Көз алдымызда өткен мәжіліс және жергілікті мәслихаттар сайлауы жөнінде біраз материал оқыдым. Байқағаным, бәрі де еш шабытсыз, үмітсіз, құр деректер тізбегі ретінде ғана жазылған. Содан-ақ байқауға болады сайлау мәселесі бізді – қазақ елі тұрғындарын қаншама жалықтырғанын.
Енді жалықтырмағанда қайтеді, қай деңгейдегі сайлау болмасын, бізде бәрібір билік өкілдері және билік партиясы ұтады. Сонда ондай сайлаудың керегі қанша? Оған соншама зор, миллиардтаған теңге жұмсаудың қажеті қанша? Бізде сайлауды о бастан билік ұйымдастырады: Орталық сайлау комиссиясын да ұйымдастыратын – сол, сайлау учаскелерін бөлетін де – солар, бұқаралық ақпарат құралдары да тек солардың қолында.
Оппозициялық партиялардың мүмкіндіктері өте шектеулі. Оларда ақпарат құралдары да бірен-саран және ылғи да жабылып қалып жатады. Және, ең қиыны, оппозициялық күштердің арасында бірлік те жоқ. Мұндай жағдайда тең дәрежеде билікпен қалай бәстесуге болады?
Әрине, бұл сайлауда да 82% дауыс жинап билік партиясы «Нұр Отан» жеңіске жетті, оған сәл ғана ілесе алған - «Ақ жол» партиясы мен Қазақстанның коммунистік халық партиясы. Олар ең мықтағанның өзінде жеті-ақ пайыз дауыс жинаған. Осыдан-ақ өткен сайлаудың стратегиясы Ақ Ордада дайындалғаны көзге ұрып тұр. Біріншіден, сайлау Наурыз мейрамымен сәйкестендіріліп өткізілген. Өйткені мейрамға асыққан халық оп-оңай ақ дауысын бере салады. Екіншіден, мәжіліске сайлау жергілікті мәслихаттарға сайлаумен бірге өткізілсін делінген. Мұнда мәселе сайлауға жұмсалатын қаржының үнемделуінде емес. Әр аймақта, облыста, жергілікті орындарда сайлауға халықты жаппай жұмылдырып, барынша қомақты нәтижеге жетуде. Біздің билік нақты істің емес, соның сыртқы нобайын өзіне икемдеуге әбден шебер боп алған.
Болмаса бұл сайлаудың ең қызығы – бұл кезектен тыс сайлау. Сайлауға сонша жау шапқандай асығатындай не боп қалып еді біздің саясатта? Ресеймен болса да жақсымыз. Қытаймен одан да жақсымыз. Америка да бізге көзін алартып жатқан жоқ! Демек, бұл тек ішкі мақсаттан туған нәрсе. Сонда ол қай мақсат? Мүмкін, ескі мәжілісте белгісіз қарсы топтар күшейе бастады ма? Бәлкім, тіпті, кей топтардың жоғарғы билікке ілтипаты бәсеңдей бастады ма? 25 жылдық егемендік заманында туған тұтас бір ұрпақ пайда болды, егер оларды көтерсең, шексіз ілтипатты болатын солар емес пе?
Сонымен, бұл Ақ Орда жағынан өте жақсы ұйымдастырылған сайлау болды. Бірақ бұл халық пен биліктің арасының тым алшақтап кеткенін көрсеткендей. Қазір халқымызға бәрі де бәрібір боп кетті. Демек, біздің қоғам азып жатыр, рухани тығырыққа тіреліп тұр. Сайлаудың нәтижесі деп ең болмағанда осыны мойындайық. Алайда үміт тудыратын бір саңылаулар да ашылған секілді. Мысалы, топырлатып артық бюллетень тастаған заң бұзушыларды видеоға түсіріп көрсететін болдық. Бұл – қатардағы бақылаушыларымыздың бастамасы. Демек, қазіргі проблема – сайлаудағы байқаусыз өтіп кететін артық бюллетендер. Бұл үрдіс сайлаудың бәсекелестігін жоғалтады, жергілікті тұрғындарды қуыршақ деңгейіне дейін түсіреді, сайлаудың өзін құр манипуляцияға айналдырады. Яғни мұндай көріністерді аяусыз әшкерелеу керек, болдырмау қажет. Ал оны қалай істейміз?
Бізге енді электронды құралдар арқылы дауыс беруге көшу қажет. Әйтеуір әдеттегі керітартпалық пен бойкүйездігімізді тек жаңа технологиялар арқылы жеңе алатынымызға сенемін. Сонымен қатар, әрине, саяси белсенділігімізді арттыруымыз керек. Бәріміз бір бірімізбен қызу пікірталаста болғанымыз жөн. Ол үшін ашық майдан болмаса да майданға ұқсас, бірақ өркениетті жерлерде топтасқанымыз жөн. Өйткені билік әр сайлауды ұйымдастыру үшін оны көп жылдар бұрын ең мықты шетелдік мамандарды шақырып, алдын ала ойластырады. Мұндай жағдайды болдырмау үшін бүкіл газет-журналдарымызды, түрлі сайттарымызды саяси трибунаға айналдыруымыз қажет. Егемендік, оның қажеттігі күнбе күнгі судың сұрауындай болғанда ғана жүзеге асады.