болса, үш баласы жыламаса - болды. Оларды өз баламдай жылатпауға тырысып жатырмын. Маған олардың көздері жәутеңдемей, жарқырап жүргені керек, - деді Айман Азаттыққа берген сұхбатында.

Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрының актрисасы Шолпан Мұқышева 2008 жылы қазан айында Астанада жаңа салынған «Москва» тұрғын үй кешеніндегі лифтінің ашық тұрған шахтасына құлап, 35 жасында қаза тапқан еді.
XS
SM
MD
LG