Accessibility links

"Правдивая газетаның" алғашқы тиражы тәркіленді


"Правдивая газетаның" 24 сәуір күні шыққан бірінші саны (Сурет редакциядан алынды)
"Правдивая газетаның" 24 сәуір күні шыққан бірінші саны (Сурет редакциядан алынды)

Газет қызметкері Мадия Төребаеваның айтуынша, басылымның баспадан шыққан 1200 данасын сәуірдің 24-і күні таңғы сағат 9-да ішкі саясат басқармасының қызметкерлері тәркілеген.

- Газетті тәркілеу туралы хаттамада Алматы қаласы ішкі саясат басқармасы ақпараттық саясат және БАҚ мониторингі бөлімінің бастығы Бақытжан Ақжаровтың қолы қойылған. Хаттамада газет тәркіленуінің басты себебі ретінде «басылымның тұрақты шығу мерзімі жоқ» деп көрсетілген, - дейді Мадия Төребаева.

«МАТЕРИАЛДАР СЕБЕП БОЛУЫ МҮМКІН»

Журналистің сөзіне қарағанда, газетті тарату бөлімінің қызметкерлері мен күзетшілері сәуірдің 24-іне қараған түні баспахана маңында штаттық киімдегі адамдар жүргенін және олар өздерінен газеттің қай уақытта шығатынын сұрағанын айтқан.

- Ал таңертең (сәуірдің 24-і күні – ред.) дайын хаттама алып келіп, газетті алып кетті. Газет редакциясы басылымды тәркілеуге онда жарияланған материалдар да себеп болуы мүмкін деп отыр, - деді газет қызметкері Азаттық тілшісіне.

Мадия Төребаева қоғамдық-саяси газеттің (иесі және бас редакторы – Әлия Исмағұлова) алғашқы санында Заманбек Нұрқаділовтің кітабының үзіндісі, Ғазиз Алдамжаровтың сұхбаты және сәуірдің 27-cі күні Алматыда жоспарланған қарсылық күніне орай өткізілетін митинг жайлы материал жарияланғанын айтты.

«САЯСАТҚА ЕШ ҚАТЫСЫ ЖОҚ»

Журналист Мадия Төребаеваның сөзінше, басылымының екінші саны мамыр айының басында шығады.

- 24 сәуір күні түстен кейін әкімшілік сот болып, газет редакторы Әлия Исмағұловаға 34 мың теңге (20 АЕК) айыппұл салып, басылымның бірінші санын заңды түрде тәркілеуге шешім шығарды, - деді ол.

Алматы қаласы ішкі саясат басқармасы ақпараттық саясат және БАҚ мониторингі бөлімінің бастығы Бақытжан Ақжаров "басылымның айыбы сотта толық дәлелденгенін" айтты.

- Газеттің шығу, басылу уақытында қателік болған. Яғни газеттің нақты шығатын уақыты, шығу мерзімділігі көрсетілмеген. Газет редакторы сот шешімімен келісті. Бұл шешім басылымның тек бірінші санына қатысты шықты. Егер алдағы уақытта кеткен қателіктерді қалпына келтірсе, газетті қайта шығаруға болады. Бұл басылымның тәркіленуі мен сот шешімі саясатқа еш қатысы жоқ, - деді ол.

Алматыда бұдан бұрын, 2012 жылы қарашада жабылып қалған оппозициялық "Взгляд" газетінің журналистері басып шығарған "Не взгляд" газеті де тәркіленген еді. "Взгляд" газеті бас редакторының орынбасары болған Олеся Щелкованың айтуынша, сот орындаушылары 99 дана тиражбен басып шығарылған газетті журналистер "Заңғар" маңындағы дүңгіршектерге тарата бастаған кезде тәркілеп әкеткен.

Ал былтыр қазанның 24-і күні Жаңаөзен полициясы «Голос республики» және «Правда Казахстана» газеттері тиелген көлікті тоқтатып, бұл газеттерде «экстремизмнің белгілері болуы мүмкін» деген күдікпен бәрін тәркілеп алған.
XS
SM
MD
LG