Accessibility links

Министр келген ерте құрылтайда бас мүфти "сайланды"


Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының сегізінші құрылтайы. Алматы. 8 желтоқсан, 2017 жыл.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының сегізінші құрылтайы. Алматы. 8 желтоқсан, 2017 жыл.

Бүгін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының (ҚМДБ) Алматыда өткен сегізінші құрылтайында бұрынғы наиб-мүфти Серікбай Ораз бірауыздан бас мүфти болып сайланды. Оның кандидатурасын бұған дейін бас мүфти болған Ержан Малғажыұлы ұсынды. Әдетте бес жыл сайын өтетін діни басқарманың бұл құрылтайы осы жолы бес жылға толмай ерте өткізілді.

2013 жылы ақпан айында өткен жетінші құрылтайда Қазақстанның бас мүфтиі болып сол тұста Семей қалалық мешітінің имамы болып жүрген Ержан Малғажыұлы сайланған еді. Бас мүфтилік қызметте бес жылға жетер-жетпес уақыт қана отырған ол «қызметтен өз еркімен кетіп бара жатқанын, бес жылдың өтуін асыға күткенін» айтты.

ВИДЕО: Бас мүфтиді кітапханада сайлады.

Жаңа мүфти сайлауға министр қатысты
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:57 0:00

- Біле білген адамға бұл - ауыр жүк, үлкен аманат. Расында да осы аманатты бес жыл қашан толады екен деп арқалап жүрдім. Осыны Алла нәсіп еткен адамға тапсырып берейін деген ниет болды. Соған шешім қабылдадым. Бұл жерге келетін адам да Алланың қалауымен келетінін білесіздер, - деген Ержан Малғажыұлы бас мүфтилікке өзінің орынбасары болған Серікбай Оразды ұсынды.

Құрылтайға шақырылған делегаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, қолдарындағы мандат қағаздарын көтерді. Кейін Серікбай Ораздың бас мүфти болып сайланғанын хабарланған кезде жиналғандар «Аллахуакбар!» деп ұранасты.

Серікбай Ораз - мүфтиятқа келгенге дейін елдің бірнеше аймағында діни қызметтер атқарғанымен қоса, Алматы қалалық әкімдігі діни бөлімінің сектор меңгерушісі, мемлекеттік қызмет агенттігінің аға қызметкері, Астана қаласы әділет департаменті діни істер бөлімінің бас маманы, президент іс басқармасының әкімшілік ғимараттар дирекциясының директоры тәрізді мемлекеттік қызмет сатыларынан өткен адам.

Жаңадан сайланған бас мүфти журналистердің алдында өзінің бас мүфтилікке сайлануын ҚМДБ президиумының шешімі ретінде түсіндірді.

Жаңа сайланған бас мүфти Серікбай Ораз. Алматы, 8 желтоқсан 2017 жыл.
Жаңа сайланған бас мүфти Серікбай Ораз. Алматы, 8 желтоқсан 2017 жыл.

- Мен өзімді орынбасар ретінде, көмекші ретінде жақсы сезінемін. Бірақ шешім мен ұсыныс осындай болғандықтан мен қазіргі бес жыл кезеңіндегі алдымызға қойып отырған барша бастамаларды онан ары қарай дамыту жолында қызмет етемін, - деді.

Құрылтай аяқталған соң Серікбай Ораз журналистерге Ержан Малғажыұлының Алматыдағы қазақ-египет "Нұр-Мүбарак" ислам университетіне басшылық қызметке кететінін, білім саласына қызмет етуге сұранғанын айтты.

Серікбай Ораз - Қазақстанның төртінші бас мүфтиі және ҚМДБ-ның төртінші төрағасы. Бұған дейін бас мүфти-ҚМДБ төрағасы қызметтерін совет дәуірінің діни кадры Рәтбек Нысанбайұлы, совет кезінде ғылыми диссертация қорғаған профессор Әбсаттар Дербісәлі және діни қызметкер Ержан Малғажыұлы атқарған. Рәтбек Нысанбайұлы мен Әбсаттар Дербісәлі қатарынан бірнеше мерзімге бас мүфти болса, Ержан Малғажыұлы бұл қызметті бар болғаны бір ғана мерзім атқарып, мезгілсіз қызметінен босап отыр. Бүгінгі құрылтайға былтыр құрылған Діни істер және азаматтық қоғам министрлігінің басшысы Нұрлан Ермекбаев қатысты. Қазақстанда дін мемлекеттен бөлек деп саналады.

XS
SM
MD
LG