Accessibility links

Грузиядағы қазақ инвесторлары Иванишвили үкіметінен үміт күтеді


Қазақстан және Грузия президенттері Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Михаил Саакашвили. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.
Қазақстан және Грузия президенттері Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Михаил Саакашвили. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.
«Баку–Тбилиси–Карс теміржолы, «Жаңа Жібек жолы» және «Қашаған» кеніші – Грузия мен Қазақстан арасын жақындастырып тұрған, екі ел үшін де көл-көсір пайда келтіретін жобалар. Алайда «ҚазТрансГазды» Қазақстанның қоластына қайтару мәселесі шешілмегендіктен, қазақ инвесторлары әлі де сақтық танытып, әліптің артын бағып отыр» деп жазады The Financial басылымы.

«ЖҮРЕГІ ШАЙЛЫҚҚАН ҚАЗАҚ ИНВЕСТОРЛАРЫ»

Қазақстанның Грузиядағы уақытша сенімді өкілі Әділ Тұрсынов басылым тілшісіне берген сұхбатында «Грузияда 2012 жылғы қазандағы сайлаудан кейінгі үкіметтің ауысуы қазақ инвесторлары үшін өте жағымды жаңалық болғанын», «жаңа үкіметтен шешілуін сұраған мәселелерді қалай реттейтінін күтіп отырғандарын» айтқан.

«Сайлаудан бері алты ай өтсе де «ҚазТрансГаз» ісі бір адым да алға жылжымады. «ҚазТрансГазды» тәркілеген соң қазақ инвесторларының мұнда инвестиция салуға жүректері шайлығып қалды» дейді Әділ Тұрсынов.
«ҚазТрансГаз» Тбилиси» компаниясының кеңсесі. Тбилиси, 25 желтоқсан 2009 жыл.
«ҚазТрансГаз» Тбилиси» компаниясының кеңсесі. Тбилиси, 25 желтоқсан 2009 жыл.

Грузия үкіметі 2009 жылы «қарыздары бар» деген уәжбен «ҚазТрансГазды» қазақтардан тәркілеген. Әділ Тұрсыновтың айтуынша, «бұл – алдыңғы үкіметтің шешпей тастап кеткен проблемасы. Тек компания Қазақстанның иелігіне тез арада қайтарылғанда ғана қарыз мәселесі шешіледі».

«Егер «ҚазТрансГаз» қайтарылмаса қайтесіздер?» сауалға Қазақстан дипломаты жауап бермеді. Яғни «ол істің бұлайша аяқталуын елестете де алмайды» дейді тілші.

ҮШ ЖЫЛДА ТОҒЫЗ ЕСЕ ӨСКЕН ИНВЕСТИЦИЯ

Грузия мен Қазақстан арасындағы байланыс президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылғы Тбилисиге сапарынан соң ұлғайған.

«Ол кез Грузия үшін өте ауыр кезең еді. Онда салық жүйесі, кеден және шекара қызметі қазіргідей бір қалыпты жұмыс істеп тұрмаған. Соған қарамастан, 2006 жылы көптеген қазақстандық компаниялар Грузия нарығына енген еді» дейді Тұрсынов.
Қазақстан Грузияға 2006 жылы 152 миллион АҚШ долларының инвестициясын салған.

Қазақстанның Грузияға ең көп тікелей инвестиция салған жылы – 2006 жыл. Бір жылда ол елге 152 миллион АҚШ долларының инвестициясы құйылды. Одан кейінгі жылдары 88 миллион және 66 миллион доллар көлемінде инвестиция салынды. 2012 жылы Қазақстанның Грузияға салған инвестициясы аздап көбейіп, шамамен 12 миллион АҚШ долларына жуықтаған, бұл 2010 жылғыға қарағанда 6 миллион долларға көп.

Қазақстанның Грузиядағы уақытша сенімді өкілі Әділ Тұрсыновтың айтуынша, «ғаламдық экономикалық дағдарыс пен 2008 жылғы тамыз соғысынан кейін Қазақстанның Грузияға инвестиция салуы тоқтап қалды».

«ҚазТрансГаз» ісі 2009 жылғы қалпынан өзгермей тұр. Одан бері бірде-бір қазақстандық компания Грузиядан кеткен жоқ» дейді ол.
«ҚазТрансГаздың» құбырларының картасы. (Сурет kaztransgas.kz сайтынан алынған)
«ҚазТрансГаздың» құбырларының картасы. (Сурет kaztransgas.kz сайтынан алынған)

Қазақстан өкілінің сөзінше, Грузиядағы қазақстандық компаниялар сауда-саттық көлемін арттырып жатыр. 2009-2012 жылдары тауар айналымы 27 миллионнан 250 миллион АҚШ долларына өскен.

«Тек 2012 жылы ғана бұл көрсеткіш төмендеді. 2012 жылғы төмендеуге Грузиядан автокөлік импорттаудың тоқтауы себепкер болды» дейді Әділ Тұрсынов.

ГРУЗИЯДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖЕТІ КОМПАНИЯ

Қазір Грузияда Қазақстанның жеті ірі компаниясы – «ҚазТрансГаз», «ҚазТрансОйл» (Батуми портына иелік етеді), «ҚазМұнайГаз Сервис», «Ромпетрол», БТА банк, Халық банк, «Эйр Астана» әуе компаниясы жұмыс істейді.

Қазақстандық инвесторлар Грузияда энергетика, туризм, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және қаржы қызметі салаларында жұмыс істеп жатыр.

«Біздің азаматтар визасыз келіп-кетеді, бұл – өте маңызды. Қазақстан – Грузияда елшілігі бар Орталық Азияның жалғыз мемлекеті. Мұның өзі біз үшін мақтаныш» деді уақытша сенімді өкіл.

Басылымның жазуына қарағанда, 25-26 сәуірде екі елдің үкіметтері сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға байланысты алтыншы рет кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

Биыл «Қашаған» кенішінде мұндай өндіру басталса, Қазақстан өнімді Баку-Батуми темір жолы арқылы Қара теңіздегі айлаққа тасымалдаудан үмітті. Дипломаттың айтуынша, «тасымалдау бағасы көңілден шықса, Қазақстан бұл жолмен мұнайдан басқа да тауарларды жөнелте бастайды».
Қашаған кенішіндегі қондырғылардың бірі. 11 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Қашаған кенішіндегі қондырғылардың бірі. 11 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Дипломаттың айтуынша, «Қазақстанның Грузиядағы туризм секторынан да кететін ойы жоқ, «қазақстандықтар бұл саладан кетіпті» деген сөздердің бәрі – жай өсек».

«Боржоми-Ликани демалыс орны жобасы биыл бітуге тиіс. Оны Rixos компаниясы басқаратын болады. «Бакуден Тбилисиге теміржолмен тауар тасымалдау құны өсіп кеткендіктен, Батуми портын жоспарлағандай жүктемемен толтыруға мүмкіндік болмай отыр. Сондықтан қазақ инвесторлары үкіметтен (Грузия үкіметінен – ред.) қолдау күтеді» дейді Әділ Тұрсынов.

«ЖАҢА ЖІБЕК ЖОЛЫ» МЕН «ЖІБЕК ЖЕЛ»

Қазақстан президенті Назарбаев өткен жылы «Жаңа Жібек жолы» атты жаңа жоба басталғанын айтқан. Жобаның мақсаты – Қытайдан Еуропаға Қазақстан, Әзербайжан және Грузия арқылы тауар тасымалын ұлғайту.

Қазақстанның Грузиядағы уақытша сенімді өкілінің айтуынша, «былтыр осы жолмен 500 миллион доллардың тауары өткізілген. Енді Қытайдан Еуропаға Қазақстан, Каспий теңізі, Әзірбайжан және Грузия арқылы контейнерлермен тауар тасымалдау жобасы – «Жібек жел» жобасы басталмақ. Қазақстан қазір Баку-Тбилиси-Карс теміржолының ашылуын күтіп отыр».
Қазақстан әлемнің басқа бірде-бір елінде мұндай кең ауқымда инвестиция салған жоқ.

«ҚазТрансГаздың» мәселелері шешілсе, оптимист болса да, сақтық танытып отырған қазақ инвесторлары Грузияға бұрынғы қарқынмен инвестиция сала бастар еді. Қазақстан әлемнің басқа бірде-бір елінде мұндай кең ауқымда инвестиция салған жоқ» дейді Әділ Тұрсынов.

Грузияда 2012 жылы қазан айында өткен сайлауда оппозиция өкілі және миллиардер Бидзина Иванишвилидің «Грузин арманы» блогы парламенттегі 150 орынның 85-ін иеленіп, Иванишвилидің өзі ел премьері болған еді.

Ол премьер-министр боларынан бұрын президент Михаил Саакашвилидің елді Батыспен жақындастыру саясатын, Грузияның Еуропа Одағы мен НАТО-ға кіру бағытын қолдайтынын айтқан. Иванишвили көршілес Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуды да көздейді.
XS
SM
MD
LG