Accessibility links

Қазақстандық БАҚ Каримов жайлы не жазды?


Өзбекстан президенті Ислам Каримов және оның науқастанып жатқаны туралы жазған қазақстандық басылымдар. Алматы, 2 қыркүйек 2016 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов және оның науқастанып жатқаны туралы жазған қазақстандық басылымдар. Алматы, 2 қыркүйек 2016 жыл.

Ресми Ташкент Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің хал үстінде жатқанын, ал Reuters агенттігі оның қайтыс болғанын хабарлады. Қазақстанның «бас» ресми басылымдары Каримовтің сырқаты жайлы аз жазған немесе мүлде ештеңе жазбады.

Өзбекстан министрлер кабинеті қыркүйектің 2-і күні ел президенті Ислам Каримовтің инсульт алғаннан кейінгі жағдайы ауыр екенін мәлімдеді. Ал жұма күні Reuters ақпараттық агенттігі дипломатиялық дереккөздеріне сілтеме жасап, "Өзбекстан президенті Ислам Каримов қайтыс болды" деп хабарлады.

Өзбек үкіметі Ислам Каримовтің ауруханада жатқаны туралы ресми мәлімдеме таратқан 28 тамыздан бері қазақстандық кей БАҚ-тарда Каримов қайтыс болды деген қауесет тараған болатын. Қазақстандағы жеке меншік кей БАҚ-тарда Ислам Каримовтің жай-күйі жайлы «қартайған әміршілер» деген жалпы тақырыппен атауға болатын сараптамалық мақалалар шықты.

«КАЗАХСТАНСКАЯ ПРАВДА» МЕН «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН»

Ислам Каримовтің жай-күйі туралы мұндай хабарлар тарап жатқан тұста Қазақстанның «бас» БАҚ-тары қандай позиция ұстанғаны назар аударады. «Казахстанская правда» мен «Егемен Қазақстан» газеттері Астананың негізгі ресми жаршылары екені жұртқа мәлім. Кешегі күнге дейін «Егемен Қазақстан» газетінен Ислам Каримовтің сырқатына қатысты бір де бір ақпарат кездеспеді. Каримовтің «хал үстінде екені туралы» өзге басылымдар жарыса жариялап жатқан ақпарат газеттің Egemen.kz сайтынан тіпті бүгін де табылмады.

«Казахстансая правда» газеті тамыздың 28-і күні «Өзбекстан Тәуелсіздік күніне орай жоспарланған салтанатты шараларды өткізуден бас тартты» деген хабарлама жариялады. Бүгін Kazpravda.kz сайты «Өзбекстан үкіметі Ислам Каримовтің хал үстінде екенін хабарлады» деп жазған.

Каримовтің ауыр сырқаты жайлы кешегі күнге дейін үндемеген «24.kz» бүгін «Өзбекстан министрлер кабинеті Ислам Каримовтің ауыр халде жатқанын хабарлады» деген жаңалық жариялады.

«НЕГІЗГІ» РЕСМИ ЕМЕС БАҚТАР

Қазақстан нарығындағы жеке меншік БАҚ-тар арасында Каримов тақырыбын көбінесе «Караван» мен «Время» газеттері, Ratel.kz сайты қозғады.

Үшеуінің ішіндегі ең егдесі - «Караван» газеті бүгінгі санында Ислам Каримов тақырыбына қырғызстандық саясаткер Дмитрий Орловтан тілші Айгүл Омарова алған сұхбатты жариялаған. Ол «мұрагері кім болса да, Каримовтен осал болмауы тиіс» деп мәлімдеген.

Бұған дейін «Караван» газетінің сайты - caravan.kz бірнеше мақала жариялаған. Олардың ішінде тамыздың 30-ы күні өзге БАҚ-тарға сілтеме жасалған «Президент Каримов 79 жасқа қараған шағында дүниеден озды» деген хабарламасы бар. Бірақ келесі күні – тамыздың 31-інде сайт «өзбекстандық БАҚ-тар Каримовтің қазасын растамады» деп хабарлаған.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің суреті салынған биллборд. Ташкент, 21 желтоқсан 2007 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің суреті салынған биллборд. Ташкент, 21 желтоқсан 2007 жыл.

Тамыздың 29-ы күні «Время» газеті «Ислам Каримовтің өмір жолы» деген анықтамалық ақпарат жариялады. Сол күні газет «Ислам был, Ислам есть. А кто будет?» деген тақырыппен мақала, ал 31 тамызда ҚазТАГ-тың «Ташкентте Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік ресми шаралардан бас тартты» деген хабарламасын жариялаған.

Ratel.kz сайты Ислам Каримовтің ауруханаға түскені жайлы тақырыпқа 10-нан аса мақала мен ақпараттық хабарлама арнаған. Олардың ішінде Ислам Каримов мұрагерлерінің бірі ретінде аталатын «Өзбекстан үкіметінің вице-премьері Рустам Азимов үй қамағына алынды» («Взят под домашний арест вице-премьер правительства Узбекистана Рустам Азимов») деген ECHO.MSK.RU сайтынан алған мақала да бар.

Ratel.kz сайтында ҚазТАГ-тың «Нұрсұлтан Назарбаев Ислам Каримовті Өзбекстан тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады» деген кешегі жаңалығы жүр. Мұнда «БАҚ-тың хабарлауынша, сенбі күні Назарбаев Өзбекстанға ұшып бармақ» деген жаңалық та бар.

Ал zakon.kz сайты бүгін «БАҚ-тың хабарлауынша, Ислам Каримовті жерлеуге дайындық жүріп жатыр» деген жаңалықты жариялаған.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлар тұстағы ауыр сырқатына қатысты көптеген жорамал, қауесет тарады. Қыркүйектің 1-і күні кешкісін ҚазТАГ агенттігі «Назарбаев Каримовті Өзбекстан тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады» деген жаңалық таратқан.

Ислам Каримов Өзбекстанды 1989 жылдан - Өзбек ССР коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болған кезден бері басқарып келеді. Ол 1990 жылы наурыздың 24-і күні Өзбек ССР-і Жоғары кеңесі сессиясында Өзбекстан президенті болып сайланған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG