Accessibility links

Қазақстанда азан дауысына шағымданушылар бар


Азаншы. (Көрнекі сурет)
Азаншы. (Көрнекі сурет)

Алматы тұрғыны мешіттегі азанның дауысына байланысты шағымданды. Ал дін істері агенттігі азанның дыбыс деңгейі нормативтік құжаттар бойынша реттелетінін айтты.

Алматы қаласындағы «Таулы қырат» ықшам ауданында тұратын Олеся Корочко осы ауданда тамыз айында ашылған жаңа мешіттен алғашында азаншының дауысы өте қатты шығып, тұрғындардың ұйқысына кедергі келтіргенін айтады.

Оның сөзінше, аудан әкімінің блогына шағым жазғаннан кейін ғана мешіт азан дыбысы бәсеңдеген.

– Түнде дауысы өте қатты шығатын. Бұған иттер де қосылады. Милицияға хабарласып едім, «әкімге барыңыз» деді. Сосын әкімнің блогына жаздым. Сол әсер етті ме, білмеймін, бір аптадан кейін мешіт дыбысын кәдімгідей бәсеңдетті. Қазір азан шақырады, бірақ кедергі жасамайды, – дейді Олеся Корочко.

​Ол сөз арасында «бұл өте нәзік діни мәселе екенін түсінемін, жалпы азан әуеніне еш қарсылығымыз жоқ» деген пікірін қоса кетті.

Мешіттердегі азан дыбысын бәсеңдетуге қарсы адамдар да бар. Алматы қаласының тұрғыны Әли Қалихан «Қазақстан халқының басым бөлігі мұсылман болғандықтан көптің пікірімен санасқан дұрыс» деп есептейді.

– Менің пікірімше, азан дыбысын бәсеңдетудің қажеті жоқ. Оның нақты мағынасын білмесем де, адамды дұрыс жолға шақыру деп білемін. Көшеде шу көп қой. Мысалы, дискотекаларда, мейрамханаларда адамдар шулап, билеп жатады. Оларды тыймай, азанды тыю деген ақылға сыймайды, – дейді ол.

ДІН АГЕНТТІГІ ШАҒЫМДАНУҒА КЕҢЕС БЕРЕДІ

Азанға қатысты шағымдар Қазақстандағы мемлекеттік органдар сайттарында да жарияланған. Өзін «Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласының тұрғыны Надира Яханова» деп таныстырған қолданушы тамыздың 29-ы күні дін істері агенттігінің басшысы Қайрат Лама Шарифтің блогында «мешіттердің дауысы мазасын алып, құқығын бұзатынын» айтқан.

Қазақстан дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф. Алматы, 4 наурыз 2013 жыл.
Қазақстан дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф. Алматы, 4 наурыз 2013 жыл.
Ал Қайрат Лама Шариф «бұл мәселелер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) құзыретіне кіретінін» ескертіп, бірақ бұған қатысты бас прокуратурадан құқықтық түсініктеме сұрағанын да жазған.

Бас прокуратураның түсініктемесіне сүйенген агенттік денсаулық сақтау министрлігінің шу деңгейі мен инфрадыбыстарға қатысты гигиеналық нормаларына сілтеме жасайды. Ол норма бойынша, түнгі сағат 11 мен таңғы 7-ге дейін тұрғын үй бөлмелеріне естілетін шудың деңгейі 30-45 децибел аралығында болуы тиіс. Агенттік шағымданушыға «азаматтық құқығы бұзылуына байланысты ішкі істер органдарына, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық басқармаға немесе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына өтініш жазуына» кеңес берген.

Дін істері агенттігінің бас сарапшысы Балғабек Мырзаевтың айтуынша, бұл мәселеге қатысты агенттікте ешқандай шектеуші өкілет жоқ.

– Егер азаматтардың шағымы болса, жергілікті атқару органдарына барып шағымданса, оларды тексереді. Ең дұрысы – мешітпен келісіп шешкені. Бұл соншалықты үлкен проблема емес деп ойлаймын, – дейді ол.

ҚМДБ ШАҒЫМ ТҮСПЕГЕНІН АЙТАДЫ

ҚМДБ-ның бөлім жетекшісі Смайыл Сейітбековтің сөзінше, елдегі мешіттер мүмкіндігінше дыбыс деңгейіне байланысты заң талаптарын орындауға тырысады.

– Біз ислам республикасында емес, зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз ғой. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты қарастырамыз. Заң талаптарының шеңберінен шықпауға тырысамыз. Бірақ әзірге азаматтардан ешқандай шағым түскен жоқ, – дейді ол.

Петропавл қаласындағы мешіт. (Көрнекі сурет)
Петропавл қаласындағы мешіт. (Көрнекі сурет)
Оның айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын азанға байланысты Петропавлда дау туындаған, содан кейін басшылық тарапынан заң талаптарының нормасымен жүрейік деген ұсыныс болған.

Смайыл Сейітбековтен Алматыдағы Орталық мешітте айтылатын азан деңгейін сұрағанымызда:

– Нақты өлшеуіш құрал апарып тексеріп көрмеппіз. Бірақ ондағы азанның дыбысы орташа деңгейде, – деп жауап берді.

Қазақстанда азан дыбысының деңгейіне байланысты шағым бұдан бұрын да айтылған. 2011 жылы дін істері агенттігі төрағасы Қайрат Лама Шариф «ҚМДБ аймақтағы ресми өкілдіктерімен сөйлесіп, мешіттердегі дауыс зорайтқыштардың дыбыс деңгейін азайтуға кеңес еткенін» мәлімдеген. Ол «шағым азан туралы емес, таңертең азан шақырғандағы қатты дауысқа байланысты» екенін де ескерткен.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG