Қазақстан мен Иран саяси тарихы да, мәдени даралығы да екі бөлек қалыптасқан елдер бола тұра пост-советтік кезеңде Орталық Азия аймағындағы тығыз экономикалық байланыс орнатқан жақын әріптестерге айналды. Тарих бойында негізінен сүнниттік ислам ұстанып келген қазақ қоғамы советтік атеизмді бастан өткеріп үлгерді. Ал қазіргі ирандық билік Сефевилер династиясы орнықтырған саяси шиизмді 1979 жылдан бері теократиялық мемлекеттің идеологиясына айналдырды. Бірақ бұл екеуінің бүгінгі қарым-қатынасынан ежелгі заманнан 19-ғасырға дейін созылған Тұран-Иран сипатындағы бәсекелестік байқалмайды. Иран – сауда айналымы бойынша Қазақстанның Азиядағы ең ірі бес әріптесінің бірі. Тегеранға ядролық бағдарламасын дамытуға қатысты Батыс елдерімен өткізген 5 + 1 форматындағы екі келіссөз үшін Қазақстанның қолайлы орын болып көрінгені де кездейсоқтық емес. Мұндай жақындықтың кем дегенде мынадай бірнеше экономикалық себебі бар.
Ядролық бағдарламасы үшін Батыстың санкциясына ұшырап келген Тегеран – Қазақстаннан өзіне аса қажетті шикі мұнай, өңделмеген металл мен болат және бидай сатып алып отырған ірі импортерлердің бірі. Ал экономикасы шикізат экспортына тәуелді Қазақстанның нарығында ирандық жеңіл өнеркәсіп өнімдері, құрылыс материалдары мен кейбір көкөніс түрлері әжептәуір үлеске ие. Мысалы, Қазақстанның Ираннан импорттайтын тауарларының ішінде көлемі бойынша бірінші орында тұрған – кәдімгі картоп. Каспий жағасындағы Мазендаран уәлаятында өсірілетін ирандық картофель – Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы сұранысты қамтамасыз етіп тұрған негізгі көкөністің бірі.
Иран мен Қазақстан үшін шикі мұнай алмасу (SWAP) операцияларының да маңызы зор болып тұр. 2007 жылы басталып, соңғы жылдары тоқтап қалған бұл операциялар бойынша Қазақстан шикі мұнайын Ақтау арқылы Иранның жанар-жағармайға тапшы солтүстігіндегі мұнай өңдеу зауыттарына жеткізеді. Ал Иран оның есесіне сондай мөлшердегі мұнай өнімін Қазақстанның атынан Парсы шығанағындағы Харг портына жеткізіп береді. Екі ел үшін мұнайдан кейінгі ең маңызды өнім – бидай. 2010 жылы Каспийдің Иран жағалауындағы Амирабад портында екі ел бірігіп салған бидай терминалы қазақстандық Ақтау портында бұрыннан бар терминалдың өткізу қуатын бірнеше рет ұлғайтып жіберді.
Биыл Қазақстан мен Иранды бір-біріне жалғайтын Өзен-Гызылгая-Берекет-Этрек-Горган маршруты бойынша тартылып бітеді деп хабарланған темір жол бұл екі елдің нарығын бұрын-соңды болмаған жағдайда жақындата түсуі мүмкін. Орталық Азия елдерінің өзара келіспеушілігінің кесірінен салынуы кешуілдеп келген бұл жоба биыл жүзеге асатын болса, барлық экономикалық заңдылықтарға сәйкес тауар тасымалы күрт ұлғайып, баға әжептәуір арзандауға тиіс. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ирандық әріптесі Хассан Роуханимен (Хасан Рухани болып та жазылады – ред.) Астанадағы кездесуі кезінде ең әуелі дәл осы темір жол жобасының талқыланатынын айтқан.
Сол себепті де Қазақстан мен Иран келіссөздері кезінде саясаткерлер экономикалық прагматизм тілінде ғана сөйлейді. 2002 жылы журналист ретінде, 2009 жылы дипломат ретінде Иранның рухани жетекшісі аятолла Хаменеидің резиденциясына шақырылғанымда естіген оксиденталистік сарын (антибатыстық көзқарас) мен Батыс һәм Шығыстағы «дін жаулары» туралы риториканы Астанада құлағым шалмас еді. Өйткені пост-советтік автократия болсын, цензурашыл синкретикалық теократия (діни-саяси режим) болсын экономикалық мұқтаждықты сезінген кезде, барлық идеологиялық ұрандарын ысыра тұрады.
Айтпақшы, Астанадағы кездесуде өзін жер-әлемдегі шииттердің қорғаушысы ретінде танытатын Тегеран Қазақстандағы аз санды шииттердің құқығы туралы сөз қозғамайды, ал өзін дүниежүзі бойынша сырттағы диаспора өкілдеріне ерекше қамқорлық жасаушы етіп көрсететін Астана да Иранның солтүстік-шығысындағы қазақтар үшін неге әлі бір де бір бастауыш мектебі ашылмағаны туралы мәселе көтермейді. Бұл да экономиканы маңыздырақ деп білетін екі ел билігінің арасындағы «жарасым мен достықтың» бір көрінісі.